Жиын барысында Успен ауданының әкімі Бауыржан Қасенов өңірдің гүлденуіне үлес қосып отырған жергілікті кәсіпкерлер мен шаруаларға алғыс айтты. Бүгінде 12 мың тұрғыны бар аудан әлеуметтік- экономикалық әлеуеті бойынша облыста алдыңғы қатарда тұр. Бұл өңірде мал және егін шаруашылығы жақсы дамыған. Айта кетерлігі, Успен ауданында басқа өңірлерде өспейтін дәнді және майлы дақылдар түрлері, аты аңызға айналған англиялық абердин-ангус тұқымдас ірі қара мал шаруашылығы қолға алынуда. Бұл замана көшінен қалмаған жергілікті шаруалардың кәсібіне деген ширақтығын көрсетсе керек.

- «Туған жер» бағдарламасы - уақыт талабынан туындаған идеология жинағы. Успен ауданының бүгінгі жетістігі - ауыл тұрғындарының ел игілігі жолындағы қажырлы еңбегінің жемісі. Сіздер ауыл-аймақтың дамуына арналған күш-жігерлеріңізбен ауданның ғана емес, Павлодар облысының өркендеуіне зор үлес қосып отырсыздар. Ауданымыздың жыл өткен сайын әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсарып келе жатқандығы көңіл қуантады, - деді аудан әкімі Б.Қасенов.

Жиын барысында аудандағы ірі шаруашылықтың бірі «Галицкое» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Александр Касицын, аудандық «Рухани жаңғыру» қоғамдық қорының басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Александр Ви, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ислам Рысмағамбетовтер ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы кеңінен айтып берді.

Айта кетерлігі, Успен ауданының диқандары жыл өткен сайын заманауи технологияларды қолданып, тәжірибе жинақтауда. Биылғы жылы аталған ауданның шаруалары егіс алқабының 40 пайызына ылғал ресурс-тарын сақтау технологиясын пайдаланған. Осының әсерінен успендік диқандар биыл әр гектардан 12,5 центнерден өнім алды. Бұл - облыс бойынша үздік көрсеткіш. Кейінгі жылдары ауданда күздік бидай егу жүйесі кеңінен қолға алынуда. Тың тәжірибені қолданған шаруалар оң нәтижеге жетіп отыр.

2015-2019 жылға арналған индустриялық инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру бойынша «Галицкое» ЖШС бірқатар жобаларды қолға алды. Соның бірі - күнбағыс майын өндіретін зауыт. Өндіріс орнының қуаттылығы - ауысымына 4,8 тонна. Бұдан бөлек аталған шаруашылық жыл соңына дейін 1000 басты ірі қара мал бордақылау орнын салуды жоспарлауда.

Жергілікті «Алдияр» және «Егінбай» шаруа қожалықтарында 70 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа заманауи модульдік астық кептіргіш құрылғы орнатылды.

Алдағы үш жылда жалпы инвестициялық салымдармен құны 2 млрд. теңге көлемінде бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Мәселен, «Галицкое» ЖШС сүт бағытындағы 1000 бас ірі қара мал тұратын комплексті ашуды көздеп отыр. Жобаның құны - 1 млрд. теңге. Сондай-ақ аталған шаруашылық суармалы егіс алқабын 348 гектар аумаққа жеткізуді межелейді. Сонымен қатар аудандағы «БИК» шаруа қожалығы суармалы егіс алқабын 200 гектарға, «Анна» шаруа қожалығы 160 гектарға, «Штрех» шаруа қожалығы 80 гектарға кеңейтуді көздейді.

Ауданда жыл өткен сайын шағын және орта бизнеспен айналысатын азаматтардың саны артып келеді. Соңғы үш жылда жеке кәсіппен айналысатындардың көрсеткіші 7,7 пайызға өскен. Осылайша жеке кәсіппен айналысатын азаматтардың саны 719-ға жетті. Успендік тұрғындарды орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамту бойынша да елеулі жұмыстар атқарылуда. Бүгінге дейін 12 мың халықтың тең жартысы тұратын 5 елді мекенде орталықтандырылған су жүйесі іске қосылған. Биылғы жылы Равнополь, Новопокровка, Успенка аудандарының тұрғындары ауызсуға үйден қол жеткізсе, Қоңырөзек ауылында осы бағыттағы жұмыстар аяқталуға жақын. Жыл соңына дейін аудандағы халықтың 65 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылады.

Ауданда денсаулық сақтау, жол жөндеу, білім беру салаларында да алға ілгерілеушілік бар. Кәсіби мерекеге орай аудан әкімі Бауыржан Қасенов өңірдің өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматқа Успен ауданының Құрметті азаматы атағын тапсырды. Бұл құрметке ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері - Ақылбек Қабиев, Рақым Мүсәлимов, Абай Сүлейменов, сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері - Дүйсенбі Күлжанов, Вера Ерашова, еңбек ардагерлері Нина Свириденко, Петр Флюнт ие болды. «Туған жерге тағзым» акциясына белсене қатысып, ауданның алға басуына үлес қосқан бірқатар кәсіпкер «Жыл меценаты» аталымына ие болды. Олардың қатарында «Галицкое» ЖШС-нің басшысы Александар Касицын, «Шыңғысхан» шаруа қожалығының директоры Жоламан Мұсабеков, «Анна» шаруа қожалығының басшысы Сергей Саруджиди, «ЧКУ» шаруа қожалығының директоры Сергей Черевко бар. Сондай-ақ Павлодар облысы ауылшаруашылық басқармасының Құрмет грамотасымен, облыстық ауылшаруашылық қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен және аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен, аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасымен ауданға еңбегі сіңген бір топ азамат марапатталды. Мерекелік шара павлодарлық өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасына ұласты.


Алпысбай ХОНЖ
Успен ауданы.

saryarka-samaly.kz