Павлодар қаласында орын тепкен «Темірмаш» кәсіпорны отандық мұнай-газ саласына қажетті арнайы техникаларды шығарумен айналысады. Оның негізгі тұтынушыларының қатарында «Қазмұнайгаз», «ҚазТрансОйл» сияқты алпауыт компаниялар бар. Олар үшін «КамАЗ» маркалы жүк көлігінің негізінде мұнай құбырларын жөндейтін жұмысшыларды тасымалдауға арналған, сондай-ақ, олардың өмір сүруіне қолайлы тіркемелер жасалады. Бұдан бөлек, арнайы техникаларды еліміздің коммуналдық қызмет мекемелері де сатып алады. Биыл химиялық қорғаныс саласының кәсіпорындары да бірнеше техникаға тапсырыс берген. Жалпы зауытта арнайы техниканың 30-ға жуық түрі жасалып шығарылады.

«Темірмаш» зауытының басшысы Михаил Колбиктің айтуынша, кәсіпорын шетелдік компаниялармен әріптестік қатынастар орнатып, бірлескен жобаларды қолға алған. Мысалы, украиналық «Насосэнергомаш» зауытымен бірлесіп мұнай тасымалында пайдаланылатын магистральдік насостар жасаған. Ал ресейлік кәсіпорынмен бірнеше автокран, беларуссиялық әріптестерімен экскаватор құрастырған.

- Кәсіпорнымыздың құрастыру-шылары тапсырыс берушінің сұранысына сай кез келген техниканы жасап бере алады. Өндіріске қажетті «КамАЗ» және «МАЗ-МАН» маркалы жүк көліктерінің шассиі Қазақстан мен жақын шет мемлекеттерден сатып алынады. Ал оларға орнатылатын әртүрлі тіркемелер толығымен зауытымызда, жұмыскерлердің қолымен жасалады, - дейді М.Колбик.

«Темірмаш» зауытында 70-ке жуық адам еңбек етеді. Біліктілігі жоғары мамандар кез келген тапсырысты сапалы әрі уақытылы орындауға барын салады. Нәтижесінде кәсіпорын өнімі нарықта зор сұранысқа ие.

Тағы бір павлодарлық зауыт, «Нефтехим LTD» ЖШС тас көмірді өңдеу арқылы сұйылтылған газ өндіруді қолға алмақ. Бүгінде кәсіпорын Павлодар мұнай-химия зауытында өндірілетін газға тәуелді болып отыр. Ол аталған газдың көмегімен жылына 20 мың тонна метил-трет-бутил эфирін, 30 мың тонна полипропилен және 50 млн. шамасында полипропиленнен жасалатын қап өндіреді. Атап өтерлігі, метил-трет-бутил эфирі халықаралық талаптарға сай келетін жоғары сапалы бензин өндірісінде, ал полипропилен әртүрлі пластмасс өнімдерін жасауға пайдаланылады. Серіктестіктің бас технологы Рүстем Кереевтің айтуынша, кәсіпорын ауыр және көп көлемдегі жүктерді салып, тасымалдауға арналған биг-бэг қаптарының өндірісін дамытуды жоспарлауда. Себебі, елімізде бұл өнім түріне деген сұраныс жоғары. Осы мақсатта жаңа цехты іске қоспақ. Жоба құны – 1,5 млрд. теңге.

Бірақ, жаңа цехтың жұмысын бастау үшін жоғарыда аталған мұнай өңдеу зауытынан алынатын газ аздық етеді, дейді Р.Кереев. Осы мақсатта, кәсіпорын басшылары ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне тас көмірден сұйылтылған газ өндіру бойынша жоба әзірлеп, ұсынған. Жаңа өндіріске қажетті көмір Майкөбе кенішінен алынбақ.

Павлодардағы электрод зауыты да тың жобаны қолға алып отыр. Олар дәнекерлеу жұмысында пайдаланылатын электродтарға арналған сымдарды жасап шығармақ. Осы арқылы облысымыз бойынша өз саласында бірегей өндіріс орны саналатын аталмыш кәсіпорын өнімдерінің өзіндік құнын арзандатып, дайындалу мерзімін қысқартуды көздеп отыр. Зауыт директоры Айдар Машраповтың айтуынша, бұған дейін аталған сымдар Ресейден тасымалданған. Ал электродтың қалған бөлігі өзімізде өндіріледі. Жаңа цехтың іске қосылуымен өнімді толығымен осы кәсіпорында жасап шығару мүмкіндігі туындайды.

Үш жыл бұрын бой көтерген электрод зауытының өнімдері жоғары сапаға ие. Құны жағынан қытайлық бәсекелестерінен сәл қымбат болғанмен, ресейлік электродтардан арзан. Алайда, соған қарамастан аймағымыздағы мемлекеттік тапсырыстар негізінде жұмыс істейтін бірқатар ірі компания-лар дәнекерлеуге қажетті құралдарды шетелден сатып алуды жөн санайтын көрінеді. Соның бірі – «Павлодар-энерго» АҚ. А.Машраповтың айтуынша, қазіргі кезде кәсіпорынның электродтары аталмыш монополист компанияның зертханасында арнайы сараптамадан өтуде. Егер өнім сапасы көңілдерінен шықса, онда ұзақ мерзімді келісімшарт жасасуы әбден мүмкін.

Бүгінде Павлодардың электрод зауыты жылына 600 тонна өнім өндіруге қауқарлы.


Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz