ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен байқауға еліміздің 12 өңірінен 19 ұжым өтініш білдіріп, қолда бар құндылықтарын таныстырған.

- Мұндай байқау алғаш рет өткізілді. Ұйымдастырушылар мектеп мұражайы педагогикасын дамытуды көздеп отыр. Тәрбиенің бір тетігі ретінде жетілдіруді мақсат еткен. Бұл жерде әрбір мұражайдағы жәдігерлердің саны мен маңызына мән берілген жоқ. Бастысы, қолда барды кәдеге жаратудың жолдары жағынан жарысқа түстік. Яғни, мұражай жұмысы оқушылардың қызығушылығын тудыруы тиіс. Қор жинау, зерттеу жұмыстарын жүргізудегі жетістіктерімізбен, тәсілдерімізбен бөлістік. Бір сөзбен айтқанда, мұражай жұмысы экскурсия өткізумен шектелмейтінін бейнежазба арқылы көрсетуге тырыстық, - дейді Ш.Айманов атындағы мектеп-интернаты тарих пәнінің мұғалімі, мұражай жетекшісі Асылан Бейсекеев.

Мұражайдың жұмысы жан-жақты қамтылған бейнежазба қазылар алқасының көңілінен шыққан. Сөйтіп, баянауылдық ұстаздардың еңбегі екінші орынға лайық деп танылған. Мұражайдың қыр-сырымен бөлісуде Асылан Сансызбайұлы мен оқушысы Жанат Жанғозы бар күштерін салыпты. Ал Жамбыл облысының Мерке ауданының мектептерінің бірі мұражайдан тікелей таныстырылым жүргізіп, бірінші орынды еншілеген.

А.Бейсекеевтің айтуынша, алдағы уақытта еліміздегі мектеп мұражайларының жұмысын жетілдіру үшін құзырлы министрлік тарапынан қолдау күшеймек. Нақтысы, қазіргі таңда мұражайлар жұмысын мектеп мұғалімдері өз күшімен, қоғамдық негізде жүргізуде. Енді Білім және ғылым министрлігі мұражай жұмысының жан-жақты болуын талап ету үшін осы еңбекке арнайы ставка қарастыру жағын ойластырмақ.

Жалпы айта кетейік, үздік деп танылған баянауылдық білім ордасындағы мұражай еліміздің біртуар азаматы, қазақтың әйгілі актері, осы өңірдің тумасы Шәкен Аймановтың өмірі мен шығармашылығына арналған. А.Бейсекеевтің айтуынша, елімізде атақты жерлесімізге арналған екі-ақ мұражай бар. Бірі – «Қазақфильмде» болса, екіншісі – аталмыш білім ордасында. Алғашқысында қазақтың шоқтығы биік тұлғасына тиесілі болған жәдігерлер көп болғанымен, күтусіз жатқанын баянауылдық ұстаздар арнайы барғанда аңғарған екен. Ал атақты актердің есімі берілген білім мекемесіндегі мұражайдың қорында Шәкен Аймановтың барлық фильмдерінің фильмотекасы, қолданған қаламы, визиткалары, қойын дәптері және басқа да жәдігерлер бар. Сонымен қатар, актердің өмірі, өнердегі белестері, театр сахнасында ойнаған сәттері бар бейнежазбалар да сақтаулы.


Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ
Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz