Президент іс-шарада сөйлеген сөзінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасындағы алғашқы сауда-саттықты бастау рәсімінің ұлттық валютамыз – теңгенің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында өтуінің символдық мәні зор екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев төл теңгемізді енгізу өз қаржы жүйемізді қалыптастырып, мемлекетіміздің экономикалық дербестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

– Содан бері Қазақстан экономикасы едәуір өсіп, халықтың тұрмыс деңгейі де артты. Ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. «Астана» халықаралық қаржы орталығының іске қосылуы – елімізді одан әрі орнықты дамытудың маңызды қадамы, – деді Елбасы. Қазақстан Президенті рәсімге қатысушыларға әлемдік уран нарығының 20 пайызға жуығын қамтитын «Қазатомөнер-кәсіп» ұлттық компаниясы бүгін ІРО-ға алғаш рет шығып отырғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев келешекте «Астана» халықаралық қаржы орталығы өңірдің басты қаржы хабына айналып, Азияның үздік қаржы орталықтарының қатарына қосылуға тиіс екенін атап өтті. – Қаржы орталығы қазірдің өзінде елордамызға «қаржы астанасы» деген жаңа мәртебе берді. Жаһандық қаржы орталықтарының рейтингінде бас қаламыз тек соңғы жылдың өзінде 27-сатыға көтерілді. Астана тұрғындары мен елорда қонақтары үшін мейлінше қолайлы жағдай жасалатын «ақылды қала» ретінде одан әрі дами береді, – деді Елбасы. Соңында Қазақстан Президенті мемлекетіміздің барлық бастамалары халқы-мыздың әл-ауқаты мен еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғанын айтты.

Осы орайда салтанатты рәсім аясында Мемлекет басшысына есеп берген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов осыдан бірер жыл бұрын ЭКСПО-2017 құрылысы басталған тұста Елбасының енді салына бастаған ғимараттар болашақта «Астана» халықаралық қаржы орталығына беріледі деген сөздерін еске салды.

АХҚО басқарма төрағасы Тимоти Беннетт АХҚО өз инновациялылығын көрсете отырып, халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтіндігін және реттелетіндігін атап өтті. Мұнан соң сөз алған «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқару-шысы Қайрат Келімбетов АХҚО алаңына «Қазатомөнеркәсіп» АҚ ІРО-сын шығару тек «Астана» халықаралық қаржы орталығы үшін ғана емес, сонымен бірге Қазақстандағы капитал нарығын дамыту үшін де айтулы оқиға болып саналатындығына тоқталды.

Өз кезегінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының құқықтық мәртебесі Мемлекет басшысы 2015 жылы қол қойған конституциялық заңмен бекітілген, ал жұмыс тілі – ағылшын тілі. Ал қаржы орталығының жұмысына қатысушыларға 50 жылға дейін салықтық жеңілдіктер қарастырылған, сондай-ақ олар үшін жеңілдетілген валюталық, визалық және еңбек режімдері көзделген. Бұл – қызметі ағылшын құқығына негізделген өңірдегі бірден-бір орталық. АХҚО Нью-Йорк, Сингапур, Лондон және Дубай қалаларындағы қаржы орталықтарының үздік моделі негізінде жұмыс жүргізеді.


«Егемен Қазақстан» газетінен ықшамдалып алынды.

saryarka-samaly.kz