Бұл жүйеге жауапты «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріптің айтуынша, байланыс орталығы емделушілер тарапынан туындайтын түрлі сауалдарға дәлме-дәл жауап алуларына, дәріні жеткізуде кешіктіру кездесіп жатса, не себептен екенін түсіндіру бойынша көмек береді. Байланыс орталығының қысқа нөмірін іске қосу – бұл денсаулық сақтау саласын цифрландыру шеңберінде компаниямен жүзеге асырылған бірнеше жобалардың бірі.

- Дәрілерді жеткізу бойынша кешігулерге қатысты шағымдар үнемі туындайды. Халықтың дәрілерді уақытынан бұрын кешігіп алуын түсіндіру немесе олардың препаратты үнемі бақылауда ұстап отыруы біз үшін аса маңызды. Сондықтан мәселені жүйелі түрде шешу жағын ойға алып отырмыз, - дейді Б.Шәріп.

Бұдан басқа қазірде емханаларда тегін дәрілердің болуы бойынша бірыңғай электронды анықтама жобасы қолға алынған. Жобаны бірыңғай дистрибьютордың сайтында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосу жоспарлануда. Тұрғындар ол арқылы өзі тіркелген медициналық ұйымдар қандай дәрі-дәрмектерге тапсырыс берді, қашан және қандай көлемде түсті, сондай-ақ алдағы уақытта жеткізілетін препараттардың мерзімін онлайн түрде біліп отырады.

Айтып өту керек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа бұйрығына сәйкес, ел тұрғындары аурудың 45 тобы бойынша дәрі-дәрмектің 274 түрімен тегін қамтылып келеді. Сондай-ақ, Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының кеңесімен тиімділігі төмен әрі науқастарды емдеу кезінде көп қолданылмайтын дәрі-дәрмектер тізімнен шығарылды. Керісінше метоклопрамид, диазепам, бисакодил, спиронолактон, торасемид, морфин, фентанил, преднизолон, дексаметазон, омепразол, амитриптилин, карбамазепин, трамадол, кетопрофен кіретін 15 дәрі түрі енгізілді.

2018 жылы тегін амбулаторлық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша қаржыландыру 38%-ға артқан.


Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz