«Павлодар өзен порты» АҚ-ның бас инженері Алексей Гладковтың мәліметіне сүйенсек, мұндағы алып жүк кемелерінің бір барғанда бір мың тонна өнім апаратын мүмкіндіктері бар. Келісімшарт бойынша, жүк тиеген баржалар Ертіс өзені арқылы Шығыс Қазақстан облы-сына қарасты Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылының станциясына дейін барады. Бас инженердің сөзінше, жүк кемелері шекаралық ауылға дейін шамамен 1200 шақырым жол жүретін болады.

- Бұл - Павлодар экономикасында бұрын-соңды болмаған аса ауқымды жоба. Екі ел арасындағы келісімшарт бойынша әзірге кокс материалдарын апару көзделуде. Ал, қайтарда алып кемелер бос келмес үшін тұз тиемекпіз. Одан кейін тағы өзгерістер болуы мүмкін. Яғни, көрші ел нарығында жоғары сұранысқа ие өнімдерді тасымалдай береміз. Осы ретте Ертіс су жолының бойында әлі де болса шешіле қоймаған мәселелер бар екенін айту керек. Мысалы, Ертіс өзенінің біздің облысқа қарасты аумағындағы судың тереңдігі тұрақты емес. Су бірде азайып, бірде көбейіп тұрады. Әсіресе, Курчатовқа дейін біраз қиындық болуы мүмкін. Бұл тоғандардың суды тұрақты жіберуіне байланысты. Су деңгейін ұстап тұру үшін минутына 1200 текше метр су жіберілуі тиіс. Ертіс арқылы жүк кемелері жүретіні туралы Шүлбі, Өскемен, Бұқтырма су қоймаларына да хабар берілді. Қажет болған жағдайда олар да қолдау білдіреді, - дейді ол.

Бас инженердің сөзінше, су жолымен жүк тасымалдау Қытаймен ғана шектелмейді. Болашақта Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерімен байланыс орнауы мүмкін. Яғни, Солтүстік теңіз жолы арқылы және Сібір өзендерінің арнасымен тауар тасымалын жүзеге асыру мәселесі бойынша кездесулер өткізілген.

«Павлодар өзен порты» биыл бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырды. Атап айтар болсақ, жүк тасымалын ұлғайту мақсатында фронталды тиегіш және өзен түбін тереңдетуге арналған техникалар алынған. Өзен арналарын тазартуға арналған «КПЛ877» кранының бас қозғалтқышы заманауи экономикалық және экологиялық агрегатқа алмас-тырылды. Болашақта тағы крандар мен теплоходтардың қозғалтқыштарын жаңарту жоспарланған. Порттағы ескі электрцехтың өндірістік ғимараттарын қалыпқа келтіру жұмыстары бас- талды, кәсіпорын аумағы көгалдандырылды. Кеме жөндеу зауытында баржаның түбін алмастыру бойынша жұмыстар қолға алынған. Алдағы уақытта БТ-324 теплоходы келесі навигацияға дайындау үшін күрделі жөндеуден өтпек.

«Павлодар өзен порты» биыл екі үлкен жобаны аяқтап, тапсырып жатыр. Біріншісі – «Ақтоғай ауданындағы Тюлька өзені ағысының бастауынан Алға ауылына дейін қайта жаңғырту» бағдарламасы. Бұл жоба 2016 жылы басталған болатын. Содан бері арнасы бітеліп, ағысы тоқтап қалған өзенді қайта қалпына келтіріп, өңірдегі шаруашылықтарға үлкен қолдау көрсетіп отыр. Екіншісі - «Ертіс өзенінің жағалауына «ҚазТрансОйл» АҚ ғимаратынан Айманов көшесіне дейін құрылысын жүргізу» жобасы.

- Келер жылы блок өндірісін қолға алмақпыз. Бұл біз үшін аса қиын бола қоймас деп ойлаймыз. Себебі, біздің кәсіпорын көптеген құрылыс фирмаларына құм және цемент жеткізеді. Яғни, шикізат өзімізде дайын деген сөз. Жақында блок шығаратын арнайы құрылғы сатып алғанбыз. Толығымен іске қосылатын болса, күніне 5 мың блок өндіретін қауқарымыз бар, - дейді А.Гладков.


Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz