Ұлтжанды ұстаз

Елдің іші еркелетіп Еркін атап кеткен Ерболат Мундуинов ағамыз кешегі ақтаңдақ ақиқаты аяқ астына басылып, қылыш мұртынан қан тамшылаған көсемнің кезінде, яғни 1937 жылы 27 сәуір күні бұрынғы Максим Горький (қазіргі Качир ауданы) ауданының Қызылтаң ауылында дүниеге келген. Қызыл көліне қызыр қонған аяулы ауыл аштық нәубеті мен қуғын-сүргіннің кезінде талай боздаққа босаға болған жер екенін біреу білсе, біреу білмес. Осындай шуағын көпке шашқан ауылда өмір есігін ашқан Ерболат Мундуиновтың ата-анасы қарапайым колхозшы, шаруашылықтарын дөңгелетіп түтін түтеткен адамдар болған. Тағдырдың маңдайға жазғаны болар, жаста-йынан қос бәйтерегі морт сынып, жетімдіктің кермек дәмін татады. Дегенмен аға-жеңгесі бауырына басып, солардың туыстық жылуын сезініп, ауылдың орта мектебін тәмамдайды. Жастайынан колхоз жұмысына араласып, ерте есейеді. Келешегін жарық ету мақсатында білім жолына түседі. Осылайша ол қазіргі Б.Ахметов атындағы педагогикалық училищесінде тәлім алады. Одан кейін Семейдегі Н.К.Крупская атындағы Семей педагогикалық институтына оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім иесі атанады. 1957-1960 жылдар аралығында Кеңес Одағы әскері қатарында азаматтық борышын өтеп, туған еліне оралады. 1966 жылдан бастап облыстық білім бөлімі басшылығының жолдамасымен Ақтоғай ауданының білім беру саласына жұмысқа келген. Аудандық білім бөлімі мол жауапкершілікті жүктей отырып, оны орталықтан қиыр орналасқан Шығанақ ауылына бастауыш мектептің меңгерушісі әрі мұғалімі етіп жіберген. Керегесін енді керген Еркін ағаға отбасымен шалғайдағы ауылға барып еңбек ету жеңіл болмағанын атап өту керек. Дегенмен бұйрықтан басын алып қашпайтын сауаттылығы мен мәдениеттілігі, оның үстіне тау қопаратын жастық қуаты алыстағы ауыл мектебін жаңаша түлетуге септігін тигізді. Төрт жыл еңбек еткеннен кейін жаңадан ашылған Спартак бюджеттік интернатының тізгінін ұстаған. Бұл-дағы жас маманға жүктелген зор міндет болатын. Дегенмен барлық артылған тапсырмаларды шашау шығармай орындап, Қарақоға, Шідерті, Новотроицк кеңшарына қарасты Шығанақ ауылдарының мектептерінде жоғары міндеттерді атқарды. Еркін аға еңбек еткен мектептерде бала тәрбиесімен қатар көріктендіру жұмыстарына ерекше мән берген. Осылайша, тақыр жерге жасыл желек орнатып, гүлмен көмкерілген гүлзарлардың пайда болуына мұрындық болған. 1981 жылы Ақтоғай ауданына қарасты Жоламан ауылының білім ошағына ауысып келіп, көп жыл талмай тер төгіп, құрметті зейнеткерлікке шықты.

Еркін Қабышұлы ұстаздық жолында оқу-әдістемелік еңбек жазуға ден қойған. Мәселен, алғашқы мұндай еңбегі 1964 жылы жазылып, басылып шыққан. Ғылыми жетекшілері - оқу-ағартушылық саласының үздігі Уахап Қапенов, Хабиболла Тезекбаевтар. Жоғарыда аталған ғылыми еңбегі Қарағанды қаласында өткен мұғалімдердің республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында оқылып, оң бағаланып, мектептерге тарату туралы ұйғарымға ие болған. Бұл тек қана мұғалім үшін емес, жалпы аймақтың білім беру саласы үшін үлкен жетістік болғаны даусыз. Ал алдын көрген талай шәкірттері түрлі салада еңбек етіп жүр.

Бір атап өтерлігі, Еркін Қабышұлының жалпы еңбек өтілі 42 жыл болса, соның 39 жылын педагогикалық салаға сарп еткен екен. Бала тәрбиесі жолында бұл жылдарды да жанкештілік деуге тұрарлық. Бүгінгі күні екі баласы әке жолына түсіп, ұстаздық қызметін жалғастыруда.

Қайраткер журналист

Біз кездескенде Еркін аға іш тартып: «Менің өмірім екі жолмен өрілді, біреуі - мұғалімдік, екіншісі - журналистік жол», - деген болатын. Ұстаздық жолын айттық. Ал журналистика саласындағы сүбелі еңбегі жұртты сүйсінтеді. Оның өмір жолына назар аударатын болсақ, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап қолына қалам алып, әлі күнге дейін сол «асыл досын» тасада қалдырған емес. Аудандық «Ауыл тынысы», «Пульс села» және облыстың қазіргі бас газеті «Сарыарқа самалы» басылымы мен республикалық бұқаралық ақпарат құралдарына үзбей мақалалар жариялап, жұрттың назарынан түскен емес. Журналис-тика саласында оның қаламынан ауылдың тыныс-тіршілігі, атақты ардагерлер мен үздік мамандар, тарихи деректер мен шежірелік дүниелер қалыс қалған емес. Бүгінгі күнге дейін шығармашылығының шыңы Ақтоғай ауданының құжаттамалық тарихы негізінде құрастырылып жазылған төрт еңбегін атап өтуге болады. Кеңес Одағының Батыры Құдайберген Сұрағановтың өмір жолы мен ерлігіне арналған кітабы, қасиетті Жандарбек қожаның аруағын бір аунатқан еңбегі жарық көрді. Сонымен қатар, қазіргі күні Естайдың өмірін тап басып өрген Қимадиден Нығымановтың «Естай» поэмасы мен кезіндегі колхоз өміріне құрылған «Сел» повесінің тасқа басылып шығуына мұрындық болды. Бір кездескенде Еркін аға: «Қимаш ақынды жас кезімде көзім көрді, аралас-құралас болдым. Ол елдің тарихын көп жазды. Бірақ бәрін кітап етіп шығара алмай кетті. Бұл істі мен өзімнің інілік және азаматтық парызым санаймын», - деген болатын. Е.Мундуиновтың бойына мұндай тарихи құндылығы жоғары, құжаттамалық деректерге құрап жазу стилін де журналистика саласы дарытқаны сөзсіз.

Тағы да бір атап өтерлігі, ол кісінің Ұлы Отан соғысының батырларының өмірі туралы қалам сілтеп, қаһармандық қимылдарын баспасөз бетіне шығарып, келешек ұрпақ үшін мәңгілік ұмытылмас дүние қалдыруы. Ол немерелер мен шөберелердің өз аталары туралы танып-білуіне соқпақ салғаны да өтірік емес. Ұмытылып бара жатқан аталарымыз жайлы мерзімді баспасөзде мақала жаза отырып, тарихтың бұлағын ашты десек, артық айтқандық болмас.

Еркін аға 1981 жылы Жоламан ауылына қоныс тепкенін жоғарыда айттық. Ол кісі қайда барса да, қалтасынан қаламсабы мен қойын дәптерін тастаған емес. Бойына біткен жанашырлық қасиетінің арқасында талай жерлесіне көмек қолын созған. Соның біреуін ғана айтсақ. Ол - Жоламан ауылының тұрғыны, алғашқы тың игерушілердің бірі, Ұлы Отан соғысына қатысушы, мүгедек Петр Распопинге қолғабыс жасауы. Фашистермен соғыс кезінде ортан жілігіне зақым келіп, басқа да жарақаттар алып, кемтар болып қалған жерлесінің әлеуметтік жәрдемақы да алмайтынын біледі. Мұндай әділетсіздікке іші күйген ол өз қаражатын ортаға сала отырып, талай лауазымдылардың есігін қаққан. Бірақ бәрі «соғыстың аяқталғанына қырық жылдай уақыт болғандығын, тіпті Мәскеудегі жауапты органдарға хат жазсаң да, еш көмек болмайды» дегендей, сыңаржақ жауаптар айтып шығарып салған. Әбден амалы таусылғаннан кейін көмектессе жан жолдасы газет қана көмектесер деген ішкі дәмемен сол кездегі «Қызыл ту» газетінің редакциясына бас сұғып, редакторымен келісе отырып, «Уржумнан шыққан жігіт» атты көлемді мақала жариялап, оның қиянпұрыс тағдырын өреді. Газет шыққаннан кейін мақаласын қиып алып сол уақыттағы Халық депутаттары Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы Жақсылық Ысқақовтың қабылдауына барып, мәселенің мән-жайын түсіндіреді. Осылайша еленбей қалған соғыс қатысушысы П.Распопинге Жеңістің қырық жылдығы қарсаңында «екінші топтағы соғыс мүгедегі» деген куәлік тапсырылып, қолмен басқарылатын «Запорожец» көлігі беріледі. Бұл Еркін ағаның қайраткерлігі және журналистика саласындағы қоғамдық еңбегінің жемісі екені даусыз.

Е.Мундуинов қолына қалам алғаннан бері «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетімен қанаттас болды, штаттан тыс тілшісі ретінде ауданның ахуалы жайлы мақалалар топтамасын жазды. Журналистиканың жілігін шаққан талай ағаларымен тақырыптарды талқыға салып, майын бірге ішті. Үйренді, білді, жігерленді. Қазір өзі жас желеңге үйретіп жүр. Бұл - ұрпақ сабақтастығы.

Көп жылғы журналистік еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Облыстағы білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы жолдамасымен Алматыдағы таулы аймақтағы шипажайлардың бірінде демалады. Ол кезде көпке бұйыра бермейтін мұндай жолдама бойынша демалыстың да құнарлы өткені абзал. Бойына біткен жігер мен жаңалыққа құштарлық оны Журналистер одағының басқармасына жетелейді. Сол жерде төрағамен танысып, шығармашылық жұмыстарын көрсетіп, ортақ сұхбат құрады. Еркін ағаның еңбектеріне көз жүгіртіп, журналистика саласының сырына қанық екендігіне көзі жеткен төраға оны Журналистер одағына қабылдайтындығы туралы шешім білдіреді. Ол кезде бұл ұйымға тек қана бұқаралық ақпарат құралдарында тікелей жұмыс істейтіндер өтетіндігін ескерсек, бұл-дағы үлкен бағалау екендігін атап өткен жөн.

Қоғамдық мәселелер жүрегін сыздатқан ағамыз талай күрделі істің басында жүрді. Қарақоға ауылы тұрғындары үшін Шідерті-Ақтоғай-Павлодар жолаушылар тасымалының автобус маршрутын ашуға ықпал еткен. Жоламандағы мектепті қазақ тіліне ауыстыру жолында серіктестерімен бірге көптеген жанкешті істерді өткерді. Дегенмен діттеген мақсатына жетті, әлеуметтің құрметіне бөленді. Бастысы, ауыл мектебі толықтай қазақ тілінде білім беретін қайнарға айналды. Бұдан асқан бақ бар ма?

Еркін аға Мундуинов көптеген мадақтар мен марапаттаулардан кенде емес. Кеудесіне мерекелік медальдар да қадалды. Құрмет грамоталарымен марапатталды. 2013 жылы «Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Ертеден тұрып, елдің тарихын жазып, ұрпақ үшін ұлан-ғайыр еңбек жасап, аламан жұрттың алғысына бөленген, сексеннің сеңгіріне шыққан ұстаз, публицист ағамыздың облыс алдында сіңірген еңбегі зор. Бұл да аймақ басшылығы тарапынан еленіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Қазақ елі бірінші кезекте осындай ақсақалдарымен бақытты да айбынды. Еліңде қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең, - деп бекерге айтылмаған болар. Ортамызда жүрген жөн сұрасаң, жол көрсететін қаламгер Еркін Мундуинов ағамыздың қаламы оқырмандарын әлі де қуанта береді деген сеніміміз зор.

 

Бейбіт БӨЖЕН, ақын.

saryarka-samaly.kz