Осы жылдың қыркүйек айында павлодарлық Ерболат Макенов «7-20-25» бағдарламасы бойынша «Центр Кредит Банкі» АҚ-ынан 14 млн. теңге несие алып, бұл сомаға Астана қаласынан пәтер сатып алған еді. Келісімшартқа сәйкес, қарыз алушы 20 жыл аралығында ай сайын 90 мың теңге төлеуі тиіс.

«Центр Кредит Банкі» АҚ Павлодар қаласындағы филиалының жеке тұлғаларға сату бөлімінің басшысы Жанарбек Сүлейменовтің айтуынша, қыркүйек-қазан айлары аралығында «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтер алуға 9 адам өтініш берді. Олар жалпы сомасы 105 млн. теңге болатын ипотекалық қарыз сұраған. Әзірше 78 млн. теңгені құрайтын 7 өтініш қанағаттандырылып, 4 адамға 45 млн. теңге берілді.

Егер сіз де «7-20-25» бағдарламасы арқылы жеке пәтерге қол жеткізуді қаласаңыз, аталмыш банктың филиалына барып, өтініш берсеңіз болғаны. «Центр Кредит Банкінің» талаптары төменде келтірілген.


Бағдарламаның талаптары:

- жатақхана бөлмесінің аумағы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 15 шаршы метрден аспауы керек;
- апаттық жағдайдағы тұрғын үйі, құлау (қирау) қаупі бар баспанасының болмауы;
- ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің болмауы;
- қайта қаржыландыруға жол берілмейді (бұрын берілген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын толық немесе ішінара өтеу үшін тұлғаның ипотекалық тұрғын үй қарыздарын алуы);
- бірлесіп қарыз алушыны тартуға рұқсат етіледі. Бұл кезде Бағдарламаның тұрғын үйдің және/немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегінің болмауы туралы талабы Бірлесіп қарыз алушыға қатысты болмайды.


Пайдалану мақсаты:

- Жаңа тұрғын үйді сатып алуға беріледі. Яғни, пәтер құрылыс компаниясынан немесе құрылыс салушының тұрғын үйін өткізетін басқа заңды тұлғалардан сатып алған кезде меншік құқығы бірінші рет тіркелуі тиіс.


Бастапқы тұрғын үйдің ең жоғары нарықтық құны:

- Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалалары үшін 25 млн. теңге;
- басқа өңірлер үшін 15 млн. теңге.
Сыйақының жылдық номиналды мөлшерлемесі: жылдық 7%
Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі: 7,2%-дан бастап
Бастапқы жарна: кепіл құнының кем дегенде 20% және одан аспайды
Несиені өтейтін күн: тек әр айдың 15 (он бесі) күні (егер өтейтін күн демалыс немесе мереке күндеріне сәйкес келсе, қарыз одан кейінгі жұмыс күні төленеді).
Несие беру мерзімі: 3 айдан бастап 300 айға дейін
Кепілдікке қою: сатып алынатын жылжымайтын мүлік. Мерзімінен бұрын өтеу: айыппұл санкциялары жоқ.


Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz