Жақында - 13-ші жалақы

Облыстық мемлекеттік кірістер депар-таменті басшысының міндетін атқарушы Қуат Белгібаевтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда жергілікті қазынаның кіріс бөлігі 101,1 пайызды құрады. 92 млрд. 277 млн. теңге болжанса, қазынаға 93 млрд. 267 млн. теңге түскен. Былтырғымен салыстырғанда 6 млрд. теңгеге өскен. Жалпы, биыл жыл соңына дейін салық көздерінен 110 млрд. теңге кіріс кіреді деп күтілуде. Десе де, мамандар кейбір бағыттар бойынша қауіптің де барын жасырмады. Мәселен, дизельді отынға акцизден 893 млн. теңге түспей қалуы мүмкін. Мұны департаменттегілер әу баста көрсеткіш тым жоғары қойылғанымен байланыстырды. Облыс әкімі Болат Бақауов құзырлы органдар мен осы салаға жауапты өзінің орынбасары Әлия Арыноваға қолдан келмейтін міндеттер мен көрсеткіштер белгілеуді қою керек, дегенді кесіп айтты. Сонымен қатар, заңды тұлғалардың мүлік салығынан да 255 млн. теңге жыл соңына дейін қазынаға түспеу қаупі белгілі болды. Екібастұз қаласында «KEGOC» тансформаторлары үшін төленетін 274 млн. теңге биыл қазынаға бұйырмайтын көрінеді. Мамандар биыл заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты бұл сома бұдан былай төленбейтінін айтты. Ақсуда «ЕЭК» кәсіпорны күл үйіндісіне арналған құрылысты биыл жыл соңында іске қосқанымен, салықтары келесі жылдың бюджетіне кетпек. Бастапқыда кіріс көлемін есептеуде бұл сома да биылғы жылға жатқызылған. Қос шағын шаһар басшылары бюджетке түспейтін бұл қаржыларды кірісті өзге резервтегі көздері есебінен толтыратындарын уәде етті. Ал Павлодар қаласында да көрсеткіштерді көтермелеп қою кесірінен 1 млрд. 200 млн. теңгенің қазынаға түспеу қаупі туындаған. Қала әкімі оның тең жартысын қосымша көздер арқылы жабу мүмкіндігі барын айтты. Тағы бір бөлігін Павлодар мұнай-химия зауытының бюджетке түсетін салықтарынан толықтыру көзделген. Дегенмен, қалған болжанған 277 млн. теңгелік кірістің «тағдыры» қыл үстінде тұр.

Облыс әкімі Болат Бақауов өңіріміздің ірі өндіріс орындарына жыл сайын берілетін 13-ші жалақыны немесе сыйақыны 1 желтоқсанға дейін жұмысшыларына беріп тастау жөнінде ұсыныс хат жолданғанын мәлім етті. Яғни, жалақының жеке табыс салығы да қазынаға айтарлықтай кіріс әкеледі.

Кіріс көздері іздестірілуде

Қуат Белгібаев қосымша кіріс көздерін іздестіру бағытында атқарылған жұмыстарын жайып тастады. Айтуынша, арнайы жоспар түзілген. Кәсіпкерлік әр тармағы бойынша терең талдау жасауда. Мәселен, жеке кәсіпкерлердің жұмысы назарға алыныпты. Бұл бағыттан 830 млн. теңге көлемінде қосымша резерв анықталған. Кейбір кәсіп-керлердің жалдамалы қызметкерлерді құжаттарында көрсетпеу жағы да тыйылар емес. Облыстағы 20 мыңнан астам жеке кәсіпкердің 7 мыңы ғана жалдамалы қызметкерлерін көрсеткен. Ал бұл - қазынаны жеке табыс салығынан қағып отыр деген сөз. Облыс әкімі Б.Бақауов бұл олқылықты ретке келтіруді тапсырды. Департамент деректеріне сүйенсек, мүлік салығы бойынша да бұрын белгісіз қосымша кіріс көзі табылған. Нақтысы, 900 млн. теңге көлемінде қосымша резерв анықталыпты. Жер салығы жайында сөз еткен департамент өкілі облыста 170 мың гектар жердің пайдаланусыз жатқанын және 1160 жер телімінің пайдалану шартының мерзімі аяқталғанын алға тартты. Облыс әкімі Б.Бақауов мұндай кемшілікке жол берген әрбір аудан-қала басшылығының жұмысын сынға алды. Мәселен, Павлодар ауданында 115, Ақсуда 231, Екібастұзда 235, Шарбақтыда 101 телімді пайдалану құқығын беретін шарттың мерзімі өтіп кеткен. Жалпы, жер салығы бойынша мамандар биыл 260 млн. теңге шамасында қосымша табыс анықтапты. Аймақ басшысы қосымша кірістердің көлемі әлі де аздығын ескертті. Аталған сомаар бір облыс орталығының резервімен пара-пара, деді. Тіпті, жоқпен тең екенін атап өтті. Сондықтан, кіріс көздерін көлеңкеден шығару жұмысын әлі де жалғастыру қажеттігін жүктеді.

Сонымен қатар, өңіріміздің көлік иелері 812 млн. теңге салық төлемеген. Бұл берешекті әлі де 20 пайызға азайту көзделіп отыр. Жалпы, бюджетке берешек 16 млрд. теңгені құрап отыр. Облыс әкімі осыны қайтарудың қамы қажет, деді.

Кей кәсіп иелерінің әлі де көлеңкеде қалуға әуестігі аңғарылып отыр. Мәселен, Павлодар қаласындағы «4 комнаты» түнгі клуб салық төлеуде 300 орын барын белгілесе, іс жүзінде оларда 691 орынның бары анықталған. Оған қоса, бір күндік табысын 300 мың теңге деп осы күнге дейін есеп беріп келген. Ал нақты бір күндегі табысы 1 млн. 800 мың теңге екені белгілі болған. Міне, осындай кемшіліктермен күреу үшін аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы Елбасы ұсынып отырған қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға жаппай көшуді күшейту керек, деді. Тікелей ақшамен жүзеге асатын істе ылғи жасырып қалу жалғаса бермек. Бүгінде облысымызда 2700 пост-терминал бар. Енді олардың санын барынша көбейту көзделуде.

Көлеңкелі кірісті кемітіп, қазынаны қампайту үшін күрес күшеймек. Облыс әкімі жалға берілетін пәтерлер, заңсыз таксистердің жұмысы да әлі көлеңкеде жатқанын айтты. Жүкті асыра тиейтін жүргізушілерді де жүгендеу жүктеліп отыр.

4-ші деңгейлі бюджеттің орында-луында да олқылық бар. Мысалы, Ақсуға қарасты елге үлгі етіп жүрген Евгеньевкада бюджеттік жоспар 49 пайызға ғана орындалған. Әлеуеті елеулі Майқайыңда – 54, Павлодар ауданының Чернорецк ауылында 48 пайыз көлемінде. Әкімдер мұны кейбір кірістердің бұрынғыша аудандық бюджетке аударылып кетуінен көрсеткіш орындалмай қалғанын алға тартты. Бірер күнде ретке келтіретіндерін уәде етті.

Жалпы, бюджеттің кіріс бөлігін толтыру үшін облыс әкімі әрбір резевртік мүмкіндік-терді қалт жібермеуді тапсырды.

Нөмір бірінші

Жиында инвестиция тарту жағдайы да сөз болды. Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрболат Сейітмағамбет атқарылған жұмыстарды баяндады. Негізгі капиталға сырттан келген инвестицияның екі есеге өскенін мәлім етті. Келесі жылға 256 млрд. теңгенің жобалары айқындалып жатқанын мәлімдеді. Екібастұзда индустриялық экономикалық аймақты қолға алудан инвестиция көптеп құйылады деген болжамын бүгіп қалмады. Бірақ облыс әкімі бұл жоба жылдам инвес-тиция әкелмейтінін еске салды.

Жалпы, аймақ басшысы Болат Бақауов инвестиция тарту ісіне көңілі толмайтынын жеткізді. Бір жобаны жыл бойы «жырлаумен» ғана жүрген жауапты органдарды сынға алды. Аймақ басшысы басталған жұмыстарды аяғына дейін жеткізу, қолға алынған жобаны нақты жүзеге асыру жағы ақсап жатқанын да атап өтті.

- Инвестиция тарту ісі – күн тәртібінен түспейтін, барынша басымдық берілетін нөмір бірінші мәселе екенін естеріңізге саламын. Қарап отырсақ, құйылған инвестицияның басым бөлігі – бюджеттік. Жеке инвестиция жоқтың қасы. Арнайы экономикалық аймақ, инвестиция тарту агенттігі, «Қазақинвест» филиалы сынды тетіктер бола тұра, біз бүгінгіден әлдеқайда жоғары нәтижеге қол жеткізуіміз керек еді. Жаңа инвесторлар мүлдем аз. Екі жыл бұрын облысымызда өткен инвестфорумда 152 млрд. теңгенің меморандумына қол қойылды. Инвестор күні-түні ұйымдастырылды. Бірақ бір іс те соңына жеткізілмеген, - деді Болат Бақауов.

Инвестиция тарту жағын ширатуды тапсырды. Бұл ретте, шағын және орта бизнеспен де жұмыс қызуы тиіс.

Туризмнің жаңа түрі

Өңіріміздің өнеркәсіптік әлеуеті енді туризмді түрлендіру үшін қолданылмақ. Нақтысы, әлемдік тәжірибеге сүйенген мамандар аймағымыздың белді өндіріс орындарын өз көздерімен көріп қайтуды туристерге ұсынуды жөн санап отыр.

Бұл жөнінде облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы Дастан Рыспеков мәлім етті. Айтуынша, германиялық BMW кәсіпорнына жылына 250 мың турист барады. Ал бізде Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемдегі ең биік мұнара екібастұздық ГРЭС-2-де екенін ел біледі. Міне, осы байлықты ұсынуға әбден болады, дейді маман. Одан бөлек, бірқатар өндіріс орындарының тартымдылығы жоғары екеніне сенімді.

Басқарма басшысы жергілікті туристік фирмалардың ішкі туризмге қызығушылы-ғының төмен болуы да көп кедергі, дейді. Тек олардың оннан бірі ғана енді-енді бетбұруда. Демалыс орындарындағы интернеттің нашар-лығы да кері әсер етіп жатқан көрінеді. Облыс әкімі Б.Бақауов Баянауылда бұл мәселені реттеуді тапсырды. Дегенмен, мамандар қосымша антенна орнатылғанын, бірақ бұл мекеннің өзіндік жер бедеріне байланысты кейбір жерлерінде сигнал берілуінде кедергінің бәрібір болатынын мәлім етті. Жол бойы сервисін жетілдіру жағы айтылды.

Д.Рыспеков жуырда Сингапурда өткен форумда қытайлықтардың Баянауыл өңірінің табиғатын көруге қызығушылық танытқанын атап өтті. Жалпы, насихаттау күшейсе, турис-тер тартуға мүмкіндік бар, дейді. Ол үшін ақпараттық технологиялар тетіктері қолда-нылмақ. Мәселен, ұялы телефондарда қолдануға болатын Pavlodar Travel қосымшасы іске қосылыпты. Онда аймағымыздың адамдардың қызығушылығын тудыруы мүмкін мекендері, көрікті жерлері, туристік мекемелер, қонақ үйлер жөнінде ақпарат топтастырылады.


Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz