Бақытжамал МАКСИЛОВА, «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Тойдың басты мақсаты – аға буынның бата-тілегін алу. Өкінішке қарай, соңғы уақытта бұл мақсатты қаперден шығарып жатқандар көп. Шама-шарқына қарамастан, несие алып, берешекке белшесінен батып той жасайтындар бар. Аста-төк дастарқан жасаудан аулақ болып, көрпеге қарай көсілу керек. Бұл – бір. Екіншіден, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізге, төл мәдениетімізге жат «өнер» иелерін шақыруды жөн деп санамаймын. Керісінше, қонақтарды ортаға шығарып, олардың ән айтып, би билеп, өнер көрсетуіне жағдай жасау керек. Сөз жоқ, бұл тойыңыздың мәнді де сәнді өтуіне оң әсерін береді. Үшіншіден, ащы судан бас тартып, меймандарға қымыз бен шұбатты ұсынған дұрыс. Ата-анасы мен баласы бір тойда отырып, алкогольді сусындарды сіміріп отырса, бұл қандай тәрбие, қандай өнеге? Осы орайда тойханаларда ішімдікті қоюға шектеу енгізген артық болмайды деп санаймын. Қысқасы, ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан құндылықтарымызды сақтап, атаққұмарлық, ысырапшылдық, даңғазалықтан арылу керек. Сол кезде ғана той сән-салтанатымен өтеді.


Алмаз ХАСЕНОВ, асаба:

- Қазақта «бармасаң, көрмесең – жат боласың, алмасаң, бермесең – сарт боласың» деген сөз бар. Яғни, алыстағы ағайынды жақындатып, жақын-жұрағаттың жарқын жүздесуіне себепкер болатын басқосу – той. Сондықтан шақырылатын қонақтар санына шектеу қою қисынға келмейді. Ал тойдың уақытына келер болсақ, бұл істі мейрамханалар мен той иелері реттеуі керек сияқты. Айталық, осыдан біраз уақыт бұрын Ақсу қаласында «Азамат» деген тойхана болды. Мұндағы қызмет көрсету уақыты – түнгі 12-ге дейін ғана. Сондықтан той жасайтын ағайын қонақтарын ертерек шақырып, меймандар да айтылған уақыттан қалмауға тырысатын. Ал қазір мейрамханалар түнгі 2-3-ке дейін жұмыс істейді, сондықтан той иелері де, қонақтар да асықпайды. Егер тойханалар уақытты бір ізге келтіріп, «есікті 12-де жабамыз» десе, 13.00-ге шақырылған қонақтар сол уақытта келер еді.

Негізі, тәрбие тойына баланатын қазақтың тойларына шектеу қоя алмайсың. Тек оны ұйымдастыру барысына қатысты бірқатар өзгеріс енгізуге болады. Мәселен, өзіміздің өнер иелері бола тұра шетелдік жұлдыздарды шақыруға, өзімізде дәмі тіл үйіретін кондитерлік өнімдер әзірленсе де, сырттан тапсырыспен сатып алуға шектеу қойған дұрыс. Яғни, өзгенің қаңсығын таңсық көрмей, отандық жүргізуші, әнші, бишілер мен өнімдерді қолдау керек. Министрлік назарға алатын мәселе – осы.


Әділет ДУЛАТ, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Жаһандану заманында барлық дерлік салада бәсекелестіктің болуы – заңдылық. Бұл, әсіресе, той-бизнеске қатысты. Осы салада қызмет көрсетушілер де, той иелері де бір-бірінен асып түсуді қалап, түрлі жаңашылдықты енгізіп, заманауи құрал-дарды пайдаланады. Тіпті, жыл санап қонақ санының артып келе жатқаны байқалады. Оған дәлел – шағын мейрамханалардың бәсекелестіктің қысымына шыдамай, жабылып қалуы. Бүгінгі күні той иелері қонақ саны, мейрамхана, асаба, музыкалық нөмірлер, шоу-бағдарламалар – бәрімен де жарысқа түседі. Бәлкім, бұл дұрыс та шығар. Үйлену тойы адамның өмірінде бір-ақ рет болғандықтан, ештеңеден аянып қалмау керек. Себебі бұл – адамның өмірінде есте қалатын мәңгілік күн. Ал ол жас жұбайлардың ғана емес, меймандардың да жадында жатталып қалуы үшін қомақты қаржы жұмсауға тура келеді. Осының барлығын ескере отырып, той ұйымдастыруға қатысты тыйым немесе қандай да бір шектеу қою дұрыс емес сияқты. Керісінше, жыл санап кең сарайдай мейрамхананың салынып жатқанына, той ұйымдастырушылардың жаңалықтар енгізуіне, тойдың жоғары деңгейге көтерілуіне қуану керек. Өйткені бұл халықтың әл-ауқатының, еліміздің экономикасының жақсарғанын көрсететі.


«Алаңды» үйлестірген – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz