«Луганск» ӨК жұмысы облысқа кеңінен танымал. Ірі қара малды өсіріп, оларға қатысты түрлі тәжірибе жасаудан жасқанбайтын шаруашылық былтыр тағы бір істі қолға алды. Ол – құрама жем цехының ашылуы. Сүттің өнімділігін арттыру сиырларға берілетін азыққа тікелей байланысты деп пайымдайтын кооператив басшысы Петр Кузьменко бұл бағыттағы істі бір ізге келтірді.

- «Сиырдың сүті – тілінде» деп тегін айтылмаса керек. Сүттің мол, майлылығы жоғары болуы азыққа байланысты. Біздің тәжірибемен танысқан кейбір
шаруа қожалықтарының өкілдері «дәл осындай азық түрлері бар, бірақ өнімділік соншалық жоғары емес» деп жатады. Менің айтарым – азықпен қамтылу жеткіліксіз. Оны өзге қоспалармен араластырып, тиісті мөлшерде және белгілі бір уақытта жүйелі түрде малға беру аса маңызды. Бұл ретте біздің кәсіпорын ғалымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтінін баса айтқым келеді. Ғылыми көзқарас болмай, істі жетілдіру қиын. Сондықтан, өз ісінің білікті мамандарының ақыл-кеңесін міндетті түрде назарға аламыз.

Сонымен қатар, көпшілік сиырға жыл он екі ай бойы бірдей көлемде, бірқалыпта азық береді. Бұл дұрыс емес. Суалу кезеңі, төлдеу уақыты және негізгі жайылым кезінде әр түрлі өнім берілуі тиіс. Мәселен, суалу кезінде сахароза, глюкоза, ал басқа уақытта ақуыздың мол болғаны жөн. Бұл да өнімділікке әсер етеді,-дейді П.Кузьменко.

Ірі қараға берілетін азықтың құрамында өсімдіктің түр-түрі кездеседі. Олардың бірқатарын шаруашылық өзі егіп, өсірсе, қалғанын Ресейден сатып алады. Құрама жемде жүгері, рапс, бидай, пішендеме және тағы басқасы бар. Сондай-ақ, ас қорытуды жақсарту үшін ас содасы, макро және микроэлементтер, тұз қосылады. Барлығы 11 компоненттен тұрады. Өткен жылы «Луганск» ӨК 300 тоннадан астам құрама жем әзірлеген екен. Бұл екі жылға жеткілікті. Шағын цехта дайындалатын мал азығы сатылымға шығарылмайды.

- Цех өткен жылы іске қосылды. Мұндағы жұмыстың барлығы элект-ронды жүйе арқылы басқарылып, автоматты түрде жүргізіледі. Яғни, құрама жемге қажетті өнімдердің көлемін анықтау, оларды ұсақтап, араластыру – барлығы компьютердің «тілін» жетік білетін маман көме-гімен жүзеге асады. Кейін дайын өнім мал базасына жеткізіледі, - дейді П.Кузьменко.

Мұндай жүйенің шын мәнінде нәтижелі болғанын мына деректер айғақтайды: 2013 жылы сауылған сүт көлемі 49 мың тонна болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 66 мың тоннаға дейін өскен. Ал мал басы сол қалыпта, яғни 6 мыңға жуық ірі қара бар. Шаруашылық жұмысын ширата түсу үшін басшылық биыл 400 басқа арналған ангар құрылысын қолға алып, «Ёлочка» сауу кешенін сатып алмақ. Бұл мақсаттарға шамамен 150 млн. теңге қаражат қажет.

Осы орайда «Луганск» ӨК аудан өмірінде әлеуметтік жауапкершілігі зор екенін атап айтпасқа болмас. Луганск ауылы мен оған қарасты бөлімшелердегі көптеген жұмыс аталмыш шаруашылықтың тікелей қатысуымен, қаржылай көмек көрсетуімен жүзеге асуда. Мысалы, былтыр Луганск ауылындағы бір көшенің жолына асфальт төселіп, тағы бірнеше көшенің жолы жөнделді. Луганск ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Зухра Аушахимованың айтуынша, қыс кезінде ауылдардың кіреберіс жолдарындағы, қарттардың аулаларындағы қар тазалау ісін де аталмыш кәсіпорын толығымен өз мойнына алған. Оған қоса, ауылдағы балабақша «Луганск» ӨК-мен мемлекеттік – жеке меншік әріптестік аясында жұмыс істейді. Ауылдағы хоккей корты мен балаларға арналған ойын алаңы да осы шаруа-шылықтың қаржысы есебінен салынды.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы үнемі айтады. Бұл бір тал егу немесе ағаш түбін өңдеу сияқты ұсақ жұмыстармен емес, ауылдағы нақты проблемаларды шешумен көрініс табуы тиіс деп ойлаймын. Сондықтан, мүмкіндігінше әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуына атсалысып келеміз. Осы ауылда қызмет еткендіктен, оның өрлеуі мен өркендеуіне үлес қосу – азаматтық борышымыз, - дейді П.Кузьменко.

saryarka-samaly.kz