Ақтоғайлық Ольга Свистунова ерлердің ісіне баланатын кәсіп – пластикалық терезелер шығарумен айналысады. 2015 жылы жеке кәсібін ашып, облыс жұртшылығын сапалы өніммен қамтып отыр. Оған қоса, жергілікті 2 тұрғын үшін жаңа жұмыс орнын ашты. Жаз уақытында, яғни сұраныс артқан кезде қосымша жұмысшылар алады.

- Мен кәсіп ашқан тұста дайын пласти-калық терезелерді тапсырыс берушіге дейін жеткізіп беретін көлік болған жоқ. Сол себепті «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік грантқа ие болып, оған жүк көлігін сатып алдық. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының биылғы Жолдауында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын 5 жылға ұзарту туралы тапсырмасы қуантты. Енді кәсіпті дамытуымызға тағы бір мүмкіндік пайда болды. Мемлекеттің қаржылай қолдауы арқылы қосымша бірнеше құрал сатып алмақ ойым бар. Сонымен қатар, келесі жылдан бастап қызметкерлердің жалақысын көтеремін, - дейді «Свистунова» жеке кәсіпкерлігінің басшысы О.Свистунова.

Павлодар қаласында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен Іскер әйелдердің облыстық форумына өңірдің әр түкпірінен осындай 200-ге жуық нәзік жанды кәсіпкер жиналды. Іскер әйелдер шығаратын өнімдер көрмеге қойылып, көпшілік қауымға таныстырылды. Олардың қатарында түрлі шөптен дайындалған сусын, көрпе-жастық, ағаштан, шыныдан жасалған бұйымдар және тағы басқалары бар.

Форумға арнайы келген «Атамекен» ҰКП жанынан құрылған республикалық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова Павлодар облысында жаңа жоба бастауды ұсынды.

- Еліміздегі өндіріс орындарының 9 пайызын әйелдер басқарады. Индуст-риялық орталық саналатын Павлодар облысында бұл көрсеткіш өзге өңірлерден жоғары. Нәзік жандылардың түрлі өнеркәсіптің жұмысына жетекшілік етіп отырғанын білеміз. Осы орайда облыс басшылығына, өңірлік Іскер әйелдер кеңесіне өндірістік саладағы әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қатысты қолдау көрсетулеріңізді сұраймын. Біріккен Ұлттар Ұйымының UNIDO жобасын елімізде бірінші болып Павлодар облысында жүзеге асырсақ деген ой бар. Бұл жоба өндірісті дамыту арқылы осы саладағы өзекті мәселелерді шешуді, халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейді, - деді Л.Рамазанова.

Басқосуға қатысқан облыс әкімі Болат Бақауов жобаның жергілікті билік тара-пынан қолдау табатынын бірден айтты. Сонымен қатар, павлодарлық қыз-келін-шектердің кәсіпкерлік саласындағы рөлін атап өтті.

- Қазіргі уақытта Павлодар облысында 43 мың шағын және орта бизнес болса, олардың тең жартысының тізгіні - әйелдер қауымының қолында. Олардың кәсіп бастап, жүргізуіне мүмкіндігінше жағдай жасаймыз. Өнімдерін нарыққа шығаруда қолдау көрсетуге әзірміз, - деді Б.Бақауов.

Айта кетелік, осыдан 3 жыл бұрын Өңірлік Кәсіпкерлер палатасы жанынан Іскер әйелдер кеңесі құрылған болатын. Бүгінде оның құрамында 25 қыз-келіншек бар. Дәл осындай кеңес аудандық деңгейде де жұмыс істейді. Облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Райхангүл Сатабаеваның айтуынша, жыл басынан бері әскер әйелдер жалпы сомасы 322,9 млн. теңге болатын 113 жоба бастады. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бағдарламалары аясында 3 мыңнан астам әйелге түрлі кәсіби кеңес пен көмек берілді.

Форум соңында үздік кәсіпкер әйел-дерге «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, облыс әкімінің марапаттары табысталды.


Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz