Оңтүстік Қазақстан облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті депар-таменті ұсынған мұрағаттық құжатта Р.Жаманқұлов туралы төменде-гідей мәлімет беріледі:

1898 жылы Баянауыл ауданындағы Сарыадыр деген жерде дүниеге келген.

1916–21 жылдары Екібастұз көмір кеніштерінде шахтер болып жұмыс істеген.

1922-25 жылдары Павлодардың педтехникумында оқыған.

1925-27 жылдары Семейдің губерниялық совпартшколында сабақ берген.

1927-31 жылдары Мәскеудің Н.Крупская атындағы Коммунистік тәрбие академиясында оқыған.

1931-34 жылдары Алматының комвузында саяси экономиядан сабақ берген.

1934 жылы «Социалды Қазақстан» газеті редакторының орынбасары.

1934 жылдың аяғынан 1937 жылдың мамырына дейін Қазақ көркем әдебиет баспасының директоры әрі редакторы.

1937 жылдың мамыр айынан қыркүйекке дейін «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакторы болып қызмет істеген.

1937 жылдың 13 қыркүйегі күні НКВД Р.Жаманқұловты кеңес үкіметіне қарсы ұлтшылдық бағыттағы ұйымға қатысты деген жалған айыппен тұтқындайды.

1938 жылы КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясы оны ату жазасына кесіп, дүние-мүлкі тәркіленсен деген үкім шығарады. Сол жылдың 2 наурызы күні Алматы қаласында бұл үкім іске асады.

Тілеу Көлбаев деген тарихшы өзінің «Ана тілі» газетінде (2010, 4 шілде) жарияланған «Қызыл террор» атты мақаласында 1938 жылы 2 наурыз күні Жандосов Ораз, Жаманқұлов Рақымжан, Тәтімов Мұхаметқали үшеуі бірге атылғанын жазады. Кейбір деректер бойынша, Рақымжан Алматы маңындағы Диқанбай деген жердегі жалпы қорымда жерленген. Басқа бір деректер бойынша, Іле ауданындағы Қарасу ауылының маңындағы Қандысай деген жердегі жалпы қорымда дейді. Бірақ бүгін оны анықтау мүмкін емес.

Тұтқындалған уақытта Рақымжан Жаманқұловтың асырауында 11 адам болған екен. Олар: Бейсенов Жаманқұл – әкесі, 82 жаста; (шешесі 1912 жылы қайтыс болған); інілері – Жаманқұлов Рахметжан (жас мөлшері көрсетілмеген), Балқашта математикадан дәріс берген; тағы бір інісі Жұмаш Шымкент қаласындағы баспаханада әріп теруші болып жұмыс істеген; әйелі Кенешова Асфар – 30 жаста, үй шаруасында, балалары Жаманқұлов Нариман – 10 жаста, Болат – 7 жаста, Елмұрат – 2 жаста, Нұрлан – 3 айлық, қызы Кенешова Сара – 12 жаста, Роза – 11 жаста, тағы бір ұлы Кенешов Марат – 8 жаста.

1957 жылы КСРО Жоғарғы соты-ның әскери коллегиясы Рақымжан Жаманқұловқа қарсы қылмыстық істі тоқтатқан.

Бір өкініштісі, бүгінде мұрағат қопарып, тарих іздейтін адам болмаса, Ертіс–Баянаула аймағында Рақымжан Жаманқұловтың аты-жөнін білетін адам жоқтың қасы, оның есімі біржола ұмытылған. Тіпті облыс бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар жайлы «Естелік кітабын» парақтап көріп едім, онда да бұл кісінің аты аталмапты.

Рақымжанның соңында қалған жалғыз тұяқ Нариман ақсақал 2008 жылы Екібастұз қаласында өмірден озған. Ол кісі ертеректе мынадай бір естелік қалдырған екен: «1937 жылы әкем Шымкентке қызметке ауысқанда, өзімен бірге мені және кіші інісі Жұмашты алып кетті. Біз қаладағы қонақүйлердің бірінде тұрдық. Мен ол кезде 10 жаста едім. Жазда мені әкем пионерлер лагеріне орналастырған. Күзге қарай лагерден оралсам, мені Жұмаш ағам ғана қарсы алды, әкем жоқ, ұстап әкетіпті. Сөйтіп біз ағам екеуміз осылай көшеде қаңғырып қалдық. Жұмаш ағам сосын мені балалар үйіне тапсырды. Өзін әскерге алып кеткенін білем, содан кейін одан да хабар жоқ.

Анамның аты – Жақсипа, Айдабол Біләл молланың қызы болатын. Менің балалар үйіне түскенімді естіп, соңымнан іздетіп Бәтжамал деген тәтемізді жіберіпті. Ол кісі мені тауып алып, ақыры бір амалын жасап, балалар үйінен ұрлап алып кетті. Біреулер біліп қоймасын деген оймен, маған Кәмешов деп өзінің фамилиясын беріп, баласы Зәйденмен бірге тәрбиеледі. Міне, жасым жетпістен асып барады, осы уақытқа дейін осы бөтен фамилиямен жүрмін» – депті Нариман Рақымжанұлы.

Бұл жерде Біләл молланың қызы Жақсипа деп аталған кісі – Рақымжанның бірінші әйелі. Осы Жақсипадан Нариман мен Болат туады. Рақымжан Шымкентте тұтқындалғанда, екінші әйелі Кенешова Асфармен тұрған. Бүгінде бізге дерек беруші Нариманның баласы Серіктің айтуынша, жоғарыдағы құжатта аттары аталған – Сара, Роза, Марат, Елмұрат, Нұрлан деген балалар екінші әйелімен еріп келген дейді. Бірақ балалардың жас мөлшеріне қарап отырып, мүмкін жастары үлкендеу Сара, Роза, Марат деген үш бала еріп келген шығар, ал кейінгі – біреуі екі жастағы, екіншісі үш айлық Елмұрат пен Нұрлан Рақымжанның өзінен туды ма екен деп ойладық. Өкінішке орай Рақымжанның осы екінші отбасы жайлы дерек табу мүмкін болмады. Елмұрат пен Нұрланның одан кейінгі тағдырлары не болды, өсіп-өніп, ұрпақ қалды ма? Бар болса, қай жақта жүр екен? Бұлардың бәрі - әзірше жауабы табылмайтын сұрақтар.

Рақымжан Шымкентке кетерде (мүмкін одан бұрын) бірінші әйелімен ажырасқан секілді. Бірақ неге екені белгісіз, Шымкентке өзімен бірге інісі мен үлкен ұлын, сосын әкесін бірге ала кеткенін байқаймыз. Бүгінде Рақымжанның бізге белгілі ұрпақтары жайлы айтсақ, үлкен ұлы Нариманның ғұмырының көбі қазіргі Ақтоғай ауданындағы Шідерті ауылында өтіпті. Сол жерде тұтынушылар кооперациясының төрағасы, бөлімше меңгерушісі секілді қызметтер атқарған. Бұл кісі 80 жасында Екібастұз қаласында өмірден озған. Нариман Рақымжанұлынан бүгінде Серік, Айгүл, Марат деген үш бала бар. Екібастұз қаласында тұрады.

Рақымжанның екінші ұлы Болат басқа бір отбасында өскен. Сондықтан фамилиясы да басқаша – Жұмағұлов болған. Бұл кісі әскери білім алып, кеңес армиясының кадрлық офицері ретінде Байқоңырда әуе қорғанысы әскерлерінде қызмет етіп жүріп, радиацияға ұрынып, 31 жасында Алматыда өмірден озады. Болаттың әйелі орыс ұлтынан екен. Қазір Мәскеу жағында тұрады, Сергей деген бір баласы болған, басқа хабарымыз жоқ дейді бұндағы Нариман ақсақалдың балалары.

Енді Біләл молланың қызы Жақсипа жайлы бірер сөз. Бұл кісілердің сүйегі Айдабол ішінде Жанғозы-Лапақ-Көсте. Біләлдан – Ғибадолла (Ғибат), Кәмеш, Әбдіш деген үш бала туады. Нариманды балалар үйінен ұрлап алып кетіп жүрген Бәтжамал осы Кәмештің әйелі. Бұл кісіні өз айналасы Бәтима дейді екен. Ал Ғибадолла-Ғибаттан тарайтын Сайлау қажы Ғибатов елге танымал адам болған, бертін Екібастұз қаласында өмірден озды. Жоғарыда айтылған Кәмештен Фахридден, Салахидден, Зәйден деген үш ұл туады. Салахидден Біләлов - сонау замандарда Ақтоғай ауданындағы «Чкалов» совхозын екі жыл басқарып, кейін «Спартак» совхозының іргетасын қалап, 17 жыл сол шаруашылықтың директоры болған адам. Ол кісінің баласы Руслан Біләлов Ақсу ауданындағы Калинин атындағы және Потанин атындағы совхоздардың директоры болып, Ақсу ауданы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Осы Руслан Салахидденұлының айтуынша, Рақымжанның Нариман мен Болат деген екі ұлы Салахидденнің шешесі Бәтжамал (Бәтима) деген кісінің тәрбиесінде болыпты. Бәтима – тоғай бойын жайлап, болыс болған аты белгілі Найман руынан шыққан Бәтештің Иманқұлының ұрпағы екен. Осы Иманқұл болыс кезінде Павлодарда уездік Алаш комитетін құрған Исаның Қабышының (Бердалин) жан аяспас досы және сол комитеттің мүшесі болған екен. Бұл деректі біздер өлкетанушы Қайролла Қаженовтан алдық.

Енді жоғарыда айтылған Рақым-жанның қысқаша ғұмырбаянына көз салсақ, мына бір тұсы көмескілеу секілді. Мысалы, Екібастұз көмір кенішінде жұмыс істеп жүріп, Павлодардағы педтехникумға түскен дейді. Осыған қарап, Рақымжанның бұған дейін біршама сауаты болғанын байқаймыз. Әйтпесе жазу-сызу білмейтін адамды бірден педтехникумға ала қоймасы белгілі. Сонда ол қай жердің мектебінде бастауыш білім алған? Баянауылдың өзінде ме, болмаса Екібастұзда ма?

Р.Жаманқұловтың жалпы ғұмыр-баянына үңіле отырып, оның жай ғана оқыған қаратаяқ емес, білімге құштар, аса зейінді, алғыр адам болғанын байқаймыз. Педтехникумды бітіргесін, Семейдің губерниялық совпартшколында сабақ беріп жүріп, Мәскеуге барып білім алады. Бұл - ол кезде екі адамның бірінің қолы жете бермейтін жағдай.

Рақымжанның тағы бір ерекшелігі, ол өзі білім алған саланың шеңберінде ғана қалып қоймай, сол замандағы барлық зиялылар секілді әдебиет пен мәдениеттен, саясаттан хабары мол, жан-жақты дарынды адам болған. Өмір жолына көз салып отырып, оның дәріскер ұстаз, журналист-жазушы, аудармашы, әдебиет сыншысы, баспагер болғанын бай-қаймыз. Марқұм Жайық Бектұров өзінің «Енеден ерте айырылған төл секілді...» атты кітабында: «...Рақымжан Жаманқұлов бізге комвузда политэкономиядан сабақ берген. ...Сол күндері Шымкентте облыстық комсомол конференциясы өткенде біраз жігіттер «Жаманқұлов – халық жауы, Бектұров сол жаумен байланысты, комсомолдың І сьезіне делегаттыққа сайламаймыз» деп маған қарсы сөйлеп еді. Рақымжан кезінде Москвадан институт бітірген маман аудармашы, әдебиетші, сыншы еді. Туған жері – Баянауыл. «Ақбеттау» деген бүркеншек есімі болатын. Осы есіммен 1933 жылы жарияланған «Төте жол» атты әңгімесі республикалық бәсеке бәйгеде екінші орынды жүлде алған-ды. 1934 жылы Қазақстан жазушыларының І сьезі қарсаңында Саттар Ерубаевпен бірлесіп, «Екеу» атты бүркеншек есіммен сын мақалалар жариялап еді. Рақымжан мінезі жұмсақ адам болатын. Ол 1934 жылы «Социалды Қазақстан» газетінің редакторы Ғ.Мүсіреповтің орынбасары болды. Сол жылы Қазақстан көркем әдебиет баспасы алғаш құрылғанда соның тұңғыш директоры болып еді. 1937 жылдың көктемінде «Оңтүстік Қазақстан» газетіне редактор болып келіп еді» – деп жазады.

Рақымжан көркем аудармаға бармаса да, сол кездегі саясаттың ыңғайымен Сталиннің «Вопросы Ленинизма», С.Ингуловтың «Политграмота», «История доклассового общества» деген еңбектерін аударған.

Р.Жаманқұлов сонымен қатар, сол кездегі қаламгерлердің шығар-маларын жан-жақты талдай білген білікті әдебиет сыншысы болған дедік. Белгілі әдебиетші ғалым, марқұм Тұрсынбек Кәкішев 1974 жылдың 27 тамызы күні Саттар Ерубаевтың 60 жылдығына арнап Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде жариялаған, «Қарағандыда қанаттанған дарын» атты мақаласында 1934 жылғы Қазақстан жазушыларының І сьезіне дайындық жөнінде әңгімелей келіп: «...Сьезд қарсаңында «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінде Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин және басқа ақындарға Саттар Ерубаев пен Рақымжан Жаманқұлов екеуі бірігіп, арнайы ашық хаттар жазды. Т.Кәкішев «Өсер әдебиетке өсірер сын керек» атты тағы бір мақаласында: «Социалистік қоғам-ның негізі қаланып, шаруашылық өркендеп, мәдениеттілік арта бастаған шақта қазақ әдебиетінің сын жасағына көркемдіктің алуан сырларын жыға түсінетін, қомақты пікір айтатын сыншылар тобы қосылды. Бұрыннан жазып келе жатқандарға Мұхаметжан Қаратаев, Әлібек Қоңыратбаев, Есмағамбет Ысмайылов, Рахымжан Жаманқұлов, Саттар Ерубаев, Құлмырза Өтепов, Қажым Жұмалиев, Белгібай Шалабаев, Темірғали Нұртазиндер қосылып, социологиялық-эстетикалық сынның өркен жаюына жағдай жасады» – деп көрсетеді.

Көріп отырсыздар, кейін белгілі ғалымдар атанып, әдебиет зерттеушісі болған адамдардың қатарында Рақымжанның да аты аталады. Солармен бірге ол да әдебиет әлеміне бірге аттап, жаңа қалыптасып келе жатқан жас қазақ әдебиетінің іргетасын бірге қаласқан екен. Егер сау-саламат арамызда жүргенде, оны аты бүгінде белгілі әдебиетші-ғалымдармен бірге аталарына сөз жоқ еді.

Рақымжанның өмірін қиған - атышулы 37-нің зұлматы. Сол кездегі «өз ішінен жау іздеу» жазушы-қаламгерлердің арасында аса бір белсенді түрде жүргенін білеміз. Құйтырқы саясат жазушылардың арасынан «шет ел барлау қызметінің агенттерін», «жапон империализмінің агенттерін», «ескілікті аңсаушыларды» тауып, түрмеге тоғыта бастады. Басы – Ахмет, Міржақып, Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Жүсіпбек, Мағжан, тағы басқалар болып, сол кездегі қазақ ұлтының қаймақтары қатыгез заманның құрбаны болып кете барды. Осы науқаннан Рақымжан да аман қалмаған.

Бұл жөнінде белгілі алаштанушы, жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбаев өзінің «Талқы» деп аталатын зерттеу кітабында біршама айтып өтеді. 1937 жылдың 18 қаңтары күні «Қазақ әдебиеті» газетіне Қазақ көркем әдебиеті баспасының бастығы Рақымжан Жаманқұловтың «Қырағылықты күшейтейік» атты мақаласы жарияланады. Осы мақала аяғында автордың өзіне сор болып жабысқан екен. Сол кездегі «қырағы көздер» бұны қалт жібермей, Рақымжан дереу сын садағына ілінеді.

Тағы бір белгісіз сыншы сол уақытта Қазақ көркем әдебиет баспасынан басылып шыққан үш кітапты сын қарауылына алады. Олар: М.Әуезовтің «Ескілік көлең-кесінде» деген әңгімелер жинағы (1935). С.Мұқановтың толық жинағы (І том, 1934). І.Жансүгіровтің толық жинағы (ІІ том, 1933).

Т.Жұртбаев қаламгерлерді осылай қаралау жөнінде: «...Әуезовтің бұл әңгімелерін бастырмау керек еді. Бірақ оған Мұқановтың да, Жаманқұловтың да большевиктік батылы жетпеген» – деген «сыншының» пікірін келтіреді. Одан әрі: «Әуезовтің «шаруасын бітіріп» алған соң, Ілиясқа, Сәбитке ауысып, Р.Жаманқұловтың сыбағасын берді. Оларға тағылған айыптың құны тым қымбатқа түсті. Бұл мақала Ілияс пен Р.Жаманқұловтың қылмысын әшкерелеген, олардың «жапон империализмінің агенттері» екендігін дәлелдейтін «үш айғақтың» бірі ретінде тіркеліп, үкім есебінде қабылданды» – деп жазады.

Сөйтіп Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының директоры болып жүргенде осылай «сенімсіздердің» тізіміне іліккен Рақымжан амалсыз Алматыдан кетіп, Оңтүстік Қазақстан облыстық газетінің редакторы болып барады. Бірақ соңына түскен «қырағы көздер» бұл жақта да тыныштық таптырмапты. Ақыры 1937 жылдың қыркүйегінде біржола ұсталып, осыдан соң алты айға толар-толмас уақыттан кейін асыл азаматтың ақтық демі Алматыда үзіледі...

Біздер Рақымжан Жаманқұлұлының баянаулалық екенін білсек те, нақты қай атадан екенін ажырата алмадық. 2010 жылы жарық көрген «Баянаула перзенттері» кітабын парақтап көріп едік, аты-жөні көзге түсе қоймады. Өлкетанушы Алтынбек Құрмановтың айтуы бойынша, айдабол табынан болса керек. Дегенмен, бұның анығын білетін адамдар болса, бізбен хабарласа жатар дедік. Екінші бір мәселе, Елмұрат пен Нұрлан атты екі баланы Рақымжанның өз кіндігінен тарады ма деп жобалап отырмыз. Олар Рақымжан ұсталғанда аналары Кенешова Асфармен қалғандары белгілі. Ендеше, бұл екі баланың кейінгі тағдырлары не болды, әкелері Рақымжан екенін білді ме екен, бүгінде олардан ұрпақтар бар ма екен деген сұрақ туындайды...


Сайлау БАЙБОСЫН, жазушы.

saryarka-samaly.kz