Алдымен облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дархан Қаржаубай облыс әкімі Болат Бақауовтың құттықтау хатын оқып, мерейтой иесінің облыстың дамуына қосқан үлесін атап өтті. Сонымен қатар, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Мейірманов, облыстық мәслихат депутаты Элина Паули, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Асылхан Манкеев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев, тағы бір топ азамат Мұхит Мүрсәлиұлын мерейлі жасымен құттықтап, игі жақсылықты тіледі. Сонымен қатар, Ресейдің Новосібір облысы журналистер одағының төрағасы, Қазақстанның құрметті журналисі Андрей Челканов пен Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Мағауия Сембаев журналистік жолда тоғысқан әріптесіне бейнежазба арқылы жылы лебіздерін білдірді. Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісі Қайрат Лама Шариф те арнайы құттықтау хатын жолдапты.

- Уақыт зымырап өтуде. Күнделікті мақсат қойып, іспен шұғылданып жүрген адам уақыттың қалай өткенін аңғармайды екен. Өзімді 70-ке келдім деп сезінбеймін. Оның бәрі Алланың берген қуатының, отбасымның көрсеткен қолдауының арқасында. Осы 70 жылда біраз жұмыстар атқарылды. Бірақ, оның бәрі тек мен атқарған іс емес. Бұл ағалардың, сол ортаның, бізге үлгі болған, осындай істерге мені құлшындырған адамдардың көмегімен атқарылды. Қазір 70-ке келгенімді сезінбеуіме жастардың екпіні мен жалынының құлшындыра түсуі де себеп шығар, - дейді М.Омаров.

Айта кетейік, Мұхит Омаров 1948 жылы 19 қазанда Павлодар облысының Краснокутскі (қазіргі Ақтоғай) ауданында дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік университетін, Павлодар индустриалды институтын, Ресей мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдады. Еңбек жолын аудандық газеттің тілшісінен бастады. 1989 жылы облыстық мәдениет басқармасы басшысы болып тағайындалды. Сол жылдары М.Омаровтың тікелей басшылығымен Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театры, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі, Естай атындағы ұлт аспаптар оркестрі өз жұмысын бастап, республикада тұңғыш рет әнші-актерлер байқауы, Майра атындағы республикалық конкурстар ұйымдастырылды. 1993 жылы Павлодар қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне ауысып, одан кейін облыстық экономика басқармасы басшысының орынбасары болып еңбек етті. 1995 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті экономика және менедж-мент кафедрасының меңгерушісі болды. 1997-2011 жылдар аралығында облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне басшылық етті. Аймақтағы қазақ тілді жалғыз басылымның беделінің өсуіне, тиражының артуына көп еңбек сіңіріп, жаңа менеджменттік жүйені енгізді. Бұл ретте Мұхит Омаров облыстық газеттердің редакторлары ішінен бірінші болып 1999 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болғанын да атап өткен жөн.

Мұхит Мүрсәлиұлының көп жылғы еңбегі ескерусіз қалмады. Қоғамның дамуы мен экономика, журналистика салаларының ілгерілеуі үшін бірқатар істің басын қайырды. Ғылым жолын қатар ала жүріп, экономикаға қатысты елуден астам ғылыми еңбек, монография жазып, кандидаттық диссертация қорғады. Зейнеткерлікке шықса да еңбектен қол үзген жоқ. Экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Мұхит Омаров бүгінде С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде студенттерге тәлім береді. Оған қоса, облыстық бас редакторлар клубына жетекшілік етіп, аймақтағы баспасөздің бүгінгі аяқ алысы мен тыныс-тіршілігіне өзіндік үлесін қосуда.

Өмірлік жары Бекзат Титайқызымен жарты ғасырға жуық бірге ғұмыр кешіп, балалары мен немере-жиендерінің қызығын көріп келеді. Қоғам қайраткері Мұхит Мүрсәлиұлын 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, қажымас қайрат, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.


Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz