ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бұл норманың азаматтардың жоғары білім алуына деген мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталғанын айтқан болатын. Оның сөзінше, шілде айында университеттердің дербестігін арттыратын заң қабылданды. Осы құжатқа сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап сырттай оқуға құжат қабылданбайды. Жоғары оқу орындары оқу үлгерімінің нәтижесіне қарай студенттердің бакалавр дәрежесін уақытынан бұрын бітіруге мүмкіндік беретін ыңғайлы бағдарлама жасайды. Заңда университеттердегі оқу ақысын реттейтін норманы алып тастау да қарастырылған. Бұл жаңалық сырттай оқу бөлімінде білім алып жүрген студенттердің арасында да түсініспеушілік тудырғаны рас. Алаңдауға негіз жоқ. Себебі олар ескі жүйемен оқуларын аяқтайтын болады.

Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында 534 мың студент білім алады. Олардың қатарында докторанттар мен магистранттар да бар. Университетте оқитындардың 16-17 пайызы сырттай оқу бөлімінде білім алуда. Бұл көрсеткіш шамамен 84 мың студентті құрайды.

Павлодар облыстық мәсли-хатының депутаты Қабылқақ Қапеновтің сөзінше, сырттай оқу бөлімі жабылғанымен, ол түбегейлі жойылмайды.

- Қазір елімізде цифрландыру жүйесі жоғары деңгейде жүзеге асырылуда. Заман талабына сәйкес, жоғары оқу орындары мен колледждер жаңашылдықтарға бет бұруда. Сырттай оқу бөлімін қашықтықтан оқытуға ауыстыру да - цифрландырудың жемісі. Қашықтықтан білім алу студенттер мен оқытушыларға қиындық туғызбайды деген ойдамын. Себебі студент электронды түрде сабақ оқып, берілген тапсырмаларды орындай алады. Білімді меңгеру деңгейін университет мамандары өздері шешеді деген ойдамын. Бұл ретте оқимын деген адам кез келген білімді меңгере алады. Бастысы, ынта болса жеткілікті. Мұндай оқу арқылы теория мен тәжірибе тұрақты байланыста болады. Өйткені студент қызмет атқара жүріп, сабағын кешкі уақытта оқуға мүмкіндік алады. Жалпы, сырттай оқу бөлімінің оқу бағдарламасы күндізгі оқу бөлімінен 30 пайызға төмен екен. Күнде сабақ оқып, теорияны меңгергенмен көпшілігі жұмысқа тұрғанда қиналады. Осы жағдай да ескерілген болу керек. Әрбір адамға отбасын асырау үшін жұмыс істеу керек. Мұндай мүмкіндік күнкөріс қамын ретке келтіруге де септігін тигізеді деген ойдамын, - дейді Қ.Қапенов.

Жас маман Ақгүл Байханның пікірі де осыған саяды. Бүгінде мұғалім қызметін атқаратын ол қашықтықтан оқыту жүйесінің жемісін көріп үлгерген.

- 2012 жылы Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледжін бітіріп, қызметке орналастым. Сол жылы қашықтықтан оқыту туралы естіп, қазіргі Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетіне құжаттарымды тапсырдым. 4 жыл жұмыспен қатар білім алып, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын меңгердім. Мұндай оқу жүйесі – заман талабы деп білемін. Жастар мұндай мүмкіндіктен құр қалмауы тиіс, - дейді жас маман.


Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz