Таптырмас томограф

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Роза Жүсіпбекованың айтуынша, былтыр өңіріміздің екі ауруханасына жөндеу жүргізіліп, компьютерлік томограф орнатылды. Бұл әріптестік аясындағы жоба инвес-тор «Джохаев» жеке кәсіпкерлігінің қаражатына жүргізілген. Мұндай аса қажетті жабдықтар былтыр Павлодар қаласындағы №1 аурухана мен Екібастұз қалалық ауруханасына орнатылыпты. Мамандар Екібастұз қаласының ауруханасы неге таңдалғанын айтып берді. Бұл медициналық мекеме өңіріміздегі көп бағдарлы жалғыз стационар екен. Яғни, мұнда үлкенге де, кішіге де көмек көрсетіледі.

- Астана-Павлодар күре жолының бойына травматологиялық пункт ашылғаны белгілі. Мұнда жол-көлік апатынан зардап шеккен азаматтар жиі жеткізіледі. Одан бөлек, қалада инсульт орталығы құрылғаны тағы бар. Мұнда бастың қан айналымы бұзылған жандарға да дереу жәрдем қажет. Сондықтан, жедел әрі жоғары сапалы көмек көрсетіп, адамның өміріне араша түсу үшін компьютерлік томографтың маңызы зор. Жабдық тәулік бойы қызмет көрсетеді, - дейді Роза Кенженқызы.

Инсульт алған, қан айналымы бұзылған науқастарды қозғауға болмайтыны белгілі. Мұндай сырқаттармен Павлодар қалалық №1 ауруханаға да көптеп түседі. Себебі мұнда инсульт орталығы бар. Бұрын компьютерлік томографтың жоқтығынан пациенттерді өңірлік кардиологиялық орталыққа апаруға тура келген. Науқасты қозғау аса ауыр екенін әрі уақыт жоғалтып алу қаупі барын ескерсек, қалалық ауруханада орнатылған томографтың тигізер пайдасы молынан болмақ. Мамандардың айтуынша, жоғары сапалы қызмет көрсетуге жол ашқан аппараттардың нәтижесінде қан айналымы ауруларының азайғаны аңғарылады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Сәуле Арыстанованың айтуынша, биыл сегіз айда қан айналымы ауруларының көрсеткіші 13 пайызға кеміген.

Инвестор есебінен бұл қос мекеменің бөлмесіне жөндеу жүргізіліп, аппарат орнатылғаннан кейін барлығы коммуналдық меншікке өткізілген. Содан соң инвестордың өзіне сенімді басқаруға беру ұйғарылыпты. Яғни, бизнесмен мемлекеттік тегін кепілді қызметтен бөлек, ақылы тексеріс өткізу арқылы да табыс көру мүмкіндігіне ие болып отыр. Айта кетейік, мемлекет жобаның құнын бес жылда бөліп қайтарады.

Ал биыл Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханасы да әріптестік аясында компьютерлік томографқа қол жеткізді. Инвестор 240 млн. теңгеге жабдықты сатып алып берген. Бес жыл сервистік қызмет көрсетеді. Құралдың құны төрт жылда қайтарылмақ.

Көрсеткіш оңалыпты

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тағы бір тармағы - мекемелерді инвесторға сенімді басқаруға беру бастамасы. Яғни, кәсіпкер мемлектетік мекемені белгілі бір мерзімге иелігіне алып, тұрғындарға әдеттегідей қызмет көрсетеді. Бұл жерде мемлекет бизнесменге мемлекеттік тапсырыстар беріп отырады. Кәсіпкер мекеменің материалдық-техникалық базасын жақсарту жөнінде де келісім жасалады. Міне, осындай жүйемен Павлодарское және Кенжекөл ауылдарының дәрігерлік амбулаториялары мен Екібастұз қалалық №1 емханасы сенімді басқаруға берілген. Мәселен, кеншілер шаһарының медициналық мекемесін басқаруға алған «Дисконт» ЖК мұнда ғимаратты жөндеп, біраз жабдықтар сатып алған. Сәуле Арыстанованың айтуынша, аталмыш мекемеде қызмет сапасы жақсарып, көрсеткіштер оңалған. Мәселен, биыл тұрғындарға тұмауға қарсы екпе егу жағынан шаһарда ең жоғары көрсеткіш көрсетіпті. Инвестор дәрігерлерді оқытуға ден қойған.


Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz