20 мыңға жеткізу - жоспарда

Облысымыздың туристік мүмкіндіктері көрсетілген стенд Ресей Федерациясынан келген форум қатысушыларының көбінің қызығушылығын тудырды. Облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының мәліметтері бойынша бүгінде жыл сайын аймағымызға 10 мыңға жуық ресейлік азамат келеді. Бұл өңірімізге табан тірейтін туристердің шамамен 7 пайызын құрайды.

- Туристік инфрақұрылымды кеңейту мен жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстарды ескерсек, алдағы екі жылда біз дәл осы ресейлік туристер санын 20 мың адамға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Оған жуырда Баянауыл ауданында іске қосылған Мырзашоқы тау шаңғы базасы және Маралды тұзды көлінің айналасының дамытылуы ықпал етуі тиіс, - дейді басқарма басшысы Дастан Рыспеков.

Ресейліктер Қазақстанмен туристік салада ынтымақтастыққа мүдделі. Мамандардың пікірінше, оларға өзара туристік сапарларды арттыру өте тиімді.

- Татарстанға келетін қазақстандықтар саны жылына 25 мың адамға жуық. Меніңше, Қазақстанға аттанатындары да осы шамалас. Татарстанда Алматының тауларын, Шығыс Қазақстандағы Алакөлді, Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарының табиғи орындарын біледі. Егер Павлодар облысына келетін болсақ, біз Баянауылдың паркі, оның көлдері мен табиғаты жайында естігенбіз, - дейді Татарстан Республикасының Туризм жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Сергей Иванов.

Дәміне тамсанды

Петропавлдағы форум аясында өткен арнайы көрмеде мамандар халықаралық кездесудің қатысушыларына өңіріміздің туристік әлеуеті жайында баяндады. Мәселен, Баянауылдың тамаша табиғаты, емдік қасиеттері бар Маралды мен Тұзқала тұзды көлдері, Шалдай орман алқабының саф ауасы туралы толыққанды ақпарат берді.

- Біз нарықта он жылдай жұмыс істеп жатырмыз. Осы уақытта Ресейден келетін туристер ағымы шамамен 30 пайызға артты. Бүкіл отбасымен және 15-20 адамдық топпен жылына кейде екі реттен келетін тұрақты клиенттеріміз де бар. Форум аясында Қазақстан мен Ресей арасында туристік ағымды арттыруды көздеп отырмыз, - дейді «RomanTour» туристік компаниясының жетекшісі Игорь Черных.

Қонақтарға арнап павлодарлықтар аймағымыздың әр аудан-қаласының шеберлері дайындаған қазақтың ұлттық тағамдарынан дастарқан әзірледі. Баянауылдан ет, Шарбақтыдан қоспа, Павлодар ауданынан талқан апарылды. Ресейлік меймандар павлодарлық еттің дәміне тамсанды. Әсіресе, Баянауылдан апарылған ет деликатестері мен қазақтың ұлттық тағамдары, дәмі тіл үйіретін қоспа мен талқаннан ауыз тиіп, таң қалысты.

Мәселен, Омбыдан келген Алина Лининг алғаш рет балқаймақты аузына алғанын айтты. Дәмі тіл үйіреді екен, дейді ол. Ал Краснодардан келген қонақ Андрей Николаев Баянауылдан әкелінген еттің ерекше дәмі көпке дейін аузынан кетпейтініне сенімді. Баянауылдық етті еркін жарнамаламауға жарайды деген пікір білдірді.

Қазақстан мен Ресейдің өзге өңірлері де әртүрлі дәм-тағаммен таң қалдыруға тырысты. Мәселен, алматылықтар әйгілі «апортын» әкелсе, Ямало-Ненец автономдық округінен келген делегация келушілерге тоңазытылған ет, балық дәмін татқызды.

Келісімге келді

Кеше форум аясында Павлодар облысы мен Түмен облысының туристік операторлары арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды. Бұл құжат алдағы уақытта екі өңір арасында турис-тер ағынын арттыруға мүмкіндік бермек. Меморандумға павлодарлық «RomanTour» компаниясының директоры Игорь Черных және түмендік «Континент» АҚБ төрағасы Александр Омельченко қол қойды. Қос тарап Павлодар облысында түмендіктерге, ал Түмен облысында павлодарлықтарға арнап турлар енгізу жөнінде уағдаласты.

- Біздің нарықта жүргенімізге - 17 жыл, осы уақыт ішінде талай түмендікті Қазақстанға жібердік. Бір маусымда екі автобустан кем болмайтын жолаушы жіберіледі. Біздің негізгі бағыттарымыз – Ақмола облысындағы Бурабай мен Щучинск, Астана мен Қарағанды облысы. Павлодарлық әріптестерімізбен меморандумға отырғаннан кейін Павлодар облысына да тур ашамыз. Өңірдің басты көрікті жерлері мен емдік-шипажайлық бағыттары қызықтырып отыр, - деді А.Омельченко меморандумға қой қойғаннен кейін.

Петропавлдағы форум аясында облысымыздың кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы мен Түмен облысының туризм және оны ілгері бастыру агенттігі арасында да меморандум жасалды. Қос мекеме туризм, экскурсиялық және көрме-жәрмеңке ұйымдастыру бағыттарында іскерлік байланысты арттырмақ. Тағы бір келісімге облысымызда өндірілетін тауарларды және көрсетілетін қызметтерді сату орталығының директоры Дмитрий Корепанов пен ресейлік «Pro» компания тобының басшысы қол қойды. Бұл мәміле Павлодардан ауыл шаруашылығы өнімдерін Свердловск облысына жеткізуді меңзейді. Көкөністің алғашқы легі жуық арада жеткізілмек. Болашақта павлодарлық тарап Екатеринбургке ет пен жарма тасымалдауды көздеп отыр.


Әзірлеген - Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz