- Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Осыған орай, Үкіметке «Цифрлы Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын, - деп атап өтті Президент. Міне, содан бері білім беру, денсаулық сақтау, қаржы, экономика және сауда-саттық сынды маңызды салаларды қамтыған цифрландыру процесі архив саласына да жетті.

Павлодар облысының мемлекеттік архиві басшысының орынбасары Мәулен Ақановтың сөзінше, қорда сақталған құжаттарды сандық форматқа көшіру жұмысы ағымдағы жылдың тамыз айында басталған. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2022 жылға дейін жалғасатын арнайы жоспар да құрылды. Биыл бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 72 млн. теңге қаражат бөлінген. Бұл жүйенің зерттеушілер үшін де, архив қызметкерлері үшін де тиімділігі жоғары екенін айтады.

- Павлодар облысының мемлекеттік архивінің қорында 600 мыңнан астам құжат бар. Мұның барлығын электронды жүйеге көшіру, яғни компьютерге енгізу оңай шаруа емес екенін аңғардық. Кем дегенде 4-5 жыл уақыт керек. Ал бұл бағдарламаның мақсаты не? Біріншісі – элекронды мемлекеттік архив құру. Екінші – құжаттарды сандық форматқа көшіру арқылы осы салада көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін жеңілдету. Яғни, қандай да бір мекемеден немесе жеке адамдардан сұраныс түскен кезде құжаттарды сөрелерден іздеп жүрмейміз. Егер белгілі бір азамат туралы мәлімет керек болса, сол кісінің аты-жөні арқылы компьютерден тауып алуға болады. Бұл қос тараптың жұмысын жеңілдетеді және уақытын үнемдейді. Мысалы қазір бір құжатты табу үшін жарты күн іздейтін болсақ, электронды жүйе арқылы оны жарты сағаттың ішінде табуымыз мүмкін. Үшіншіден, құжаттардың электронды нұсқасы ешқашан ескірмейді. Өздеріңіз білесіздер, ескі құжаттарды орнынан қозғаған сайын, беттерін парақтаған сайын сарғайып, ескіре береді. Яғни, құжаттардың сапасы жоғалмай ұзақ уақыт сақталады. Міне, осы дәрежеге мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарлама-сын жүзеге асыру арқылы қол жеткізбекпіз, - дейді Мәулен Қайрашұлы.

Жергілікті архив қорында сақталған құжаттардың барлығын электронды жүйеге көшіру мақсатында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында арнайы техникалар сатып алынған. Олардың қатарында үш түрлі сканерлеу құрылғысы бар. Мысалы, планетарлы сканердің бұрынғылардан ерекшелігі – суреттердің сапасын жоғалтпайды. Керісінше айқындап, үлкейтіп көрсетеді. Ал, құжаттарды үздіксіз сканерлеу құрылғысының жылдамдығы таңқалдырды. Бір минуттың ішінде 240 бетті компьютерге енгізе алатын мүмкіндігі бар. Бұдан бөлек, цифрлық жүйеге көшірілген барлық құжаттардың мәліметтер базасын сақтайтын үлкен электронды сейф орнатылған. Қазіргі күні архив құжаттарына арналған бағдарлама құрылуда.

Павлодар облысының мемлекеттік архивінде құжаттарды электронды жүйеге көшіретін арнайы ақпараттық технологиялыр бөлімі ашылған екен. Қазір онда мекеменің басқа бөлімдерінен ауысып келген тәжірибелі мұрағатшылармен қатар, мемлекеттік жастар тәжірибесі бағдарламасы арқылы келген жас мамандар жұмыс істеуде.

- Қазіргі уақытта мұрағатта сақталған аса бағалы және ең ескі құжаттарды сканерлеу арқылы жүйеге көшіру үстіндеміз. Олардың қатарында мешіттердің, шіркеулердің, басқа да мемлекеттік мекемелердің паспорттары мен 1901 жылдан бастап дүниеге келген адамдардың аты-жөндері жазылған журналдар бар. Сонымен қатар, сол кездегі жергілікті әкімдіктер мен мемлекеттік мекемелер шығарған шешімдер мен қаулыларды және жеке тұлғалардың өмірбаяндарын компьютерге енгізудеміз. Құжаттарды сканерден өткізу кезінде барынша мұқият болмаса, кейбір беттер түспей қалуы немесе жыртылып кетуі әбден мүмкін. Себебі әбден ескірген парақтар бір-біріне жабысып қалады екен. Мұндай жағдайда екі-үш бет қатарынан өтіп кетеді. Сондықтан бір құжатты сканерлеп алғаннан кейін барлығының беттерінің нөмірлері арқылы қайта түгендеп шығамыз. Одан кейін мәліметтер шашылып қалмас үшін қайта тігіп, бұрынғы қалпына келтіреміз, - дейді архив қызметкері Жібек Салықбаева.

Аталған саланы цифрландыруды елімізде ең алдымен ҚР Президент әкімшілігінің архиві бастаса, екінші болып Павлодар облысы іске кіріскен. Павлодар облысының мемлекеттік архивінің басшылығы бұл жобаны бастамас бұрын басқа өңірлермен тәжірибе алмасқан. Біздің мамандар әсіресе Президент әкімшілігінің архивімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сонымен қатар, Ресейдің Подольск қаласындағы соғыс мұрағатының мамандарымен байланыс орнатып, құжаттардың сандық жүйеге көшірудің тиімді жолдары туралы тәжірибе алған.

- Архив құжаттарын цифрлық форматқа көшіру – біздің өңірдің тарихы үшін, ертеңгі болашағымыз үшін аса маңызды қадам. Сондықтан осы бөлімді құрған кезде өз ісіне тиянақты және жауапкершілікпен қарай білетін мамандарды ғана қабылдадық. Себебі бір құжаттың ішінен бір бет қалып қойса, ол біздің тарихымыз үшін жасалған үлкен қиянат болады. Қазіргі таңға дейін мыңнан астам құжатты цифрландырып үлгердік. Жоспар бойынша, 2022 жылдың төртінші тоқсанына дейін аяқтауымыз керек, - дейді мемлекеттік архив басшысының орынбасары М.Ақанов.


Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz