Сандар сөйлесін...

Ағымдағы жылдың 10 айы ішінде Павлодар қаласында 349 жол-көлік оқиғасы орын алған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 441 фактіні құраған болатын. Мамандар зардап шеккендердің саны 18,2 пайызға төмендегенін айтады. Десе де, статистикалық мәліметтер бұл жағдайдың жылда қайталанатынын көрсетіп отыр. Өйткені 300-ден астам жол апаты аз көрсеткіш емес. Қара жолда қаза болғандар саны азаймаған. Өткен жылы да, биыл да 14 адам жол-көлік оқиғасы кезінде бақилық болыпты.

Биыл облыс орталығында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 56 жол оқиғасы тіркелген. Мас күйінде көлік жүргізгендер саны - 12. Ал жаяу жүргіншілердің қатысуымен 157 жол апаты болған. Өткен жылы жаяу жүргіншілер 239 жол-көлік оқиғасының туындауына себеп болған. Математикалық есепке жүгінетін болсақ, биыл тіркелген жол апатының 45 пайызы жаяу жүргіншілерге тиесілі екенін көреміз. Өткен жылы бұл көрсеткіш 50 пайыздан асып түскен. Егер жаяу жүргіншілер тәртіпке бағынып, бағдаршам «тілін» тыңдап, арнайы жолақтан өтетін болса, жыл сайын орын алатын жол апаты 2 есеге қысқарады екен.

Бұл құрғақ санайғақ болғанмен қасіретті таңбасы бар дерек. Осылайша, өзімізге тіреліп тұрған дүниенің тетігін таба алмай келеміз...

Акция «жөнге» салды ма?

Жаяу жүргіншілерді тәртіпке шақыру үшін полицейлер «тер төгіп» жатқандарын айтады. Жуырда ұйымдастырылған жедел алдын алу шаралары төмендегідей нәтиже көрсеткен.

Павлодар қаласы ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің басшысы Арман Қаптаевтың айтуынша, биыл 5-25 қазан аралығында «Қауіпсіз жол» акциясында 2500-ге жуық құқықбұзушылық анықталған. Бұл ретте 452 жүргізуші ұялы телефон қолданса, 7-еуі жылдамдықты шамадан тыс арттырған. 328 адам қауіпсіздік белдігін тақпаса, 63 жүргізуші көлікті мас күйде жүргізіп, 186 жүргізуші бағдаршамға бағынбаған. Акция барысында 123 көлік айыппұл тұрағына жеткізілгенін, жаяу жүргіншіге қатысты 521 факті тіркелген.

Жоғарыда тек 20 күннің ішінде ғана анықталған жағдайларды жаздық. Жаға ұстатарлық сандарға қарап, мұндай оқиғалар ай сайын кездесетіні өкінішті...

29 қазан мен 2 қараша аралығында «Назар аударыңыз, жаяу жүргінші!» жедел алдын алу шарасы өткізілген. Нәтижесінде, жол қауіпсіздігіне жауапты қызметкерлердің көмегімен 325 құқықбұзушылық анықталған. ҚР әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 600-бабы бойынша 35 адам жауапқа тартылған. 9 жүргізуші көлікті мас күйінде жүргізсе, 65 жаяу жүргінші жол ережесін бұзған.

18-20 қазан аралығында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Автобус» жедел алдын алу шарасы ұйымдастырылған. Нәтижесінде 56 әкімшілік хаттама толтырылды.

14 бағдаршам қажет

Жедел алдын алу шаралары да жол қозғалысы кезіндегі жаяу жүргіншілердің кінәсін дәлелдеп отыр. Бәлкім бұл жағдайға көше бойында бағдаршамның жеткіліксіздігі себеп болып отырған шығар деген ой туындайды. Тұрғындар жол бойында жаяу жүргіншіге арналған жолақтың аздығын айтады. Бұл сауалға Арман Қаптаев былай деп жауап берді:

- Павлодар ішкі істер басқармасында жол техникалық инспекциясы құрылған болатын. Қызметкерлер шаһардағы жол-көлік оқиғасының қай жерде орын алғанын анықтап, арнайы талдау жасайды. Сараптама қорытындысы аяқталғанда мамандар бағдаршам, жол белгілері мен жаяу жүргіншілер жолағын қажет ететін көше қиылыстарын анықтап, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ұсыныс жасайды. Өткен жылы жол техникалық инспекциясы қызметкерлері қала көшелеріне 19 бағдаршам қажет екенін анықтады. Оның 5-еуі орнатылды. Қазір қала бойынша 14 бағдаршам керек. Олардың орнына жасанды кедір-бұдыр жолдар орнатылатын болады. Бұл белгілер де жол-көлік оқиғасын алдын алуға септігін тигізеді, - дейді А.Қаптаев.

Себеп - жұмысбастылық

Арман Қаптаев жол ережесіне бағынбайтындардың ішінде жастар мен зейнеткерлердің де барын айтады. Әсіресе, жолды кесіп өтетіндердің көпшілігі – жұмыс істейтіндер. Жедел алдын алу шаралары кезінде қаладағы вокзал маңайындағы «Отау» сауда үйінде, орталық әмбебап дүкені маңайында жол ережесі жиі бұзылады. Тіпті, адамдар жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің ескертпелеріне де құлақ аспайтын көрінеді.

- Жедел алдын алу шарасы кезінде жол тәртібін бұзғандардың көпшілігі жұмысқа асығып бара жатқандарын айтып ақталады. Жолдың бір жағында жол-патрульдік полициялары тұрса да, жолдың келесі бетіне жүгіріп өтеді. Жалпы, бұл жағдай кез келген адамның сана-сезіміне, тәрбиесіне байланысты деп ойлаймын. Себебі әркім бұл әрекеті арқылы өз өмірін қауіпке тігеді. Көп жағдайда 18-75 жас аралығындағы адамдар ережені жиі бұзады. Соның ішінде жұмыс істейтін жастар мен ересектердің саны басым, - дейді А.Қаптаев.

Бүгінгі уақытта көлікті қысқы мерзімге дайындау мәселесі өзекті. Жүргізушілер темір тұлпардың табанын шегелі дөңгелектерге ауыстырулары керек. Әйтпесе, бұл оқиғаның соңы жол апаты болуы мүмкін. 1 желтоқсаннан бастап қысқы дөңгелекке ауыс-тырмаған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

- Барлық көлік жүргузушілері көліктерін қысқы уақытқа дайындауға міндетті. Қазір ауа райы құбылмалы. Жазғы дөңгелегін ауыстырып үлгермегендер көктайғақтың салдарынан жолда жүре алмайды. Бұл бағытта жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл жағдай жылда қайталанса да, көлік иелерінің салғырттығы тыйылмай келеді, - дейді А.Қаптаев.

«Сақтықты ата-ана үйретуі тиіс»

Қазір көше бойында көлік қатынасы артқан. Сондықтан ата-аналар мен ұстаздар, тәртіп сақшылары балалардың жолдағы қауіпсіздігі ша¬расын күшейтуі қажет. Ол үшін мектеп жасындағы балаларға жолда жүру ережесін түсіндіру маңызды. Бұл ретте жол-патрульдік полиция қызметкерлері ювеналды полиция инспекторларымен бірлесіп, шаһардағы 42 мектептің 1-5-сынып оқушыларына жаяу жүргіншінің құқықтарына қатысты арнайы сабақ ұйымдастырылған. Мұндай шара апта сайын өткізіледі екен.

- Қазіргі жасөспірімдер көліктен мүлдем қорықпайды. Себебі, оңды-солды ағылып жатқан көлік қозғалысына бойлары үйренген. Алайда, бұл бейқамдық оларды жол қозғалысының қатерінен сақтамайды. Бастысы жол жүру ережелерін қатаң сақтауға ерте бастан дағдылануы керек. Оны ата-аналары үйретуі тиіс. Тек айтып қана қоймай, ересектердің жолда жүру ережесін қалай сақтайтынын көрсеткендері жөн. Жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан да балалар байқап өтуі тиіс. Қатты жылдамдықпен келе жатқан көлік уақытылы тоқтап үлгермеуі мүмкін. Сондықтан әркім сақ жүруі қажет, - дейді облыстық ішкі істер департаменті ювеналды полициясының басшысы Бибігүл Қамзина.

Мамандар ата-аналарға өзіндік кеңестерін де айтады. Балаңызды жетектеп, балабақшаға немесе мектепке барғанда бағдаршамның қызметін түсіндіру керек. Жолды кесіп өткенде баламен немесе ұялы телефонмен сөйлесуге болмайды. Бұл әрекеттер қырағылықты кемітеді. Автобустан алдымен ата-ана бірінші түсуі тиіс. Асығып тұрсаңыз да, қоғамдық көлікке жүгіруге болмайды. Себебі автобусқа үлгеруді ғана ойлап, барлық қауіпсіздік ережелері санадан шығып кетеді. Мұны көрген бала дәл осы әрекеттерді қайталайды. Оқушылардың жолда жүру ережелерін білуі жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Телефонға телмірген...

Жол саласында талай жыл табанды қызмет еткен тәжірибелі автоинспектор Болат Тасқарин жаяу жүргіншілердің қателігін тізіп берді. Оның сөзінше, адамдардың санасын телефон «жаулап алған».

- Жаяу жүргіншілер жолағында адамдардың көпшілігі қолындағы ұялы телефонынан бас алмай өте шығады. Құлаққаптың салдарынан «өзге әлемге еніп», жан-жағындағы дауысты естімейді. Жүргізушінің көлікті бірден тоқтатуға мүмкіншілігі болмайтынын ескермейді. Мысалы, абайсызда көліктің тежегіші істен шығуы мүмкін. Себебі ол - техника. Жедел тоқтауға мүмкіндік бола бермейді. Үйде не жұмыста телефон ақтаруға болатын шығар. Бірақ бұл құрылғыны көлік ағылып жатқан жол үстінде қолдану ақылға сыймайды, - дейді Б.Тасқарин.

25 жыл көлік тізгіндеген Павлодар қаласының тұрғыны Қайрат Құлмағанбеттің де пікірі осыған саяды.

- Әрбір 20-30 метр аралықта жаяу жүргіншіге арналған жолақ болса да, адамдар жолды кесіп өтеді. Тіпті, баласын жетектеп, оңды-солды ағылып жатқан көліктердің арасынан жүгіріп өтетін адамдарға не деуге болады? Абайсызда қағып кетсең, қылмыстық жауапкершілікке тартыласың. Себебі, тәртіп сақшылары қандай жағдай болсын жүргізушіні айыпты деп табады. Шыны керек, жолдың арғы бетіне адам жүгіріп өтіп бара жатқан кезде техниканы тоқтату қиын. Оған қарағанда адам тез тоқтайды. Жаяу жүргіншінің кінәсінен орын алған оқыс оқиға салдарынан мыңдаған азаматтар темір торға қамалуда. Сондықтан жол оқиғасы кезінде жүргізуші құқын қорғайтын арнайы заң қажет деп санаймын, - дейді ол.

Cот не дейді?

Тәжірибелі жүргізушінің ұсынысы орынды делік. Ал жол апатына жүргінші кінәлі болған жағдайда іс қалай қаралады? Бұл ретте сот саласының маманы Нұржан Бейбітбектің пікірін білген болатынбыз.

- Жол апатының орын алуына жаяу жүргінші кінәлі болса, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Егер жол-көлік оқиғасы салдарынан қайтыс болған жағдайда, көлік жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалады. Бұл ретте ол абайсызда қағып кеткені үшін жауап береді. Тіпті, жол апаты жаяу жүргіншінің тарапынан орын алып, дене жарақатын алса да көлік жүргізуші жауапқа тартылуы тиіс. Ал қылмыстық іс барысында жаяу жүргіншінің әрекеті де ескеріледі. Сондықтан қоғамда жаяу жүргіншілердің жауапкершілігін арттыру - маңызды мәселе. Тұрғындар да кез келген жол апатына көлік жүргізушісі кінәлі деп біледі. Сондықтан тәртіп сақшылары белгіленбеген жерден жолды кесіп өткен әр адамға айыппұл салғаны жөн. Қоғамдық ұйымдар жол жүру ережелері жайлы үгіт-насихатты жиі жүргізсе, бір нәтиже шығары анық, - дейді ол.

Естеріңізде болса, Павлодар қаласында сот түнгі уақытта да жұмыс істеуге көшкенін жазған едік. Бұл ретте жол оқиғасына қатысты істер қаралады. Түнгі соттың ашылуы да жол-көлік оқиғасына қатысты істердің көп екенін аңғартса керек. Павлодар қаласында Павлодар қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының мәліметіне сүйенсек, бұл қызмет шілде айының соңында қосылған болатын. Сол уақыттан бері жол-көлік оқиғасына қатысты 129 сот ісі қаралыпты. Бұл да аз көрсеткіш емес.

Апаттың айтып келмейтіні белгілі. Жол-көлік оқиғасының орын алуы көзді ашып-жұмғанша. Полицейлер жол ережесін қатаң қадағаласа да, жолдың арғы бетіне жүгіре жөнелетін әдетімізден арыла алмай жүргеніміз өкінішті. Күре жолдың бойындағы ахуалды күрделендіріп отырған да осы салғырттығымыз болар...


Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz