Көмір жөнелтілуде

Павлодар өңірі Қазақстанда көмір өндіруміне айналысатын ірі кеніштерге ие. Өткен жылы Алматыда қақаған аязда жұртшылық көмірді қаппен сатып алып айқай-шу шыққанда, минситрлер бастап Екібастұздағы өндірістің жай-күйін бақылауға асығып келген. Бірақ көмір кенішін игеруде ешқандай ақау жоқ. Мәселе алыпсатарларда екенін көпшілік сол кезде көтерген.

Биыл да солай. Яғни көмір қоры жеткілікті. «Самұрық Қазына» АҚ таратқа мәліметке сүйенсек, Екібастұздағы «Богатырь Көмір» ЖШС-нің кеніштерінде 2018 жылдың 9 айында жоспарланған 29 778 мың тоннаның орнына 32 556 мың тонна көмір өндірілді. Осы орайда компания қазан айының 25-іне дейін 32 869 мың тонна көмір жөнелтті, бұл жоспарланған көлемнің 110 процентін құрайды.

«Самұрық-Энерго» электр энергетикасы холдингі мамандарының сөзінше, тиелген көмірдің 80 процентке жуығы электр энергиясы мен жылу өндіру үшін республиканың энергия өндіретін кәсіпорындарына жіберілген. Бұдан тыс, «Богатырь Көмір» қатты отынды коммуналдық-тұрмыстық мұқтажды өтеу үшін жөнелтеді. Бұл жерде сөз ауылдық елді мекендердегі, екібастұз көмірі паспортта көрсетілген отын болып табылатын, ұсақ қазандықтар туралы болып отыр. Олар бойынша коммуналдық-тұрмыстық көмірді (КТК) тиеп-жөнелтудің 1 000 000 тонна жоспары ағымдағы жылғы 25 қыркүйекте орындалып қойды. Осы уақытқа қарай жеткізу көлемі 1 037 мың тоннаны құрады. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы тұтынушыларға 1 398 551 тонна көлемінде КТК жөнелтілген болатын.

Бүгінгі күнге қарай көмір өндіруші компания 2018-2019 жж. жылу маусымына дайындық аясында тапсырыс берушілердің барлық сұранысын орындады.

Екібастұз көмір бассейнінде өндірілетін бүкіл көмірдің 60 проценті және Қазақстан Республикасында өндірілетін көмірдің жалпы көлемінің 40 проценті «Богатырь Көмір» ЖШС-нің үлесіне тиесілі. Компанияның негізгі тұтынушылары қатарында қазақстандық компаниялар: «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ, Алматы және Степногорск ЖЭО, «Қарағанды Энергоорталық» ЖШС (ЖЭО-1, ЖЭО-3), «СевКазЭнерго» АҚ, «Астана-Энергия» АҚ (ЖЭО-1, ЖЭО-2), «Көкшетаужылу» МКК, «Павлодарэнерго» АҚ, «Bassel Group LLS» ЖШС (Теміртау қаласы), сондай-ақ ресейлік компаниялар: Рефтинск, Троицк ГРЭС-тері бар.

«Богатырь Көмір» кәсіпорынның өндірістік қуаты – жылына 42 млн. тонна көмір өндіру, соның ішінде «Богатырь» кеніші бойынша – 32 миллион тонна, «Северный» кеніші бойынша – 10 миллион тонна.

«Виртуалды қойма» бақылайды

Яғни, кеніштен ашық әдіспен қазылып алынып жатқан тас көмір жеткілікті. Енді оны жергілікті жерлерде тұрақты бағамен сатылу мәселесін билік өкілдері, баға саясатына жауапты органдар қадағалауға тиіс. Әйтпесе, атасын ақша деп білетін саудагерсымақтар ауа райы күрт суытқанда аранын ашып, халықты қанауы әбден мүмкін.

Осы орайда Үкімет Қазақстандағы көмір саудасын онлайн әдіспен жүзеге асыруды қолға алмақ. Яғни, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде аталмыш сауда онлайн тәртіппен бақыланатын болады.

Белгілі болғандай, қазіргі кезде ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті «Виртуалды қойма» модулі» атты ақпараттық желіні іске қосу бойынша жұмыстар жүргізуде. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдеме жасады.

«Виртуалды қойма» модулі бойынша көмірді сату ісі 2019 жылдың 1 қаңтарынан іске асыру жоспарлануда.

- Вирталду қойма салық төлеушінің қоймасында нақты қанша көмір қоры қалғанын автоматты түрде есептеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ өндірушіден бастап тұтынушыға дейін жету кезеңінде бағаның қаншалықты құбылатынын бақылау мүмкіндігі туады. Витуалды қойманың жұмыс істеу тетігі кіріс құжатын ресімдемей, көмір сатуға ешбір жол бермейді, делінген ақпараттық хабарламада.

Сондай-ақ, виртуалды қойма көмір нарығын әлдеқайда ашық етіп, көмір өндірумен және оны сатумен айналысатын компаниялардың көлеңкелі әрекет жасауына кедергі келтіріп, оның көлемін төмендетеді.

Қазірде аталмыш жаңашылдық пилоттық түрде жұмыс істеуде.

Жаңғырту – қосымша қуат

Жалпы, өңірлерде көмір қорының жеткілікті болуы ғана маңызды емес. Сондай-ақ, қаланы жылыту мәселесі де ерекше орынға ие. Бұл орайда Ақсу қаласында соңғы бірнеше жыл бойы ірі қазандықтың құрылысы жүргізіліп жатқаны мәлім. Айта кетелік, осыған дейін Ақсу шаһары жергілікті ферроқорытпа зауытының өндірісінен алынатын жылу қуатын пайдаланып келген болатын. Бұл, ең алдымен, қалалықтарға жетпей жатыр, екіншіден, жеке меншік кәсіпорынның қолына тәуелді болуы - тұтас қала үшін сенімсіз жағдай. Өйткені зауыт осыдан бірнеше жыл бұрын жылу өндіруші құрал-жабдықтардың ескіргенін, оны жаңарту зауыттың басты мақсатына жатпайтынын айтып, мемлекеттен көмек сұраған болатын. Алайда Үкіметтің шешімі бойынша металлургтер қаласына жеке, дербес қазандық салу мәселесі қолға алынды. Бұйыртса, жақын уақытта ақсулықтар өзіндік жылу көзіне ие болады.

Бүгінде Ақсу қаласында коммуналдық қызметтермен қамту бағытында стратегиялық маңызға ие кәсіпорынның бірі - Еуразиялық Топ (ERG) құрамындағы «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ электр станциясы. Бүгінде компания 2018-2019 жылдардың күзгі-қысқы маусымындағы жұмысқа әзірлік төлқұжатын алды. Құжат қысқы көп жүктемеге Ақсу электр станциясы жабдығының даяр әрі сенімді екенін растады.

«ЕЭК» АҚ техникалық басқармасы мамандарының айтуы бойынша, дайындық акті тәуелсіз сарапшылардың, атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің, әкімшіліктің келісімін өтті және Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігімен мақұлданды.

Ақсу электр станциясында негізгі өндіруші жабдықта 17 іс-шара және жылу беретін жабдықта 75 іс-шара өткізілді. Атап айтқанда, №7 энергоблокты ағымдағы жөндеу және №3 энергоблокты күрделі жөндеу, сондай-ақ турбинаның мойынтіректері, турбиналық және қазандық жабдықтарының қосалқы жабдықтары жөнделді, қазандықтардағы қыздырудың алты беті, шаң өткізгіштері және тағы басқалар ауыстырылды. Сондай-ақ, Ақсу электр станциясы белгіленген қуаты 300 Мвт №4 энергоблокта орташа жөндеу жұмыстарын аяқтау сатысында.

– Электр станцияны күзгі-қысқы мерзім жұмысына дайындау – бұл жабдықтың, ғимараттардың қиын қыс жағдайларындағы сенімділігін қолдауға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру, - деп атап өтті «ЕЭК» АҚ Ақсу электр станциясының директоры Владимир Фенев. Біздің тұтынушылар, оның ішінде талай ірі өнеркәсіп өндірістері электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз етілетінін сеніммен айтуға болады.

«ЕЭК» АҚ электр станциясының қажетті қуат резервін күту мен жабдықтың беріктігі және төзімділігі бойынша өнеркәсіптік сипаттамаларды және экологиялық параметрлерді жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыс атқарылуда. Қазіргі таңда компания Ақсу электр станциясының 1973 жылдан бастап пайдаланып келе жатқан №5 энергия блогын қайта құру жобасын жүзеге асыруда. Бұл энергия блогының қуатын 300-ден 325 МВт-қа дейін арттыруға, отын шығынын азайтуға, пайдалану шығындарын қысқартуға, сондай-ақ электр станциясы жұмысының техникалық-экономикалық, экологиялық және сапалық көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік береді.

«Жалпы, «ЕЭК» АҚ Ақсу электр станциясы мен «Шығыс» көмір кенішін біріктіреді. Биыл Ақсу электр станциясы өзінің жарты ғасырлық мерейтойын тойлауда. 50 жыл ішінде станция 587 млрд квт/сағ. өндірген. «ЕЭК» 2001 жылдан бері электр станциясындағы энергоблоктарды жаңғыртуда. Бүгінде электр станциясының орнатылған қуаты – 2 450 мВт. №5 энергоблокты пайдалануға бергеннен кейін орнатылған қуаты 2 475 мВт-қа жетпек.


Күзгі-қысқы уақытта, жылыту маусымында жағдайдың тұрақты болуы - Үкіметтің тікелей бақылауында. Бұл ретте, алдын ала әзірліктің маңызы айрықша. Бастысы, қор мен баға мәселесін реттеу керек.


Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz