«Қар аралас жапырақ» деген атаумен өткен шығармашылық кешке «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Николай Дычко, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, ақын Арман Қани және өлеңсүйер жастар қатысты.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қашан да жастарды қолдайды. Біз де өз тарапымыздан дарынды ұл-қыздарға әркез қамқорлық көрсетуге дайынбыз. Өңірде шығармашыл жастардың қаулап өсіп келе жатқандығы көңіл қуантады. Кеш иесіне шалқар шабыт, толағай табыс тілеймін, - деді Н.Дычко.

Ал халықаралық «Алаш» әдеби сый-лығының иегері Арман Қани болса, Жарқынбектің жалынды жырларындағы шымыр шумақтарына, оның өлең өрудегі өзіндік ерекшелігіне тоқталып өтті.

- Ертіс – Баян өңірінің әдеби әлеміне қалам тартып жүрген алдыңғы толқын ағаларды қуалай жас шоғыр өсіп келеді. Егеменді елімізбен бірге жасасып, ноқта-жүген тимеген, тарпаң асаудай тегеурінді жырларымен ерекшеленетін іні-қарындастарымды көргенде марқаямын. Қатарластарының алдыңғы қатарында тұрған Жарқынбек бауырымды бөле-жара атар едім. Оның бұлақ суындай мөлдір өлеңдері мектеп қабырғасында жүрген сәтінен бері маған жақсы таныс. Әдеби кеш жасау, жастармен пікір алмасу, шығармашылық ортаны кеңейтеді. Бұл үрдіс болашақта да жалғасын тапса деймін, - деді ақын Арман Бақтанұлы.

Әннен шашу шашылып, кестелі өлеңдер оқылған кездесу барысында жастар жағы кеш иесіне өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Солардың бірі - С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті, жас ақын Досжан Мұратбек. Ол осыдан біраз уақыт бұрын Жарқынбектің марқұм досы, ақын Әміржан Болатханұлының рухына арналған «Бір ақынды іздеймін» өлеңіне бейнепоэзия түсірген екен. Шараға қатысушылар осы бір сағынышқа толы сәттерден сыр шертетін бейнебаянды бірге тамашалады. Шара соңында кеш иесі Жарқынбек Амантайұлы әдеби кездесуді ұйымдастыруға ұйытқы болған «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалының «Жас Отан» жастар қанатына алғыс айтты.

Айтпақшы, Жарқынбек Амантайұлы кеш барысында жуық арада «Ескі сурет» атты жыр жинағының жарыққа шығатынын тілге тиек етті. Бұл - ақынның екінші кітабы. Осыған дейін ол «Аллажар» атты алғашқы кітабын оқырман назарына ұсынған еді. Ендеше, биыл ордалы 30 жасқа толатын Ертіс өңірінің дарынды ақыны Жарқынбек Амантайұлынан сүйінші жаңалық күтіңіз, оқырман!


А.ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz