Шығыс Қазақстан облысының тумасы Әсима Жантемірова Семей мемлекеттік медициналық университетінде кардиология мамандығы бойынша білім алып, бакалавриатты аяқтады. Білімін жалғастыру үшін Павлодар қаласына келіп, облыстық кардиологиялық орталықта резидентурадан өтті. 2014 жылы павлодарлық Ернар Жантеміровке тұрмысқа шығып, бүгінде төрт жасар қызын тәрбиелеп отыр. Жас отбасы соңғы екі жылда пәтер жалдап тұрған-ды. Ал таяуда өз баспанасына көшіп, қоныс тойын тойламақ.

- Биыл «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы жарияланғанын естіп, қуандық. Бірақ, біздің бұл бағдарлама бойынша баспана алуымызға алғашқы жарнамыз болған жоқ. Қазан айында облыс әкімі Болат Бақауов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашев жас ақ желеңділерді жинап, әлеуметтік жағдайымызды сұрады. Біз пәтер алуға алғашқы жарнаның жоқтығын ашық айттық. Сол тұста аймақ басшысы міндетті түрде қолдау көрсетілетінін айтып еді. Көп ұзамай, бізге мемлекет тарапынан қайтарымсыз, құны 1 млн. теңге болатын тұрғын үй сертификаты берілді. Өзімнің жұмыс орным – облыстық кардиологиялық орталықтың да зор демеу болғанын ерекше атап өткім келеді. Орталық 60 айға, пайызсыз 1 млн. теңге берді. Ай сайын 16 мың теңгеден қайтаратын боламын. Осылайша, алғашқы жарна-ның 2 млн. теңгесі жиналды. Оған қоса, жолдасым екеуіміздің тірнектеп жүріп жинаған 209 мың теңгеміз болған. Осы 2 млн. 209 мың теңгені алғашқы жарна ретінде төлеп, баспаналы болдық, - дейді Ә.Жантемірова.

Сөйтіп, Жантеміровтер отбасы Тәуелсіздік даңғылы бойында орналасқан көпқабатты үйдегі 2 бөлмелі пәтердің иесі атанды. Пәтердің жалпы аумағы - 63 шаршы метр, құны – 11 млн. теңге. Жас отбасы 25 жыл аралығында ай сайын 62 мың теңге төлейтін болады. Осы орайда Әсима Аманқызы баспана алуға қажет құжаттарды рәсімдеуде еш қиындықтың болмағанын айтты.

- Қазан айындағы демалыс күн-дерінің бірінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы арнайы автобус ұйымдастырып, «7-20-25» бағдарламасы арқылы баспаналы болуды қалайтын бір топ дәрігерді жинады. Біз әр көпқабатты тұрғын үйге барып, ішкі және сыртқы жұмыстарымен таныстық. Сол жерде бірнеше банк өкілдерінің кеңесін алып, «Бәйтерек» құрылыс компаниясының мамандарымен тілдесуге мүмкіндік туды. Ал дүйсенбі күні компанияның сайты іске қосылып, мен алғашқы пәтер сатып алушы ретінде тіркелдім. Құжат жинауыма 20 күн уақыт берілді. Осы мерзім аралығында «Халық банк» АҚ Павлодар қаласындағы филиалдарының біріне өтініш беріп, 7 күннен соң оң жауап алдым. Кейін сату-сатып алу құжатын ресімдедік. Енді тиісті құжаттың барлығы банкке өтіп, банктің қаржыны құрылыс компаниясына аударуын күтіп отырмыз. Бір-екі күн дересінде пәтер кілтін қолымызға аламыз, - дейді Ә.Жантемірова.

Бірнеше жыл бойы пәтер жалдап тұрған жас отбасының арманы осылай орындалды. «7-20-25» бағдарламасы мен облыстық кардиологиялық орталықтың қаржылай көмегі нәтижесінде жаңа, жайлы, кең пәтерде тұратын болды. Сіз де баспаналы болуды қалайсыз ба? Олай болса, мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндіктерін қалт жіберіп алмаңыз.


Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz