Жуырда облыстық ішкі істер депар-таментінің қызметкерлері алаяқтықпен айналысқан 34 жастағы әйелді құрықтады. Тергеу жұмыстары барысында оның Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны екені анықталды. Оңай пайданы көздеген оның алаяқтық әрекеті жаға ұстатты.

Өскемендік пайдақор Павлодар қаласында көп қабатты тұрғын үйлердің біріндегі пәтерді 2 тәулікке жалға алған. Сөйтіп, баспананы үй иесі секілді өзі де суретке түсіріп, әлеуметтік желі арқылы ұзақ мерзімге жалға беретіні жөнінде хабарландыру берген. Енді мына қызыққа қараңыз. Хабарласқан адаммен кездесу үшін арнайы полицей киімін сатып алып, өзін құқық қорғау саласының маманы ретінде таныстырыпты. Пәтерді көрсетіп, айлық төлем ретінде 60 мың теңгені алған соң, ізін суытқан. Анық болғандай, пайдақор дәл осы әдіспен Шығыс Қазақстан облысындағы бірнеше тұрғынды алдап кеткен. Күдіктіні іздестіруде павлодарлық тәртіп сақшыларына Шығыс Қазақстан облысының полицейлері де көмектескен. Қазіргі уақытта ол Өскемен қаласында қамауда отыр.

Бұған дейін алаяқтық мәселесі туралы талай жазған едік. Бірақ оңай пайдаға кенелгісі келетін әккілердің құрығы күн сайын ұзарып келеді. Пайдақорлар өздерін «полицеймін» деп таныстырса қалай сенбейсіз?! Иә, дәл солай. Сондықтан құқық қорғау саласының қызметкерлері пәтерді жалға алуда сақ болуды, үйге қатысты барлық құжаттарды мұқият тексеріп, пәтер иесімен келісімшарт жасауды ескертеді.

Алаяқтар тағы бір әдіс арқылы халықты тонауға көшкен еді. Егер көшеде немесе қоғамдық орындарда бейтаныс адам ұялы телефоныңызды сұрап, қоңырау шалуды өтінсе, «қуаты таусылды», «бірлігі аз» деп жауап қатып, құрылғыны бермегеніңіз дұрыс. Өйткені алаяқтар осындай әдіс арқылы байланыс құралдарын жымқыруға көшкен болатын. Қоңырау шалу үшін сұрап, сол арада қаша жөнеледі екен. Мұндай алаяқтың арбауына Павлодар қаласының зейнеткері түскен еді. Көшеге шыққан әжейге жасы 35-40 шамасындағы әйел жолығып, ұлының танысы екенін айтқан. Сөйтіп, қариядан не себепті жалғыз жүргенін, үйде кіммен тұратынын сұрап алған. Өзімен сыпайы сөйлескен әйелге зейнеткер балаларының Ресейде екенін, үйде жалғыз тұратынын жеткізіп, еш күдіктенбестен бар сырын ашық айтып берген. Сөйтіп, әлгі алаяқ әжейді үйіне кіргізіп, қарияның аяғына массаж жасап, ұйқыға кеткенін күткен. Осылайша, сөреде тұрған 200 мыңға жуық қаржыны қалтасына басып, үйден шығып кетеді.

Облыстық ішкі істер департаментінің мамандары жеке мәліметтерді ешкімге сеніп жолдауға болмайтынын ескертеді. Алаяқтың арбауына түскен адамдар «102» нөміріне хабарласып, барлық жазбаларды дәлелдеме ретінде ұсынуға құқығы бар.


Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz