Сөйтіп, «Жаңа ауыл ШҚ» ЖШС «Аға сеньор» құралын қолданған. Бұл дегеніңіз, шетелдік сарапшы шақырып, әлемдік тәжірибе алады. Екібастұздық кәсіпорын Нұрсұлтан Ыбыраев кез келген бизнестің табыстылығы ондағы білікті мамандар мен таңдалған стратегияға тікелей байланысты екенін жақсы түсінеді. Сондай-ақ, заманауи жабдық пен технологияны пайдаланудың да маңызы зор екенін біледі. Міне, осы қажеттіліктерін сайлап алған кәсіпкер шетелдік сарапшының да ақылын алудың артық етпейтінін ұғынған. Сөйтіп, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясындағы «Аға сеньор» құралының жәрдеміне жүгінген. Бұл жоба кәсіпкерлік субъектілерін тиімді басқару, озық технологиялар енгізіп, қызметкерлерді оқытудың жаңа әдістерін енгізу мақсатында білікті шетелдік мамандар тартуды көздейді. Экономиканың басымдықты секторында жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес өкілдері бағдарламаға қатыса алады. «Аға сеньор» бойынша шетелден сарапшы тарту бойынша барлық шығындар республикалық бюджет есебінен төленеді. Оның ішінде, маманның ұшып келіп-кетуі мен көрсеткен қызметінің құны мемлекет тарапынан өтеледі. Ал сарапшының кәсіпорынға келгеннен кейінгі шығындарын, яғни, тұруы, тамақтануы, тәуліктік төлемдері мен аудармашы қызметі шығындарын бизнесмен өзі көтереді.

Жуырда осы бағдарлама аясында Түркиядан келген сарапшы, Torku ET ve Süt mamulleri» тамақ өнеркәсібі компаниясының бас инженері Йылмаз Мехмет екібастұздық бизнесменге бар білгенімен бөлісті. Түркиялық маманның пікірінше, кеншілер шаһарындағы ет өнімдерін шығаратын жас өндіріс орнының қазіргі аяқ алысын оң бағапты. Сондай-ақ, сарапшы комбинатта қызметкерлердің еңбек нәтижесіне жоғары мән беретінін ұнатқан көрінеді. Н.Ыбыраев шетелдік жетекші маманның келуі кәсібін кеңейтіп, жұмысын жетілдіруге септігін тигізетініне сенімді.

- Сарапшымен бірге біз қақталған шұжықтың жаңа түрін әзірледік. Дәмдеуіштерді қолдану тәртібі турасындағы пайдалы кеңесін алдық. Бұдан бөлек, біз шұжықтың эстетикалық түрін қалай жақсарту қажеттігі жайында да ақпараттандық, - дейді Нұрсұлтан Ыбыраев.

Комбинат құзырлы органдардың, шетелдік мамандардың әлі де ақыл-кеңесін алып, көмек құралдарын қолдануға мүдделі. Сондықтан «Рахмет» ет комбинаты, шетелдік сарапшы және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы арасында үш жақты келесім жасалды. Палатаның Екібастұз қаласындағы филиалының директоры Медият Мұсанап бұл келісім өндіріс орнының одан әрі өркендеуіне ықпал ететініне сенімді.

Айта кетейік, аталмыш кәсіпорын қалдықсыз өндіріске негізделген. Себебі, сойылған малдың сүйегін де кәдеге жаратып отыр. Одан сүйек ұнын жасап, оған ақуыз қосып, малға беретін гранулалар шығарады. Бүгінде комбинатта қақталған, пісірілген ет өнімдерінің 30-дан астам түрі өндіріледі. Кәсіпкер оның аясын тағы да кеңейтуді көздейді.


Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz