Естеріңізге сала кетейік, екі жылдан бері ауқымын кеңейткен дәстүрлі жарыс былтыр республикалық турнир мәртебесін иеленген еді. Сондай-ақ газет жүлдесі үшін өткізілетін бұл жарыс 2017 жылы мемлекеттік ойындар тізіміне қосылған-ды. Аталған турнир биылғы жылы қарашаңырақ - облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылды. Сайыстың ашылу салтанатына «Сарыарқа самалы» газетінің ардагерлері мен журналистері, өңірдегі спорт саласының майталмандары мен өкілдері, өзге де қадірлі қонақтар қатысты.

- Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің дәстүрлі турнирі 2008 жылы алғаш бастау алған сәтте турнирге 180 спортшы қатысқан екен. Басылымның сол кездегі редакторы Мұхит Омаровтың бастамасын жалғастыруға ниеттенген газет ұжымы жыл сайын турнир ауқымын кеңейтуге күш салып келеміз. Бұл тұрғыда ұсынысымызды қолдап, демеушілік танытқан серіктестерімізге ризашылығымыз шексіз, - деді облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев.

Нұрбол Қанатбекұлы турнирдің өтуіне қолдау білдірген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына, Екібастұз қаласының әкімдігіне, облыстық кәсіпкерлер палатасына, Павлодар қалалық дене шынықтыру және спорт бөліміне, «Ертіс Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, Шарбақты ауданындағы жеке кәсіпкер Қисамиден Мәшеновке, қаладағы «Шахмат үйінің» ұжымына алғысын айтты.

Екі күн бойы арқа төрін дүрмекке бөлеген айтулы додаға Павлодар облысындағы барлық аудандармен қоса, еліміздің әр өңірінен тоғызқұмалақшылар келді. Айта кетерлігі, ой жарыстырар ойынға биыл тұңғыш рет Ауғанстан, Әзербайжан, Қытай, Моңғолия, Түркия елдерінің спортшылары қатысып, турнирді халықаралық деңгейге көтерді. Мәселен, бір ғана Моңғолияның Баян өлгей аймағынан келген 11 спортшы газет жүлдесіне таласты.

- Былтырғы жылы «Сарыарқа самалы» газетінің турниріне қырғыз елінің спортшылары қатысты дегенді естіп, жарысқа келе алмағанымызға өкініп қалған едік. Биыл бұл жарысқа алдын ала дайындалдық. Тіпті, Моңғолияның Тоғызқұмалақ федерациясы арнайы іріктеу өткізді. Осылайша, сыннан сүрінбеген спортшылар Павлодарға келіп қалдық. Мен осы турнирде тұңғыш рет ересектер арасында жарысқа түстім. Әуесқойлар мен кәсіпқойлар араласып өнер көрсететін жарыс болғанымен турнирдің ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары, - дейді моңғолиялық тоғызқұмалақшы Абдолла Тойлыбайұлы. Азия чемпионатында жүлдеге араласып, халықаралық додаларда топ жарып жүрген Абдолланың бұл жолы жүлдегерлер қатарынан көріне алмауы да қарсыластарының оңай шағылар жаңғақ болмағандығын көрсетсе керек.

Ойын барысында жарысқа арнайы қатысуға келген шетелдік спортшылардың ұйымдастырушыларға деген ілтипаты ерекше екендігін аңғардық. Соның бірі Түркия елінің намысын қорғауға келген Мерве Картал:

- Осыншалықты көп қатысушы жиналған жарысты алғаш рет көріп тұрмын. Барлығы да керемет. Павлодарлықтардың қонақжайлығы маған ерекше әсер қалдыруда. Бүгінгі таңда мен Түркістандағы Қожа Ахмет атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде дінтану мамандығы бойынша білім алудамын. Тоғызқұмалақты университет қабырғасында жүріп үйрендім. Болашақта Түркияға барған соң қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақты туысқандарым мен жақындарыма үйретсем деймін. Егер осы турнир келесі жылы да ұйымдастырылатын болса, мен міндетті түрде қатысамын, - дейді түркиялық ойыншы.

Облыстық басылымның додасына Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданынан шәкірттерін бастап келген жаттықтырушы Қайрат Шаутенов турнир туралы алғашқы ақпаратты әлеуметтік желі арқылы білген екен. Шәкірттерінің басым бөлігі бастауыш сыныптың оқушылары болғандықтан, оған осы турнирде 8-10 жас аралығындағы тоғызқұмалақшыларға 9-шы орынға дейін жүлде берілетіндігі ерекше қызығушылық тудырған көрінеді. Үш күндік ұзақ жолды артқа тастап еліміздің батысынан теріскейге келген Қ.Шаутенов Азия құрлығындағы мемлекеттердің тоғызқұмалақшылары жиылған жарысқа атсалысқандығына қуанышты екендігін айтты.

Шараның салтанатты жабылу рәсіміне Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы Дастан Қапаев қатысты. Дастан Исатайұлы басылым жүлдесі үшін ұйымдастырылатын турнирдің деңгейі мен ауқымының уақыт санап артып келе жатқандығына тоқталды.


Дастан ҚАПАЕВ, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы:

- Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газеті - бұқара халықпен бірге екендігін әркез ісімен дәлелдеп жүрген өнегелі ұжым. Бұл турнир ұлттық ойынның бұқаралық сипатын дамытуға ерекше ықпал етуде. Естеріңізде болса, былтырғы жылы Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов мырза редакция ұжымына ризашылығын білдіріп, Алғыс хат жолдаған еді. Федерация басшысы биыл да дәстүрден жаңылмай, турнир өткізіп жатқан берекелі ұжымға алғысы мен сәлемін айтты. Биылдың өзінде 6 мемлекеттің спортшыларының басын қосқан байрақты бәсеке халықаралық деңгейге көтеріліп келе жатқандығы көңіл қуантады. Төрт жүзден астам спортшыға бір уақытта қызмет көрсетіп, әділ төрелік ету де үлкен жауапкершілікті жүктейді. Бұл павлодарлық жаттықтырушылардың кәсіби деңгейінің жоғарылығын көрсетеді. Болашақта «Сарыарқа самалы» газеті турнирінің ауқымы бұдан да кеңейіп, қатысушылардың саны тағы да артатын болса, жарыс күнін бір күнге ұзарту туралы ұсыныс айтар едім.


Сондай-ақ ол 2 күннің ішінде 400-ден астам спортшының өнеріне әділ қазылық еткен төрешілердің еңбегіне тоқталып өтті.

Сонымен 6 жасар баладан 60-тан асқан ақсақалға дейін бақ сынауға болатын жарысқа қатысушылар жас ерекшеліктеріне байланысты 5 топқа бөлініп, өнер көрсетіп, газет жүлдесін сарапқа салды. Сайыста бабы келісіп, бағы жанған 60 тоғызқұмалақшы жүлдеге ие болды. Бұған қоса, жарыста жақсы өнер көрсеткен 4 ойыншыға арнайы аталымдар бойынша жүлделер тапсырылды. «Шеберлігін шыңдағаны үшін» номинациясы бойынша Алматы облысынан келген Айша Аманжол марапатталса, «Жеңіске деген құштарлығы үшін» аталымына семейлік Әлиғазы Қайсаров лайықты деп танылды. «Ең жас ойыншы» аталымын семейлік 5 жастағы Ердос Берікқанов иеленді. Ал қазақ руханиятына сүбелі үлес қосқан, облыстық тоғызқұмалақ федерациясының бұрынғы президенті, марқұм Ардақ Райымбеков атындағы арнайы жүлдені моңғолиялық 8 жасар спортшы Мирас Темірбек еншіледі. Жарыстың қорытынды жиынында моңғолиялық спортшыларды бастап келген Заманбек Қожаниязұлы ауқымды жарыс ұйымдастырған облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымына алғыс білдіріп, естелік сыйлық табыс етті.


Шәріп ҚАШКЕНОВ, «Шахмат үйінің» директоры, жарыстың бас төрешісі:

- Павлодар облысы ұлттық ойын – тоғызқұмалақ бойынша маңдайы жарқырап тұрған өңірлердің бірі. Соңғы жылдарда аймағымыз республикадағы үздік үштіктің қатарынан түскен емес. Биылғы жылы халықаралық және республикалық дәрежеде ұйымдастырылған барлық сайыстарда павлодарлық тоғызқұмалақшылар топ жарды. Мәселен, Қырғызстанда өткен III Дүниежүзілік көшпенділер ойынында біздің тоғызқұмалақшылар ел намысын абыроймен қорғап, алтыннан алқа тақты. Бұл тұрғыда тоғызқұмалақтан облыстың бас жаттықтырушысы Арыстан Қапаев бастаған жаттықтырушылардың еңбектері зор. Қай жарыста болмасын топ жарып жүрген өрендеріміз облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің турниріне қатысып, тәжірибе жинақтаған жандар. Газет жарысының деңгейі де, қатысушылар саны да жыл санап артып келеді. Шыны керек, адам саны артқан сайын қонақтарды қабылдау, барлығына бірдей жағдай жасау қиынға соғып барады. Қиындықсыз оң нәтиженің болмайтыны да белгілі. Ешбір кедергіге қарамастан төл ойынның төрге озуына үлес қосқан басылым ұжымына ризамын.


Қисамиден МӘШЕНОВ, Шарбақты ауданының Құрметті азаматы, аудандық мәслихат депутаты, жергілікті кәсіпкер:

- Спорт - өмірдің темірқазығы. Мен жастайым-нан ұлттық ойынға құмар болып өстім. Айналама төл ойындарымызды дәріптеуге шама-шарқым келгенше үлес қосуға тырысып келемін. Ұлттық ойындарға аздап қамқорлық жасап жүрсем, ол менің азаматтық борышым деп есептеймін. Атқарған жұмысымды жариялап көрсетуді де қаламаймын. Тек осы жолы сіздер қолқа салған соң ғана айтып отырмын. Біз жыл сайын Шарбақты ауданы, Есілбай ауылында қазақ күресі, белбеу күресі және тоғызқұмалақтан жарыс ұйымдастырамыз. Мақсат - бұқара халықтың арасында ұлттық ойындарды кеңінен насихаттау. Туған жердің жастарына өнеге-үлгі бола алсақ, оларға салауатты өмір салтын ұғындыра білсек, одан асқан бақыт бар ма? Биыл тұңғыш рет облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің тоғызқұмалақтан ұйымдастыратын турниріне қатысып, мүмкіндігімше көмек қолын создым. Жарыс маған ерекше ұнады. Бір мезетте осыншалық көп адамның тоғызқұмалақ ойнауы мені таң қалдырды. Турнирдің болашағынан үлкен үміт күтемін.


Осылайша, ұзын саны 500-ге жуық қатысушы жиналған ауқымды шара өз мәресіне жетті. Әрине, көптің көмегімен тындырылған тыңғылықты іске ата басылымның алғыстан басқа айтары жоқ. 90 жылдық тарихы бар облыстық «Сарыарқа самалы» газеті келер жылы да көпшіліктің көңілінен шығатын дүбірлі дода ұйымдастыруды жоспарлайды.

Қазақтың төл ойыны туралы көрнекті түрколог ғалым Сәрсен Аманжолов: «Қазақ халқының ескі мұрасының бірі – тоғызқұмалақ ойыны. Мұның қашаннан келе жатқаны жөнінде анық мәлімет жоқ. Тоғызқұмалақ ойыны бүкіл Орта Азияда, әсіресе, қазақ пен қырғыз халықтарының арасында көп ұшырасады. Бұл - қазақтың барлық ойынының ішіндегі ең қиыны, ойнаған адамның миы істеп, есепшілігі тез артып, тапқыштық жағы күшейеді», - дейді. Иә, тоғызқұмалақ ойыны - мәртебесі биік бекзат ойын! Ақын Абай тоғызқұмалақты сүйсініп ойнаған. Ақынның тоғызқұмалақ тақтасы Жидебайдағы жеке мұражай үйінде, өзінің бөлмесінде тұр. Сол секілді кешегі ірі қаламгерлер Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгеров сынды біртуар қаламгерлер де тоғызқұмалақ ойнаған.

Әрине, қазақтың қанына сіңген ұлттық ойынды дәріптеу, оған бұқаралық сипат беріп, ел арасында насихаттау - ата басылымның мақсаты әрі міндеті деп білеміз!


«Сарыарқа самалы» газетінің жүлдесіне арналған дәстүрлі ХI турнирдің
ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ МЕН ЖЕҢІМПАЗДАРЫ

8 жасқа дейін
Ұлдар:
I орын Әли АМАНЖОЛ, Семей қаласы.
II орын Бекнұр ТҰРСЫНБАЙ, БҚО.
III орын Асалан АРГОН, Моңғолия.
IV орын Бексұлтан ДОСАН, Семей қаласы.
V орын Мират БАҒДАТ, Павлодар қаласы.
VI орын Аспандияр ЖАНҒАЛИ, Ақсу қаласы.
VII орын Расул ӘУБӘКІРОВ, Павлодар қаласы.
VIII орын Жігер МИРАС, БҚО.
IX орын Серғазы ҚАЛИПА, Алматы облысы.

Қыздар:
I орын Диляра ШАЙКЕНОВА, Павлодар қаласы.
II орын Әмина АНДОСОВА, Ақсу қаласы.
III орын Аружан АЗАТ, Ақсу қаласы.
IV орын Амира ТАҢАТ, Аққулы ауданы.
V орын Аружан Манап, Шарбақты ауданы.
VI орын Әмина МАМТИМЕН, Семей қаласы.
VII орын Әйгерім СМАҒҰЛОВА, Семей қаласы.
VIII орын Іңкәр ҚАБЫЛБЕК, Баянауыл ауданы.
IX орын Сәбина ТЕМІРХАНОВА, Аққулы ауданы.

10 жасқа дейін
Ұлдар:
I орын Еркебұлан ДОЛСАН, Семей қаласы.
II орын Тамерлан САПАР, Ақсу қаласы.
III орын Нұржан ИСИН, Павлодар қаласы.
IV орын Дарын НҰРЛАНҰЛЫ, Қызылорда қаласы.
V орын Жантас БӨЖЕН, Ақсу қаласы.
VI орын Арнұр ШАХМЕТ, Ақсу қаласы.
VII орын Нұрхан ТОҚТАСЫН, Павлодар қаласы.
VIII орын Нұрғалым БАЙШҮКІР, Баянауыл ауданы.
IX орын Мәлика ӘСЕМХАНОВА, Семей қаласы.

Қыздар:
I орын Мөлдір ЖАНДАРБЕК, Қызылорда қаласы.
II орын Сымбат ЖҮСІПБАЙ, Павлодар қаласы.
III орын Назира ӘУБӘКІРОВА, Қызылорда қаласы.
IV орын Аника ТҰРСЫНБАЙҚЫЗЫ, Ақсу қаласы.
V орын Мәлика НАУКЕНОВА, Ақсу қаласы.
VI орын Еркежан МАМТИМЕН, Семей қаласы.
VII орын Мөлдір ТӨЛЕГЕН, Екібастұз қаласы.
VIII орын Айнара ТҰРСЫНБАЙ, БҚО, Жаңақала ауданы.
IX орын Аида НҰРТАСҚЫЗЫ, Ақсу қаласы.

12 жасқа дейін
Ұлдар:
I орын Азамат МАРАТБЕКОВ, Қызылорда қаласы.
II орын Нұржігіт СЕЙІЛХАН, Қызылорда қаласы.
III орын Сандыбат САХАРАҰЛЫ, Алматы облысы.
III орын Әділет БЕКМАХАН, Астана қаласы.

Қыздар:
I орын Динара ТҰРЛЫҒАЗЫ, Павлодар қаласы.
II орын Алина ИСЕНОВА, Павлодар қаласы.
III орын Айдана ТОҚТАРБАЙҚЫЗЫ, Семей қаласы.
III орын Алтынай ЗОРБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе қаласы.

15 жасқа дейін
Ұлдар:
I орын Бекзат ҚУАНЫШБЕК, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы.
II орын Сәулет ӘЙТКЕНОВ, Ақтөбе қаласы.
III орын Қуаныш ҚҰЛЖАН, Ақтөбе қаласы.
III орын Арыстанбек ЖӘНІБЕК, Екібастұз қаласы.

Қыздар:
I орын Нұрай ҒАНИҚЫЗЫ, Павлодар қаласы.
II орын Жәмила БАИЛДЯШЕВА, Екібастұз қаласы.
III орын Аяна ТЕМІРБОЛАТОВА, Павлодар қаласы.
III орын Айдана БАЯХМЕТОВА, Ақсу қаласы.

Ересектер тобы
Ерлер:
I орын Нұржан ҚОНАРБАЕВ, Астана қаласы.
II орын Бақтияр БАЙЖАНОВ, Павлодар қаласы.
III орын Рамазан ШАЙМАРДАН, Павлодар қаласы.
III орын Сұңғат ЕСЕНГЕЛДИН, Аққулы ауданы.

Әйелдер (қыздар):
I орын Әсел ТЕМІРХАНОВА, Ертіс ауданы.
II орын Ақсана ЖҰМАБАЕВА, Ақтау.
III орын Алмагүл ТӘКІШЕВА, Ақтөбе қаласы.
III орын Мәдина ҚАРАҚҰЛОВА, Павлодар қаласы.


Алпысбай ХОНЖ
Суреттерді түсірген – Дархан Өмірзақов.

saryarka-samaly.kz