Павлодар қаласына қарасты Мойылды ауылының тұрғыны Әлима Айдаболова отағасымен бірге айына бір рет осы ауылшаруашылық жәрмеңкесіне келіп, азық-түлікті молынан сатып алады. Тұрақты сатып алушының айтуынша, мұндағы баға өзге сауда орындарынан анағұрлым арзан.

- Зейнетақы алған соң міндетті түрде «Сарыарқа» сауда орнына келеміз. Себебі, мұндағы май, қаймақ, ірімшік, ет, өсімдік майы, басқа да азық-түліктің бағасы қолжетімді, сапасы жақсы. Мәселен, ауылшаруашылық жәрмеңкесіндегі жылқы етінің бір келісі 1500 теңгеден сатылуда. Ал базарларда бір келісі 2 мың теңгеден кем емес, - дейді Ә.Айдаболова.

Жәрмеңкеге келген тұрғындарға ауылда өсіріліп, өңделетін өнімдердің түр-түрі ұсынылды. Мәселен, Успен ауданындағы «Белоусов» жеке кәсіпкерлігі 200 литрге жуық өсімдік майын әкеліпті. Бір литрі - 360 теңге. Ал Ақсу қаласына қарасты Алғабас ауылынан келген «Арыстанов» жеке кәсіпкерлігі үйде тауық өсіреді.

- Бүгінгі жәрмеңкеге 100 тауық етін әкелдік. Бір келісі – 700 теңге. Жәрмеңке болмаған күндері тұрғындардан тапсырыс қабылдап, қалаған жеріне дейін жеткізіп береміз. Өкінішке қарай, «Сарыарқада» сауда қызу жүріп жатыр деп ауыз толтырып айтуға келмейді. Мұның себебі тұрғындардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің осы сауда орнында жүргізілетінінен бейхабар болуында деп ойлаймын, - дейді «Арыстанов» ЖК басшысы Саян Қажымұратов.

Бұл жайтты жергілікті билік өкілдері де ескерді. Сондықтан, 1 желтоқсан күні ауылшаруашылық жәрмеңкесін жаңа форматта ұйымдастырып, орталық көшелердің бірінде өткізбек.

- 1 желтоқсан күні ауылшаруашылық жәрмеңкесі жаңа форматта ұйымдастырылады. Сол арқылы барлық ауданды қамтуды көздеп отырмыз. Жалпы, ауылшаруашылық жәрмеңкесінің ауылдықтарға да, қалалықтарға да пайдасы мол. Елді мекендегі шаруалар өнімдерін еш қиындықсыз өткізсе, қаладағы тұтынушылар азық-түлікті арзан бағаға сатып ала алады. Айталық, бүгінгі жәрмеңкеде жұмыртқаның он данасы 220 теңге, сүттің бір литрі 120 теңге, сиыр етінің бір келісі 1400 теңге, жылқы етінің бір келісі 1500 теңге, майдың бір келісі 1500 теңге тұрады, - деді Павлодар қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Арман Асипов.

Жалпы, бұл күні 12 жылқы мен 12 сиыр еті, 16 қой еті, 1200 литр сүт, 12 тонна картоп пен 12 тонна көкөніс сатылды.


Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz