Сол жиындардың түйіні облыс әкімінің орынбасары Дәурен Мақажановтың төрағалығымен өткен кеңесте жасалды. Д.Мақажанов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауындағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша жүктеген міндеттері аталмыш салаға тың серпін беретіндігін жеткізді.

- Елбасы өз Жолдауында еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту керектігіне тоқталды. Бұл ретте мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді шешуге бағытталған Елбасы ұсыныстары жүйелі сипатқа ие. Сонымен қатар, ең төменгі жалақыны бір жарым есеге көбейту көптеген қазақстандықтың тұрмыс деңгейіне оң әсерін тигізетіні анық. Бұл шаралардың бәрі жүйелі түрде Қазақстандағы әлеуметтік жағдайды одан ары дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз, – деді Д.Мақажанов.

Ал «Пахарь» шаруа қожалығының басшысы Олег Литвиненко өзінің шаруашылығында келесі жылы орташа жалақы көлемін 20%-ға дейін өсіретінін айтты. Алайда, О.Литвиненко ауылға жастарды тарту мақсатында тек бір ғана жалақыны өсіру жеткіліксіз деген пікірде. Ол үшін инфрақұрылымды дамыту, демалыс орындары, қолжетімді баспана қажет дейді.

Дәурен Мақажановтың айтуынша, жалақы - ауылдық жерлерде жұмыс істеуге ынталандырудың негізгі элементі емес, бірақ басым тұстарының бірі. Ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту үшін мемлекет арнайы әлеуметтік бағдарлама әзірлегенін, оны жүзеге асыру үшін барлық министрліктердің жұмысын күшейтетінін айтты.

Еске сала кетейік, Елбасы жолдауында экспортты еселеу тапсырылды. Осы ретте Дәурен Мақажанов мал шаруашылығының Қытайда дамып келе жатқанын ескеріп, елімізде оларға қажет жем-шөп өндірісінде қолданылатын соя мен жоңышқаға сұраныс бар екенін атап өтті. Бұл ретте шетелдік серіктестермен келіссөздер жүргізу, өнім жеткізуге арналған ұзақ мерзімді шарттар жасасу қажет екенін алға тартты.

- Қазақстанда қант тапшылығы байқалады. Павлодар облысында қант қызылшасын өсіру бойынша эксперименттер жүргізілді және олардың нәтижелері өңірде қант зауытын салуға болатындығына кепілдік береді. Қант қызылшасы - айналымға табысты кіре алатын және қосымша кіріс әкелетін тағы бір мүмкіндік, - деді Д.Мақажанов.

Сондай-ақ, ол ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыру және жаңғырту қажет екенін алға тартты. Қазіргі таңда елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға 400 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Мемлекеттен қолдау бар. Енді егін шаруашылығы мен мал шаруашылығының даму бағытын анықтау қажет.

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласын өндірушілер ел азаматтарының әл-ауқатын арттыруға арналған Президент жолдауын ерекше қабылдады. Сондықтан да, онда көрсетілген мақсат-міндеттерін бірлесе орындауға қолдау білдіретіндерін жеткізді.


Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz