- Айбек Қабидоллаұлы, қазақ әліпбиін латын қарпіне ауыстыру бағытындағы маңызды қадам азаттығымыздың нышанына айналған Елтаңбамыздан бастау алып отыр. Бұл уақыт талабы болса керек...

- Дұрыс айтасыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын негізді қазақ әліпбиін құруды тапсырған болатын. Осы орайда, үстіміздегі жылдың қыркүйек айында ҚР Инвес-тициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті мемлекеттік Елтаңбаның ұлттық стандартына өзгеріс енгізу туралы бұйрық шығарды. Оған сәйкес, Елтаңбадағы «QAZAQSTAN» сөзі латын әліпбиінде жазылуы тиіс. Осылайша, әліпбиімізді кириллицадан латынға 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен ауыстыру бағытындағы алғашқы маңызды қадам мемлекеттік рәміздерімізден бастау алып отыр.

Толығырақ атап өтер болсақ, осы жылдың шілде айында Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік рәміздері туралы» заңына өзгерістер енгізілді. Ал қыркүйек айында жоғарыда аталған комитет жанынан құрылған техникалық реттеу және метрология саласындағы ғылыми техникалық комиссия Елтаңбаның жаңа үлгісін бекітті.

- Мұндай маңызды шешімді қабылдаған комиссия құрамында кімдер бар?

- Жұмыс тобына мемлекеттік Елтаңбамыздың авторы, еліміздің қадірлі ақсақалы Жандарбек Мәлібеков басшылық етті. Сондай-ақ, комиссия құрамында түрлі мемлекеттік мекемелер мен рәміздерді жасап шығаратын бірқатар компаниялардың басшылары болды.

- Аймағымызда жаңа үлгідегі Елтаңбаны кімдер жасап шығарады?

- Павлодар облысында жаңа үлгідегі Елтаңбаны үш кәсіпорын шығарады. Олар: «Әсел-жарнама», «Ибраева» жеке кәсіпкерліктері және «Макет-Мастер Қазақстан» ЖШС. Бұлар – сертификатталған, яғни арнайы рұқсат қағазы бар кәсіпорындар. Аталған бизнес құрылымдары 2018 жылдың 1 қарашасынан бастап латын әліпбиіндегі «QAZAQSTAN» жазуы бар жаңа Елтаңбаны ғана өндіруге міндеттелді.

- Демек, мемлекеттік мекемелер 1 қарашаға дейін сатып алынған Елтаңбаларды ауыстыруға міндетті ғой?

- Иә, міндетті. Дейтұрғанмен, бұл тез арада жүзеге асырыла қоятындай оңай жұмыс емес. Сондықтан 2018 жылдың 1 қарашасына дейін сатып алынған Елтаңбаларды әлі шамамен бір жарым жылдай қолдануға рұқсат беріліп отыр. Бүгінде Үкімет деңгейінде мемлекеттік рәмізді жаңасына ауыстыру мерзімін бір-екі жылға дейін созу мәселесі қаралуда. Бұдан бөлек, жауапты мекемелер мемлекеттік рәмізді сатып алу жүйесін де ойластыруда. Жаңа Елтаңба жеке саудагерлерден емес, жоғарыда аталған арнайы рұқсат қағазы бар өндіруші кәсіпорындардан сатып алынуы тиіс.

- Айдың басынан бері жаңа үлгідегі Елтаңбаны сатып алып үлгерген мемлекеттік мекемелер бар ма?

- Әзірге жоқ. Білуімізше, «Әсел-жарнама» жеке кәсіпкерлігі қараша айының соңында латын қарпімен жазылған Елтаңбаны жасап шығарып, сатпақшы. Демек, осы айдың соңында жаңа үлгідегі алғашқы Елтаңба белгілі бір мемлекеттік мекемеге ілінеді деген сөз.

Негізінде, қай кәсіпорын қанша Елтаңба жасап шығарғанын есептеп отыру біздің міндетімізге жатпайды. Біз тек мемлекеттік рәміздердің талапқа сай болуын қадағалаймыз.

- Бұл қадағалау қалай жүзеге асырылады?

- Облыстың ішкі саясат басқармасымен бірге арнайы мониторинг жүргіземіз. Мысалы, биыл 421 мемлекеттік мекемеде тексеру жүргізілді. Бұдан бөлек, қазан айында еліміздің Мәдениет және спорт, Білім және ғылым, Ішкі істер, сондай-ақ, Инвестициялар және даму министрліктері өкілдерінің қатысуымен бақылау шаралары жүзеге асырылды. Тексерілген 91 мемлекеттік мекеменің тоғызында кемшіліктер анықталды. Атап айтсақ, мемлекеттік Тулар кірлеп қалған, Елтаңбалар қарайып кеткен.

- Мұндай кемшілікке жол бергендерге қатысты қандай жаза қолданылады?

- Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі кодексінің 418-бабына сәйкес, мемлекеттік рәміздерді қолдануға қатысты заң бұзғандарға ескерту жасалып, жеке тұлғаларға бес айлық есептік көрсеткішке (12 025 теңге) дейін, лауазым иелеріне 10 айлық есептік көрсеткіш (24 050 теңге) шамасында айыппұл салынады. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес субъектілеріне, ірі кәсіпорындарға 20 айлық есептік көрсеткіштен (48 100 теңге) 30 айлық есептік көрсеткішке дейін (72 150 теңге) айыппұл қарастырылған.

- Мұндай жауапкершілік жүгі мемлекеттік рәміздерді жасап шығаратын кәсіпорындарға да артылатын шығар...

- Әрине. Ұлттық стандартқа сай келмейтін мемлекеттік рәміздерді жасап шығарғаны үшін жеке және заңды тұлғалар 25 айлық есептік көрсеткіштен (60 125 теңге) 200 айлық есептік көрсеткішке дейін (481 000 теңге) айыппұл төлеуі мүмкін.

- Сұхбатыңызға рақмет!


Сұхбатты жүргізген – Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz