Бәріміз төл теңгеміздің тарихын, оның қандай қиындықпен, құпия түрде жасалғанын жақсы білетін болармыз. Сондықтан, өткенге оралып, тарихқа үңілу артық болар. Бір анығы, 1993 жылдың 15 қарашасында отандастарымыз ұлттық валютаны қолына алғаш рет ұстады. Бұл Қазақстан ешкімге тәуелді емес екенін айшықтап берді. Себебі, елдің азаттығы үшін мемлекеттік рәміздер мен ұлттық валюта болуы тиіс.

Жасыратыны жоқ, өткен ғасырдың 90-ыншы жылдары «теңге аяққа нық тұрды» деп ауыз толтырып айтуға келмес. Бұған төрткіл дүниеге экономикалық, қаржылық тұрақсыздық әсер етті. Есесіне, жаңа ғасырдың алғашқы жылдарынан-ақ төл валюта нарықтағы орнын ойып тұрып алды. Нәтижесінде 25 жылда еркін, реттелмейтін валюта болып қалыптасты.

Теңгеге қатысты әңгіме өрби қалса, оның АҚШ долларына шаққандағы бағамы туралы ой-пікір қатар жүреді. Бұл заңдылыққа айналғандай. 2015 жылдың тамызында Қазақстан инфляциялық таргеттеуге және еркін айырбастау курсына көшкен соң қоғамда көп күмән туындағаны рас. Бірақ, уақыт өте келе валюталық нарық тұрақталып, қаржылай жағдай сенім ұялата бастады. Қазіргі уақытта ұлттық валютаның айырбастау курсы нарықтық талаптарға сүйенеді. Нақтысын айтқанда, сұраныс пен ұсынысқа сәйкес қалыптасады. Қазақстанның қаржы-герлер қауымдастығының сараптамалық орталығының сарапшысы Рамазан Досовтың пікірінше, қаржы нарығына қатысушылардың «көңіл-күйі» сыртқы өзгерістерге, әсіресе ресейлік рубль мен мұнайдың бағасына байланысты. Ал ішкі факторлар өзгеріссіз қала береді.

- Халықтың теңгеге деген сенімі бар. Оған ұлттық валютада сақталатын депозиттер көлемінің жыл санап артуы дәлел. Мәселен, жыл басынан бері теңгелік салымдар 1,1 пайызға, ал шетелдік салымдар 0,5 пайызға өскен. Бұл теңгенің бәсекеге қабілеттілігін әрі сол бәсекеде жеңіске жететінін көрсетсе керек. Себебі, ақшасын ұлттық валютада сақтайтын азаматтарға пайыздық мөлшерлеме көбірек есептеледі. Кейбір банктерде жылдық мөлшерлеме 13-14 пайызды құрайды. Ал шетелдік валютаға қатысты пайыздық мөлшерлеме – 1 пайыз. Яғни, ол бәсекеге қабілетсіз, - дейді Р.Досов.

Бұл ретте ел билігі несие алушылардың жағдайын да назардан тыс қалдырған жоқ. Әсіресе, банктерден қарыз алып, баспаналы болуды қалайтындардың мәселесін оң шешіп берді. Шетелдік валютамен пәтер алып, кейін оның бағамы өскен сайын ай сайынғы төлемі де көбейіп, берешекке белшесінен батқандар көп. Осыны ескерген ел билігі екінші деңгейлі банктердің шетелдік валютамен ипотекалық займ беруіне шектеу қойды. Әйтпегенде, көпшілік кейбір тұтынушылар сияқты сан соғып қалар еді. Ал несиені теңгемен алар болса, алдағы мерзімде ұлттық валютамен қайтарып, тығырыққа тірелмейтінін білетін болады.

25 жыл аралығында төл теңгенің нарықтағы орнына ғана емес, сыртқы дизайнына да бірқатар өзгеріс енгізілді. Тіпті, 1 мың, 5 мың және 10 мың теңгелік купюралар бірнеше жыл қатарынан әлемде үздік болып танылғаны есімізде. Түстердің үйлесім табуы, сыртқы көріністер, бастысы қауіпсіздік деңгейі сырттағы сарапшылардың тарапынан оң бағаланды. Бір сөзбен айтқанда, біздің ұлттық валютамызды қолдан жасап, жалған ақша шығару қиынның қиыны. Осылайша, заңсыз пайда көремін деушілердің жолы кесілді.

Бұл ретте айта кетерлік жайт – таяуда ғана ҚР Ұлттық банкі теңгенің 25 жылдығына орай коллекциялық монеталарды шығарды. Номиналы 500 және 5000 теңге болатын монеталар күмістен, ал 100 теңгеліктер мельхиордан жасалған.


Керек дерек:
• «ҚР ұлттық валютасын енгізу туралы» жарлық 1993 жылдың 12 қарашасында шығып, теңге 15 қараша айналымға енгізілді;
• Алғашқы қағаз ақшалар Англияда, тиындар Германияда басып шығарылды. Олар елімізге 18 әуе рейсі арқылы жеткізілді;
• Қазақстанның Банкноталық фабрикасы 1995 жылы ашылды;
• Бүгінге дейін теңгенің дизайны 4 рет өзгерді.


Ширек ғасыр – аз уақыт емес. Осы мерзім аралығында әлемдегі көптеген валюта жоғалып, шетелдік ақшаға иық тірей бастады. Ал төл теңге тегеурін танытып, құндылығын арттырмаса, еш жоғалтқан емес. Лайым солай болғай!


Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz