Дәстүрлі түрде өткізілетін шараға облыс әкімі Болат Бақауов, ҚР Қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті жиынтық талдау және жоспарлау басқармасының басшысы Қайрат Баймолдинов, Қазақстан Азаматтық альянсының вице-президенті Мұсағали Дуамбеков, облыстық Азаматтық альянс төрайымы Светлана Могилюк және жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Форумда аймақ басшысы Болат Бақауов қоғамдық ұйымдардың жұмысына тоқталып, бірқатар тапсырмалар жүктеді.

- Үкіметтік емес ұйымдар азаматтық қоғамның дамуына, өңірдегі көптеген әлеуметтік маңызды мәселелердің шешілуіне өзіндік үлес қосып келеді. Елбасымыздың тапсырмасымен аймағымыздағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінгі форум азаматтық қоғам институттары мен мемлекет арасындағы байланысты одан әрі жақсартпақ. Облысымызда 692 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Өкінішке қарай, 300-ден астам ұйым тек қағаз жүзінде ғана жұмыс істеуде. Кейбір үкіметтік емес ұйымдар тек мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыға ғана үміттенеді. Бірлестіктердің көбі мемлекеттік қолдауға ие болған соң жұмыс қарқынын бәсеңдетіп, жоспар-лаған нәтижені көрсетпей жатады. Яғни, мемлекеттік грантты ұтып алған соң, жоғалады. Сондықтан заң талаптарын ескере отырып, жыл соңына дейін мұндай ұйымдардың қызметін жою қажет. Жақында өткізілген жиналыс барысында тіркелген 20 мың жеке кәсіпкердің 700-нің қызметін тоқтаттық. Сол себепті арнайы сараптама жүргізіп, әрбір ұйымның жұмысын бақылау қажет. Бәлкім, кейбірінің қызметінде белгілі бір жағдайларға байланысты қиындық туындаған болар. Осы мәселелерді де негізге алу қажет, - деді Болат Жұмабекұлы.

Аймақ басшысының сөзінше, жергілікті үкіметтік емес ұйымдар бір-бірімен тығыз байланыста қызмет етуі тиіс. Бұл ретте белсенді жұмыс істейтін ұйымдардың бір орталықта қызмет етуі маңызды. Сондықтан жыл соңына дейін аталмыш мәселе шешімін тауып, облыстық Азаматтық альянсына жеке мекеме берілмек. Қазір бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Болат Жұмабекұлы «Мейірімділер клубының» қызметін ерекше атап өтті.

- 2019 жыл – Жастар жылы деп жарияланды. Осы орайда, өңір жастары қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытулары қажет. Белсенді үкіметтік емес ұйымдар қалаларда тіркелген. Ал ауылдық округтердегі ұйымдардың жұмысы баяу жүруде. Сондықтан жергілікті әкімдік олардың тәжірибе алмасып, оқуын назарға алуы тиіс, - деді Б.Бақауов.

ҚР Қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті жиынтық талдау және жоспарлау басқарма-сының басшысы Қайрат Баймолдинов 27-28 қарашада Астана қаласында 8-ші республикалық Азаматтық форум өткізілетінін атап өтті. Жаңа форматта ұйымдастырылатын ауқымды шарада 30-дан астам ашық диалогтық алаң болады деп жоспарлануда. Осы жиында үкіметтік ұйымдардың жұмысына қатысты маңызды мәселелер көтерілуі тиіс.

- Осындай форум еліміздің әр аймағында өтуде. Бір қуанарлығы, солардың арасында Павлодар облысының әкімі ауқымды жиынға қатысып, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын одан әрі жетілдіруде тапсырмалар жүктеуде. Осы ретте, Болат Жұмабекұлына ерекше алғыс білдіремін, - деді Қайрат Дүйсембайұлы.

Қазақстан Азаматтық альянсының вице-президенті Мұсағали Дуамбеков те жергілікті биліктің бұл мәселеге көңіл бөліп, қолдау білдіруіне ризашылығын жеткізіп, қоғамдық ұйымдардың белсенді болғанын атап өтті. Шара соңында үздік үкіметтік емес ұйымдар марапатталды.


Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz