Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі әлемдік хит әндерді, үздік фильмдер мен балалардың сүйікті мультфильмдерінің саундтректерін орындап, көпті таңдай қақтырды.

Оркестрдің көркемдік жетекшісі Талғат Кәрімовтің айтуынша, өнер ұжымы аталмыш шараға бар болғаны бір ай ғана дайындал-ған. Танымал туындыларды орындауда өнер ұжымы бас гитара, ұрмалы және үрмелі аспаптармен қатар валторна, труба, флейта, габой, кларнет тәрізді ерекше аспаптарды да қосқан. Сондай-ақ қобыз, сырнай, сазсырнай, домбыра мен шертпе әуен әлемдік хиттерге ерекше сән берді.

– Дәл осындай кешті бұрын-соңды павлодарлықтар еш жерден тамашалаған емес. Мұның күнделікті өтіп жүрген концерттерден айырмашылығы - аға буынды, жас-тарды және балалардың басын бір жерге біріктіруінде. Ал оның басты ерекшелігі жер-лестеріміз өздерінің сүйікті кинотуындыларына тірек болған әндерді оркестрдің орындауында тыңдауында болды. Кешке келген әр адам рухани азық алып, жақсы демалып қайтқанына сенімдімін. Ол үшін оркестрдің әр мүшесі барын салды, - деді Талғат Кәрімов.

Кеш барысында көрермендер қазақ кино-сының жауһарлары - «Менің атым Қожа», «Біздің сүйікті дәрігер», т.б. туындылармен қатар әлем сүйіп көрген «Титаник», «Кариб теңізінің қарақшылары», «Тақтар ойыны», «Гарри Поттер» сынды фильмдердің саундтректерін тыңдады.

Ерекше кештің құрметті қонағы болған Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, дирижер Дәулет Ғалымов әріптестерінің өнеріне оң бағасын берді.

- Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрімен әріптестік орнат-қанымызға біраз уақыт болды. Содан бері қос ұжым репертуарды жаңарту бойынша бір-бірімізге үнемі қолдау көрсетіп келдік. Дәл бүгінгі жасап отырған жаңалықтары көбіміз үшін тосынсый болды. Осы кеште көрерменге 10 партитура ұсындық. Өз басым аталмыш өнер ұжымның болашағына сенемін. Олар әлі талай әлемдік деңгейде өнер көрсетіп, қазақ өнерін қарыштатады, -деді Дәулет Ғалымов.

Айта кетелік, 11 жылдық тарихы бар оркестр - бүгінде еліміздегі ең жас әрі үздік ұжымдардың бірі. Өнерпаздар қазан айында ғана Атырауда өткен күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған ұлт аспаптар оркестрінің халықаралық фестивалінде өнер көрсетіп, жүлдемен оралған еді.

Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген өнер ұжымы тыңдармандардың сұрауы бойынша алдағы уақытта аталмыш кешті павлодарлықтарға қайталап ұсынуды жөн көріп отыр.


Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz