Мұқаң ең алдымен үш қызметкер қысылып-қымтырыла отыратын ауыл шаруашылығы бөліміне ат басын тірейтін. Мұның жөні де бар. Үшеуіміз де Майлықпыз.

Мұқаң келген сайын: - Оу, Майлықтар хал нешік? - деп әндете енетін бөлмеге. Май ауданының ауыл шарушылығы саласы жан-жақты дамыған. Бөлім меңгерушісі Төлеубек Қоңыров - осы өңірдің тумасы. Оның үстіне аға әдеби қызметкер Қажымұрат Смағұлов осы аудандағы газетте редактордың орынбасары болып екі жылдай істеген. Мен де еңбек жолымды сол басылымда бастағам. Демек, қандай мәселелерге көбірек көңіл бөлу керектігі бізге мәлім. Әсіресе, мал түлігін өз төлі есебінен өсіру мәселесі талай жиынның арқауына айналып жүргені жасырын емес. Бұл ретте «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір», «Мал баққанға бітеді», «Жылқы - дала сәйгүлігі», т.б. айдарлар ел тұрғындарының ойын дөп басып, газет бетін ажарландыра түсетін. Аудан басшылары да Мұқаңның еңбекқорлығына тәнті, үнемі жағдай жасайтын.

Тіпті егіншілікке де мән беріліп, тары, жүгері дақылдарынының тәуір өнім бере бастағанына көз жеткен кез-тұғын. Әр шаруашылық активтері сол тұстағы елді табысты еңбекке жұмылдыруда қозғаушы күшке айналған социалистік жарысты бойтұмар етіп, тынымсыз жұмыс жасап жатқан шақ. Әлбетте, еңбек адамының уақытпен санаспай сіңірген жанкешті еңбегін жеріне жеткізе жазғанымызбен, отбасының тұрмыс жағдайы, үйдегі тыныс-тіршілігі, демалып-тынығуы, бала шағасының қам-қарекеті, келешегі екінші орынға ысырыла беретіні өзге тілшіге емес, меншікті тілшіге таныс жайт. Т.Қоңыров әр материалды жазғанда мәселенің осы жағын назардан қаға беріс қалдыруға болмайтынын әріптестерінің есіне сала жүретіні бар. Онсыз да Мұқаңды малшылар өмірі толғандырып жүргені бөлім меңгерушісіне мәлім. Дегенмен, тағы бір пысықтаудың артықтығы жоқ.

- Ақшиман жағына бір соғып өтетін уақыт жеткен сияқты - деп өткен жолы облыстық ауыл шаруашығы басқармасында болған кеңестегі әңгімені еске салды Төкең.

Менің есіме жақында ғана Май өңірінде болып, Мұқсихан ағамен бірге шаруашылық басшысымен кездескенде бірге отырғанмын, соны айтқанша болған жоқ, Мұқаңның өзі:

- Иә, ізін суытпай сол шаруашылыққа барып жағдаймен таныстым. Мына жігіт бірге барды (Мені сұқ саусағымен көрсетіп қойды). Міне, шаруашылық басшысы Балтабек Битеновпен болған сұхбат мына жерде, өзің қарап шығарсың, - деп Мұхаң қара портфеліне қол салып, төрт беттік қолжазбасын ұсынды.

- Керегі де осы еді, - деп бөлім меңгерушісі қол созды. Бүрсікүнгі нөмірге саламыз. Өзекті тақырыпқа арналған бұл сұхбат кідіріссіз өтеді, - деп Төкең көктен іздегені жерден табылғандай күйге түсті. Дереу материалды жедел қарап, машбюродағы Зейнекеш Кешубаева апайға апарып берді.

...Сол Ақшиманға бара жатқан жолда Мұқаң жүргізушіге бұрылып:

- Інішек, қазір алдымыздан солға қарай бұрылатын жол жатады, атаның басына зиярат етелік, аттап кетуге болмас, - деп сол бүйірге көз тастады.

- Ұқтым, аға. Ақбалық атаның басына демекшісіз ғой. Қазір барамыз, онша қашық емес. Жүргізуші жігіт Түндік өзенінің жағасындағы Шыңырау құдықты басып өтіп, айналасы 20 минутке жетер-жетпес уақытта атаның зираты басына алып келді.

Машина кабинасынан түсіп, кезінде құрылысына саман пайдаланған, қабырғалары жарым-жартылай мүжілген бірнеше ескі бейіттің (моланың) орны көрінген қорымға жақындадық. Отыра қалып Мұқаң құран оқыды. Бәріміз бет сипадық. Атаның зиратына қарай таяп барып, басына қойылған белгітасқа көзіміз түсіп, үңіле бастадық.Араб хәрпімен туған әрі өмірден өткен жылдары жазылса керек, өше бастапты. Руы Сырым деп көрсетіліпті. Мұқаң ұзақ үңіле әзер оқыды.

1965 жылы Май аудандық «Шамшырақ» газетінде тілші боп жүргенде осы маңда Ақбалық хазіреттің зираты бар деп естіген едім. Бірақ,ол кезде басына апарған ешкім болмады. Кеңес заманында «дін-апиын» деген саясат етек алып тұрған кез. Араға 10 жыл салып Мұқаңның арқасында сәті түскен жайы бар.

- Сендер, жастар, біліп жүрулерің керек, бұл - біздің елден шыққан атақты адам, діни ғұлама Ақбалық хазіреттің жатқан жері. Түбіміз бір. Атамыз ертерек заманда білім іздеп көп жыл туған жерден жырақта жатқан алыстағы Ташкент, одан соң Бұқара медреселерінде оқып, діни білімнің ғұлама ғалымы болып шығады. Есейе келе елге оралып, Май өңірінен мешіт ашады, медресе салғызған. Балаларды оқытқан. Әттең, атамыздың зиратын қалпына келтіріп, жаңартатын заман туса... Мұқаңның түрі қаракүреңденген қалпы бір күрсінді.

- Ұрпақтары бар ма? - деймін ағаның әңгімесіне зейін қоя.

- Бар болғанда қандай. Әлгінде Киров атындағы кеңшарды басып өттік қой, сондағы өзің газетіңе жазған озат жылқышымыз Нәдір Сабыров деген ағаң Ақбалық атаның немересі, оның да өсіп қалған бала-шағасы бар.

Мұқсихан аға Алматыдағы ҚАЗПИ-ді бітіргенін, Чапаев атындағы кеңшарда мұғалім болғанын білемін. Ескілікті әңгімеге жүйрік, әсіресе осы өңірдің арғы-бергі шежіресін айтқанда алдына жан салмайды, аузынан шыққан сөзін тыңдай бергің келеді құныға түсіп. Аудандық газет редакциясына да жиі келетін. Іләл Ахмедиев, Рәшит Сәбитов сияқты аға журналистермен жарасымды әңгімесін естіп қалатынбыз. Арада көп жыл өткеннен кейін осы ағамен сапарлас болам деп кім ойлаған. Әлбетте, «Қызыл тудың» меншікті тілшісі Мұқсихан Зайытов туралы естелік жазу үстінде өткен кезеңнің ұмытылмас бір күнін ғана айтсам деймін.

...Редакция тапсырмасымен мазасыз күн кешіп жүретін Мұқаң партия тұрмысы бөлімінің аға тілшісі Төлеубай Төлеубековпен замандас, ойын-қалжыңы аралас, бір-бірін шағып сөйлесетін. Төкеңді «Тай-Төлеу» дейтін. Бұл жанама есімді бұрынғы бас редактор Омарғали Құдышев еркелетіп қойып кеткен деседі аға буын өкілдері. Оған ол мәз болатын.

- Тай-Төлеуім-ау, бөлімде не жақсылық, бір жұмадан бері хабарласпай қойдың ғой, саған қоятын кінәм жоқ, портфелің екі қабат екен, ішінде елден толтыра сарқыт әкелгенбісің?

- Сарқыт таситын кезден өткенбіз, келсең тойдырып жібереміз.

Әріптесімен әзілдесе жолыққан Мұқсихан аға ол кісіден бір аптадан соң Май аудандық партия конференциясының өтетінін естіді.

- Осы мәслихаттан есеп жазу екеуімізге жүктеліп отыр, дайын бол, - деп алдындағы қағазға зер салған Төлеубай аға орнынан тұрды.

Сол күні Мұқаң үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі Қапан Сапарғалиевтің де кабинетіне кіріп, алдағы айдың жұмыс жоспарымен танысты. Идеология тақырыбына көп тілші көсіліп жаза бермейтінін білетін, екі тілде бірдей қалам тербейтін, үнемі жарқ еткен жақсы жаңалық іздеуге, оны шапшаң тауып, оқырманға жеткізуге ынтық Қапан аға идея айтуға, тақырып ұсынуға жүйрік-тін. Мұқаңа сол сәтте Белогорье (қазіргі Көктөбе) кеңшары партия комитетінің насихатшылар іріктеудегі үлгі тұтарлық жұмысы туралы, «Қызыл құрама» кеңшарында саяси оқу-ағарту кабинетінің меңгерушісінің іс-тәжірибесіне, әрі Қазан кеңшарындағы үгіт алаңының жұмысына көңіл аудару, соны назарға ұстау ойыңда болса дегенді ескертті.

Совет құрылысы бөлімінен аудан депутаттарының өткен сессияда айтқан сын-ескертпелерін орындауда нақты істің қолға алынбай жатқанын, материал әлі жазылмағанын қаперге алған бөлім меңгерушісі Әділбек Жұмаділденов сосын оның келесі айға шегерілгенін құлаққағыс етсе, қарсы жолыққан Еңбекші хаттар және бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ермек Демешов «Бір хаттың ізімен» жазылған сын материалыңыз кеше түскен, тездетіп оқып, редакторға қарауға бердім, - деп Мұқаңның қолын алды, - дер кезінде көтерілген мәселе.

Осылай Мұқаң жетекші бөлімдерді мүмкіндігінше аралап өтіп, ондағы әріптестерімен тілдесуі әдетіне айналған-ды. Екі аптаның бір күнін осылай өткізетін. Арасында жас журналистер Бақыт Баймұратов және Өскенбай Тастемхановпен де жолығатын.

Қай бөлімге енсе де таусылмайтын тақырып ұсынған әріптестері алдыңнан шығады. Бір ғажабы - осылардың бәрімен (үлкен-кішісімен) кейбір меншікті тілшілердей Мұқаң тілге кеп, реніш білдіріп, дауыс көтергенін, басшыларға дейін барып шағым жасағанын естіген, көрген емеспін. Бәрімен ортақ тіл табысып, өзара ұғынысып, сыйластықтың үлгісін танытатын. Соңында бас редакторымыз Сұбыхан Шошановтың, кейде оның бірінші орынбасары Кәрекеңнің - Кәрмұқан Бекбергеновтің кабинетінде отырғанын көретінбіз.

Қайран, ағаларым-ай. Әрқайсысы бір-бір тұлға еді ғой. Облыстың бас газеті - «Қызыл тумен» - («Сарыарқа самалымен») бірге жасасып, шығармашылықтың үлгісін көрсетті. Қазір олардың жолын шәкірттері жалғастырып келе жатқанына қуанамын. Мен үшін биыл туғанына 90 жыл толған Мұқаңның орны бөлек. Алғаш рет (1965 жыл.) Май аудандық «Шамшырақ» газетіне қызметке орналасқанда «бауырым» деп құшақ жая қарсы алған ағаны қалайша ұмытайын. Сол жылы бірінші іссапарымда шалғайдағы Ақшиман кеңшарына бірге барғаным, жолай Ақбалық хазіреттің жүдеу күйдегі зиратын көрсеткені жадымнан шығар емес.

Елу жылда ел жаңа демекші, биылғы тамыз айында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес хазіреттің ұрпақтары, жерлестері бас болып, діни тұлғаның ескі бейіті қоршалып, күмбезі көкке қол созған кесене орнатты. Меншікті тілшіміз М.Зайытовтың арғы атасы - Ақбалық хазірет жатқан мекен өңіріміздің киелі орындарының картасына енді. Мұқаңның бұдан 53 жыл бұрынғы ой-арманы жүзеге асқанына жұртпен бірге мен де қуанып, риза болдым.


Социал Әйтенов, Қазақстанның Құрметті журналисі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы.

saryarka-samaly.kz