...Семей педагогикалық институтының (қазіргі Шәкәрім атындағы университет) филологиясында сырттай оқып жүрген жігіт алғаш еңбек жолын өзі орта білім алған Лебяжі (қазіргі Аққулы) ауданы Қызыләскер ауылындағы Сатыбалдин атындағы мектепте бастаған. Осы мектепте оқып жүрген кезінде тіл мен әдебиетке деген құштарлығының артуына себепші ұстазы Айдарбек Махмұтов болса, бұл құштарлық институт қабырғасында қазақтың аса көрнекті ғалымы Қайым Мұхамедхановтың дәрістерімен еселене түседі. Тұрсекең көркем сөзге ынтызарлығының оянуына түрткі болған, болашақ өміріне бағдар берген осы екі тұлғаны әрдайым ыстық ықыласпен, ерекше ілтипатпен еске алады.

Жас ұстаздың көркем әдебиетке талпынысы мен сүйіспеншілігінен туған алғашқы жырлары сол тұстағы аудандық, облыстық басылымдарда жиі жарияланатын болған. Шығармашылық қабілетінің зор, әлеуетінің мол екенін байқаған ел ағалары өзара ақылдасып, Тұрсекеңе тың ұсыныс тастайды.

- 1961 жылы Лебяжі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Темірболат Шарапиденов шақырып: «Балам, өзің осы елдің тумасысың, жергілікті азаматсың. Шығармашылыққа деген қарым-қабілетіңді байқап, естіп жүрміз. Біздің аудандық газетке жаза алатын адам ауадай қажет, сондықтан сенің редакцияға жұмысқа келгенің дұрыс деп ұйғарып отырмыз. Осындағы ағаларыңнан тілшілік қызметтің қыр-сырын тез арада-ақ үйреніп кетесің ғой. Қалай қарайсың осыған?» - деді. Ел басшысы талабым мен талпынысымды танып, ұсыныс жасап отырса, несіне тартынамын деп ойладым да, мектептегі оқу жылым аяқталмай-ақ аудандық газетке әдеби қызметкер болып қабылдандым. Журналистік қызметке кіріскен кез келген тілші өзінің ең алғашқы жазбасын есінен шығармайтын болар деп ойлаймын. Тілшілік жұмысқа кіріскеніме бір апта өткенде редакторым, Баянауылдың тумасы Төлеубек Құлмағанбетов шақырып: «Саған тапсырма бар, мұқият тыңдап ал. Орталықтан он бес шақырым жерде Бесқарағай асыл тұқымды қой заводы орын тепкен. Естуің бар шығар. Тапсырма мынау - осы шаруашылықтан айқарма көлемінде материал дайындап әкелесің. Мәлімет-деректерге өте мұқият бол», - деді. Басылым жұмысына жаңа келген мен үшін «айқарма» деген сөздің өзі беймәлім еді. Әйтеуір мол ғып материал жасауым керек екенін топшыладым да, Бесқарағайға тартып кеттім. Сол тұста күллі Одаққа аты мәлім, бір өзінен үш бірдей Еңбек Ері шыққан асыл тұқымды шаруашылықта екі күн жүріп, редактордың тапсырмасын тап-тұйнақтай орындауға бар күшімді салдым. Тілшілік қоржынымды толтырып, кері оралып, «айқарма» жазуға отырдым. Мен үшін бұл үлкен сынақ еді. Ағыл-тегіл мәлімет-деректің тігісін жатқызып, оларды жазбаның өң-бойына қиюын келістіре орналастыру, етек-жеңі жинақы мақала тудыру, сөздер мен сөйлемдерді дұрыс үйлестіру оңай шаруа еместігін енді ұққандай болдым. Не керек, журналистік алғашқы жұмыс сапарым болған Бесқарағай шаруашылығы туралы жазбамды тәмамдап: «Не дер екен? Қалай бағалар екен?» деп, имене отырып редакторыма ұсындым. Арада бірер күн өткен соң редактор өзіне шақырып: «Талабың зор екен. Дайындаған мақалаң жақсы, жарайсың! Бұл саланы алып кетеріңді аңғарғандықтан, сені бүгіннен бастап ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындаймын», - деді. Осылайша, менің журналистік жұмысымның қызығы мол жолы басталып кетті, - деп еске түсіреді Тұрсынбай ағаның өзі.

Тұрсекең журналистік салаға табаны күректей қырық жыл өмірін арнады. Туып-өсіп, еңбек жолын бастаған Аққулы елінен Павлодар қаласына ауысып, облыстық телевизия және радио комитетінде, өңірдің қабырғалы басылымы «Қызыл Ту» - қазіргі «Сарыарқа самалы» газетінде жемісті еңбек етті. Қай ұжымда болса да, қай ортада жүрсе де міндетіне аса жауаптылықпен қарап, іскерлікпен, сабырлы мінезімен, ұстамдылығымен көзге түсе білді. Бұл туралы бірге еңбек еткен әріптестері де, жасы кіші бауырлары да құрметпен айтады.

- Мен 1969 жылдың қатарында облыстық телевизия және радио комитетіне қазақ редакциясына редактор болып жұмысқа кірдім. Комитеттің төрағасы Хамза Тоқапнов еді. Көптеген жаңа хабарларды жасауға талпындық. Әсіресе, әдеби-сазды бағыттағы «Майра» бағдарламасы қазақы көрермен арасында жоғары қызығушылыққа ие болды. Оған облыстағы таңдаулы көркемөнер-паздар үйірмелері, ән-күй ансамбльдері, жекелеген өнер саңлақтары, жергілікті таланттар қатысатын-ды. Бағдарламаны ай сайын дайындауға режиссер Әнуар Қалиев көп еңбектеніп, ізденді. Жалпы, «Майра» бағдарламасы жұртшылықтың сүйікті, мазмұны тартымды хабарына айналды. Бұған журналистер Айтбай Мұздыбаев, Рахат Балтабаевтармен бірге өзім де үлес қосқанымды әрдайым мақтан етемін. Осы бағдарламаның негізінде қазақ халқының біртуар тұлғалары Жаяу Мұса, Бұқар жырау, Жарылғапберді, Мәди, Естай жайында құнды хабарлар дайындалды, - деп еске алады Тұрсынбай аға телеарнадағы қызметі туралы. Облыстық газеттегі жұмысы туралы да Тұрсекең айрықша ықыласпен әңгімелейді.

- Менің журналистік нағыз шыңдалу, өсу мектебім «Қызыл ту» газеті болды. Талай таланттарға қанат қақтырып, шығармашылық жолға салған қара шаңырақта жиырма жылға таяу жұмыс атқардым. Алғашында ауыл шаруашылығы және мәдениет бөлімдерінде әдеби қызметкер болсам, кейін 13 жыл бойы редакцияның оқырмандармен байланыстырушы, табыстырушы күре тамыры іспетті күрделі бөлімдерінің бірі – еңбекші хаттары және бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі міндетін атқардым. Бөлімнің басты мақсаты – жергілікті тілшілер мен газеттің штаттан тыс авторларын көбірек тарту, олардың редакциямен қарым-қатынасын нығайту. Редакцияда өткен жиырма жыл ішінде мен үш редактормен қызметтес болдым. Олар – Сұбыхан Шошанов, Балтабай Сейсенбеков, Әлқожа Мұхамеджанов. Әрқайсысының басқару, ұйымдастыру әдіс-тәсілдерін, іскерлік, адамгершілік, қаламгерлік қабілеттерін танып, ажырату қиынға соқпайтын. Газеттің басты сыншысы – халық, оқырман. Сондықтан да лайықты бағасын беретін де - халық. Әбдеш Баймұрзин, Бақи Әбідқадыров, Жылқайдар Қарпықов, Төлеубек Қоңыров, інілеріміз Өскенбай Тастемханов, Бақыт Баймұратов, Ғалымбек Жұматов сынды азаматтармен қоян-қолтық еңбек ету зор бақыт еді ғой кімге де болсын, - дейді Т.Ибадуллин.

Ардагер ақсақал Тұрсекең мен зайыбы Гүлшара – дүниеге Асқар, Қаныш, Теміртас, Қарагөз, Гүлмира есімді бес перзент әкеліп, оларды өсіріп-өндіріп, қатарға қосқан ұлағатты ата-ана. Қазіргі күні қадірлі ата мен әже осы балаларынан он немере, екі шөбере сүйіп отыр. Тұрсекең Гүлшара жеңгемізбен алғаш таныстығының өзін жырдай етіп айтады.

- Мен Лебяжі аудандық газетке шақырылып, жұмысқа алынғанда Ахметжан Бәйкенов деген азаматтың үйінде тұрдым. Бұл кісінің маған да, жеңгелерің Гүлшараға да ортақ жақындығы бар. Алғаш біз сол үйде таныстық. Бұл 1961 жыл болатын, - деген тұста әңгімеге жеңгеміздің өзі араласты:

- Иә, Тұрсекең тұрақтаған үйдің иесі Ахметжан аға екеуімізге де ортақ жақындығы бар адам болып шықты. Менің жеңгемнің нағашысы. Сол кезде мен Павлодар қаласындағы Абай атындағы мектепте оқып жүрген едім. Каникулда Лебяжіге, Ахметжан ағаның үйіне қыдырып барғанмын. Тұрсекеңді алғаш сонда көрдім. Ахметжан ағаның Қисамиден деген ұлы болды. Өкінішке қарай, өмірден ерте озып кетті. Ол кісі Тұрсынбайды Қисамиденге қатты ұқсатып, ерекше жақсы көріп, елжіреп отыратынын білдім.

Осы тұста әңгіме тізгінін Тұрсекең қайта алды:

- Бір күні жұмыстан үйге оралсам, орта бойлы, бидай өңді, талдырмаш қыз жүр. Ахметжан ағаның туысы екен, мектептегі демалысын пайдаланып, ауылға қыдырып келіпті. Таныстық. Келер күні біз Ертіс жағалауын араладық, серуен құрып, сөз өрбіттік, жас болған соң сезім, махаббат тақырыбы қозғала береді ғой. Сөйлесе келсек, ойымыз бір жерден шыққандай болды. Не керек, бірімізді-біріміз ұнатып, сөз байластық. Қыз бейілді болғанымен, ата-анасы Павлодар қаласында тұрады, өзі әлі мектепте оқиды. Осыны ойлап, мазам әбден кетті...

Сезім, ынтықтық деген шіркін қойсын ба?! Ертісте еркін малтып, шынығып өскен жалынды жігіт қаланың ерке қызын мектепті тәмамдатпай-ақ ауылға алып қашқан! Мұны естіп, қыздың артынан қару асынып, қаһарына мініп, ағалары қуып келеді. Гүлшараға әбден сенімді болған Тұрсынбай аға-жеңгелерінен қаймықпай, «атсаң, ат, кессең, кес» дегендей қасқайған, қасарысқан тұрпат танытыпты. Соңында қыздың өзі бейілді, жігіт те осал емес екенін көріп-білген қуғыншылар сабаларына түсіп, арты тойға ұласқан.

Десе де, арада біраз күндер өткенде Тұрсекеңе облыстық комсомол комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Қанат Даржұман хабарласып: «Сенің мұның не? Мектептің оқушы қызын алып қашып, не бүлдіріп, не шулатып жүрсің!? Бұл бассыздық мәселеңді облыстық комсомол комитетінде қарайтын боламыз!» - дейді. Әрі жерлес, әрі туыстығы бар Тұрсекең Қанат Болатұлына сенімді жауап қатып: «Ұрыста тұрыс болмайды. Қарасаңдар қараңдар!» - депті.

Біраз уақыттан соң хатшы қайта хабарласып: «Жарайды, бүкіл ауданға аты мәлім Ибадолла атамның баласысың ғой, амал жоқ, бұл бассыз қылығыңа көз жұма қарауға тура келеді. Осымен доғарайық», - деп тұтқаны қоя салады.

Міне, кезінде әй-шәйға қаратпай, қаладан ауылға алып қашып, артынан мылтық алып қуып келген ағаларынан да қаймықпай қосылған жеңгемізбен алпыс жылға жуық түтін түтетіп отыр.

Тұрсекең: «Жас күнімде мен де оң-солыма қарамай өлең жаздым ғой. Өңірлік, республикалық басылымдарға жарияланды. Кейін өлең жазу менің ісім емес екенін ұғынып, доғардым» - дейді. «Жиырмаға дейін бәрі жазады, жиырмадан кейін не Ақын, не Ақымақ жазады» деген сөзді тағы есіме түсіріп, іштей күліп қойдым. Жас күнінде жазған, басылымға шыққан азын-аулақ өлеңдері мұқият сақтаулы екен. Тұрсекеңнің өзі: «Соншалықты өлең дейтіндей ештеңесі жоқ. Жастық жалынның әсері ғана ғой өлең жаздырған» дейді.

Махаббат – адалдық, мәңгілік,
Махаббат – қызғалдақ, сәнділік.
Махаббат – өмірдің тұрлауы,
Онсыз жоқ тіршілік, я бірлік, - депті бір сөзінде.

Бәрі де өткен күннің болар елес,
Келемін арман қуып, асып белес.
Туған жер, ұмытпаспын дәм-тұзыңды,
Еске алмау сені өмірде мүмкін емес, - депті «Туған жер» деген өлеңінде.

Тұрсынбай Ибадуллин ағамызды 80 жасқа толуымен құттықтаймыз. Ортамызда ақылшы ақсақал болып жүре беруін Алла нәсіп етсін!


Асыл ӘБІШЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.


Журналистика саласының ардагері,
ҚР Құрметті журналисі Тұрсынбай Ибадуллинге

Құрметті Тұрсынбай ата!

Биыл Сіз үшін шынымен де мерейлі жыл. Өзіңіз сексеннің сеңгіріне шығып отырсыз. Сондай-ақ, шығармашылық қызметіңіздің басталғанына 60 жыл толып отыр. Қазақ журналистикасының ақсақалы ретінде тұспа-тұс келген осынау қос мерейтойыңызбен шын жүріктен құттықтаймыз. Сізге және отбасыңызға зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз.

Сіз педагогика және журналистика саласында ұзақ әрі табысты жолдан өттіңіз. Павлодардың облыстық телеарнасында, қарашаңырақ - облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде 20 жылдан астам қажырлы еңбек еттіңіз. Қаламыңыздан шыққан материалдарыңыз қашанда өзектілігімен, тереңдігімен, кәсіби шыңдалған стилімен ерекшеленетін.

Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі атағына ие болғаныңыз еңбегіңіздің еленгені деп білеміз.

Сізге ұзақ ғұмыр тілейміз.

Құрметпен,
Сейітқазы МАТАЕВ, ҚР Журналистер одағының төрағасы,
Юрий ПОМИНОВ, ҚР Журналистер одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы.


Құрметті Тұрсынбай аға!

«Сарыарқа самалы» газетінің ұжымы Сізді 80 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтайды.

Сіздің облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің өркендеуіне қосқан үлесіңіз, тұтастай алғанда Ертістің Павлодар өңіріндегі журналистика саласының дамуына сіңірген еңбегіңіз өлшеусіз. Қалың оқырманның алғысын арқалаған ардагер қаламгер ретінде өзіңізді ізбасарларыңыз құрмет тұтады.

Биыл шығармашылық жолыңыздың басталғанына 60, шаңырақ көтергеніңізге 57 жыл толып, торқалы тойдың тиегін ағытыпсыз. Бұл той барша жақсылықтың бастауы болып, балаларыңыз бен немерелеріңіздің ортасында темірқазық қалпыңыздан таймай, өмірдің қызығына кенеліңіз. Өзеннің ағысындай, тұлпардың шабысындай, толқынның жарысындай өтіп жатқан әр жылыңыз жақсылыққа толсын.

Құрметпен, «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымы.

saryarka-samaly.kz