Қос аймақ арасындағы өзара әрекеттестік туралы келісім Павлодар облысы әкімі Болат Бақауовтың биыл сәуір айында Түменге барған ресми сапарының түйіні десе болады. Мамандардың айтуынша, Павлодар мен Түмен облыстарының ұқсастығы көп. Яғни, екеуінде де ірі өнеркәсіптік база, мұнай өңдеу саласы бар, ауыл шаруашылығы да, оның өнімдерін өңдеу бағыты да жақсы дамыған. Қазіргі таңда Екібастұзда өсірілген раушан гүлдері Түменге жеткізілуде. Сонымен қатар, Ертіс өзенімен ресейлік өңірге қиыршық тас тасымалдау жөнінде келісім жасалған.

Ал павлодарлық тарапты түмен-діктердің мұнай-химия саласындағы тәжірибесі қатты қызықтырады. Сонымен қатар, шетелдік инвестициялар тарту бойынша Ресейдің көшбасшылары құрамына кіретін облыстың трансұлттық компанияларымен әріптестік қатынас орнатуға болады.

Форум аясында Болат Бақауов өңіріміздің туристік әлеуетін Алтай айма-ғының губернаторы Виктор Томенкоға да кеңінен таныстырды. Бұл ретте, облыс әкімі Ертістің Павлодар өңірінде қолға алынбақ өнеркәсіптік туризмге басымдық берді. Ол ресейлік әріптесіне әлемдегі ең үлкен ашық «Богатырь» кеніші мен Екібастұздағы ГРЭС-2-нің жер шарындағы ең биік өнеркәсіптік мұнарасы жайында айтып берді.

Жалпы, Қазақстанға келетін туристер санын жылына 13 миллион адамға жеткізу көзделуде. Бұл жөнінде Петропавлда өткен форумда айтылды. Қос елдің басшылары қатысқан пленарлық отырыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге келетін туристер қатарын арттыруға бағытталған туризмді дамытудың бағдарламасы әзірленіп жатқанын айтты.

Екі жақты кездесуде туризм турасында түрлі мәліметтер мен сандар келтірілді. Солардың біразына тоқталсақ.

- 2018 жылдың 8 айында Қазақстан мен Ресейдің арасында тауар айналымы 11 миллиард АҚШ долларынан асып түсті. Жыл соңына қарай 18 миллиард АҚШ долларына жетуі мүмкін.

- Екі ел арасындағы тауар айналы-мының 70 пайызға жуығы өңірлер алмасуына тиесілі.

- Тәуелсіздік жылдарында Ресейден Қазақстанға келген тікелей инвестиция- лар көлемі 14 миллиард АҚШ долларын құраса, Қазақстаннан Ресейге кеткені – 4 миллиард АҚШ доллары шамасында.

- Қазақстан мен Ресей 10 миллиард АҚШ долларының 60 инвестициялық жобасын жүзеге асырған. Бүгінде 6 миллиард АҚШ доллары сомасының тағы 57 жобасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

- Қазақстан мен Ресей арасындағы барлық есеп айырысудың 63%-ы ұлттық валютада жүргізіледі.

- Қазақстанда ресейлік капиталмен 9 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.

- Қазақстанның 66 жоғары оқу орны ресейлік 93 университетпен ынтымақтастықта.

- Жыл сайын 3,6 миллион қазақстандық Ресейге барса, 3 миллионға жуық ресейлік азамат Қазақстанға ат басын бұрады.

- Қазақстанда туристік ағынды 13 миллион адамға жеткізуге жол ашатын әрі 60 мың жаңа жұмыс орнын құруға ықпал ететін туризмді дамытудың бес жылдық бағдарламасын әзірлеу жұмыстары аяқталуда.

- Келесі он алтыншы өңіраралық ынтымақтастық форумы Омбы қаласында өтеді.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі.

saryarka-samaly.kz