Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. Оның ең негізгісі - ұлттың терең тарихынан бастау алатын рухани ұстанымды сақтап қалу. Құндылықтарымыз бен озық дәстүрімізді табысты жаңғыртудың алғышартына айналдыра білу. Бұл ретте, Елбасы «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек», - екенін атап көрсетті.

Соған орай біздің өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда 6 арнайы жоба белгіленді. Бұл жобалар аймақтық «Рухани жаңғыру» жобалық офисі арқылы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. 2018 жылы облыстық реестрге 8,5 млрд.теңгенің 178 жобасы енгізілсе, оның 5,3 млрд. теңгесі демеушілерге тиесілі.

Павлодар облысының ішкі саясат басқармасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «ТОП-20» үздік жобаларды топтастырды. Олар мыналар:

1. 2018 жылы Павлодар қаласында «Ertis Promenade» жобасы іске асты. Ертістің төменгі жағалауында заманауи талаптарға сәйкес амфитеатр салынып, мұнда 1 маусымнан 2 қыркүйекке дейінгі аралықта кешкі мезгілде әр алуан тақырыптағы мәдени-көпшілік шаралар, аймақтың шығармашылық ұжымдарының концерті, еліміздің және шет елдердің әлемге әйгілі артистері өнер көрсетті. «Ertis Promenade» жобасы көпшілік тарапынан оң бағаға ие болды.

2. Павлодар қаласында алғаш рет «Ertis Cinema» қысқаметражды кино мен деректі фильмдердің І Халықаралық фестивалі өтіп, оған белгілі режиссерлер мен актерлер қатысты. Шілденің 11-14-і күндері аралығында өткен кинофестиваль Қазақстанның кинематография саласына қомақты үлес қосқан актер, кинорежиссер Шәкен Аймановтың туған жерінде ұйымдастырылуы еліміздің мәдени өміріндегі ерекше маңызды оқиға болды.

3. 3-5 тамыз күндері Павлодар облысында «Ұлы Дала» атты ұлттық руханиятты сақтау, жаңғырту, насихаттауды мақсат еткен этнофестиваль өтті. Биыл бұл шараға 100 мыңнан астам адам қатысты, олардың арасында шетелдіктер де болды. Түрлі мәдени бағдарлама, байқаулар, спорттық шаралар, ұлттық тағамдар, қолөнер бұйымдарының көрмесі, оған барлық аймақтардың шеберлерінің қатысуы дәстүрге айналып келеді.

4. Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет арнайы жобасы аясында италиялық әйгілі дирижер Леонардо Куадринидің шақыруымен И.Байзақов атындағы облыстық филармонияның симфониялық оркестрі Италияның 7 қаласында өнер көрсетті.

5. Биыл еліміздің әйгілі тұлғалары, жерлестеріміз Естай Беркімбайұлының 150 жылдығы, Мұса Шормановтың 200 жылдығы, Бұқар жыраудың 350 жылдығы, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығы, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 160 жылдық мерейтойлары «Туған жер» арнайы бағдарламасының аясында аталып өтті.

6. Қазақтың ұлттық мәдениетін кеңінен насихаттау мақсатында тағы бір игі іс жүзеге асты. Павлодар қаласындағы Гагарин саябағында бірінші рет «Этноауыл» құрылып, 20 киіз үй тігілді.

7. Жергілікті жастардың бастамасымен «Асық ойнайық» жобасы жүзеге асты. Жылдамдыққа, мергендікке, нақты есептеуге бағыттайтын ұлттық ойын балаларға кеңінен танымал болды.

8. «Туған жер» арнайы бағдарламасы 2017 жылы қолға алынған болатын. Осы бағдарлама аясында «Мектебіме тағзым» акциясы ұйымдастырылып, түлектер өз мектептеріне демеушілік жасады. «Мектебіме тағзым - 2018» облыстық жоба аясында 298 мектепке 309,0 млн. теңгенің көмегі көрсетілді.

9. Наурыз айында Павлодарда «IZDEU-2018» іздеушілер отрядының І-ші халықаралық форумы өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен шара Ұлы Отан соғысында қаза болған жауынгерлерді еске алу, еліміздегі әскери-патриоттық ұйымдармен байланысты нығайту, Қазақстанның әр аймағы, Ресей Федерациясы, Украинадағы іздеушілер отрядтарымен кездесу биыл бірінші рет ұйымдастырылды. Форум «Қазақстан электролиз зауытының» жанынан құрылған «Майдан жолы» іздеу отрядының 10 жылдығына орай ұйымдастырылды.

10. Май, Баянауыл, Шарбақты аудандарында дін қайраткері Ақбалық хазірет, қоғам қайраткері Мұса Шорманов пен Темірғалы Нұрекеновке кесенелер салынды.

Үстіміздегі жылдың 27 тамызында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Атамекен» кіші бағдарламасы арқылы Май ауданы Ақшиман ауылының маңында Ақбалық хазіреттің кесенесі салтанатты түрде ашылды. Бұл жобаға демеушілер тарапынан 12 млн. теңге жұмсалды. Жобаның маңызы – киелі орындарға көпшілікті тарту, сакралды туризмді дамыту, көпшілікті, әсіресе жастарды отансүйгіштікке баулу болып табылады. Бұл күні Май ауданында көкпар ойыны ұйымдастырылды.

Биылғы жылы қыркүйекте Баянауыл ауданының Теңдік ауылында Мұса Шормановтың кесенесі ашылды. Бұл шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев, М.Шормановтың ұрпағы, экономика ғылымдарының докторы Ғалымжан Дүйсенов қатысты. «Мұса Шорманұлы» атты әдеби жинақ жарыққа шықты.

29 қыркүйекте Шарбақты ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Темірғалы Түйтеұлы Нұрекеновтің кесенесі салтанатты түрде ашылды. Оған белгілі философ Ғарифолла Есім, әнші Шахимардан Әбілов, Темірғалы Нұрекеновтің ұрпақтары, ҚР Парламент Сенатының депутаты Ермек Жұмабаев, демеушілер болды. Бұл күні этноауылға 700-ге жуық адам жиналды.

11. Усолка шағын ауданындағы Майра-Ткачев көшелерінің қиылысына белгілі әнші, композитор Майра Шамсутдиноваға ескерткіш орнатылды. Белгілі мүсінші Азат Баярлиннің композициясына жерлесіміз, қоғам қайраткері Қуат Есімханов демеушілік жасады. Ескерткіш ашылған күні «Ән еркесі – әнші Майра» атты әншілер байқауы ұйымдастырылды.

12. Аймағымыздың қалалары мен аудандарында «Абай ауылдарды аралайды» атты жоба іске асырылуда. Жыршы Даниал Әсенов Абай ақынның шығармаларын жатқа айтып, көпшіліктің ризашылығына бөленуде.

13. Биыл «Ertis Star» жобасы іске қосылды. Қалалар мен аудандарда іріктеу турлары өтіп, талапты балалар іріктелді. Олар болашақта республикалық, халықаралық байқауларға қатысатын болады.

14. Ақсу, Баянауыл, Железинка, Май аудандарында тіл, мәдени-туристік «Тіл керуені» атты жоба жүзеге асырылды. «Тіл-мәдениет-туризм» атты ана тілінің аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылған шара өте қызықты өтті.

15. 2018 жылдың жазында «Баянауыл» мемлекеттік табиғи паркінің аумағында «Рухани Camp» атты Баянауылдың киелі орындары бойынша халықаралық құрылтай өтті. «Алтын орда», «Ақ орда», «Көк орда» атты үш ордадан құрылған алғашқы құрылтай «Туысқан елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық» тақырыбында ұйымдастырылды. Қатысушылар Баянауылдағы киелі орындарды, атап айтқанда: «Қоңыр әулие», «Кемпіртас», «Саймантас», «Жасыбай батыр зиратына» барды, сондай-ақ Қаныш Сәтбаевтың мемориалды музейін аралады. «Ұлы Дала тарихы» ордасының тұсаукесері болды. «Тарих толқынында» атты тақырыпта театрландырылған көріністер көрсетілді. «Баянауылдың әйгілі тұлғалары» (М.Ж.Көпеев, Жаяу Мұса, С.Торайғыров) атты поэзия және музыка кеші ұйымдастырылды. Құрылтай қатысушылары арасында тренингтер өтіп, «Зияткер-2018» интеллектуалдық ойындарына қатысты.

16. Павлодарда «Volunteer.kz» республикалық форумының аясында волонтерлер үйі ашылды. Қазақстан бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бұл орталықта волонтерлық қызмет негіздерімен танысу, тәжірибе жинақтау секілді іс-шаралар өткізілді. Форумға Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің, «Ұлттық волонтерлық жүйе» және Еріктілер Қозғалысы Ассоциациясы өкілдері, т.б. қатысты. Естай атындағы мәдениет сарайында «Жыл волонтері» байқауының жеңімпаздары «Рухани жаңғыру» белгілерімен марапатталды.

17. 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының 55 жылдығына орай «Марғұлан орталығы» аймақтық археологиялық орталығында ХVІІІ ғасырда есімі мәшһүр болған қоғам қайраткері Сұлтанбет сұлтан тұрған үйдің көшірмесі тұрғызылды. Ғимараттардың бірінде Қазақ мемлекетінің тарихы мен мәдениетін зерттеумен айналысатын зертхана ашылды. Онда Сұлтанбет сұлтанның өмірі мен қызметі жөніндегі мұрағаттық құжаттарды зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

18. Баянауыл ауданында өткен «Хан Қорық» атты жастар фестиваліне Қазақстан, Ресей мен Моңғолияның 17 жоғары оқу орнының ғалымдары мен студенттері қатысты. Фестиваль аясында жастарды туған жер тарихын зерттеуге бағыттайтын археологиялық лагерь ұйымдастырылды. Бұл фестиваль студенттерге арналған «QazaqGeography» атты жыл сайын өткізіліп тұратын жоба аясында өтті. Биылғы жылы бұл фестиваль «Туған жер» бағдарламасы және «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.

19. Орта білім беретін мектептер арасында «Шаңырақ» жобасы іске асты. Оқу жылы аяқталғанға дейін әр мектеп қазақтың ұлттық киіз үйін барлық жасау-жабдықтарымен жасап шығуы тиіс. Танымдық жобаға мектептің барлық оқушысы қатысып, өз үлестерін қосуға тиісті.

20. «Ертіс өңірінің киелі орындары - балалар көзімен» жобасы. Осы тақырыпта облыстық көркемсурет музейінде балалар суреттерінің байқауы ұйымдастырылды. Жоба үстіміздегі жылдың 1 ақпанында іске қосылып, жас суретшілер аймақтағы тарихи және мәдени орындарды аралады. Көрмеге суретшілер мектебі оқушыларының 70-тен астам үздік жұмыстары қойылды.


Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz