Елді мекен мол судың ортасында қалды. Қора-қопсыға су кіріп, берекені алды. Қол қусырып отырмадық. Қал-қадірімізше әрекет еттік. Бірақ ауыр техниканың көмегінсіз бұл ісімізден түк өнбейтінін білдік.

Шұғадағы төтенше жағдай Ақтоғай ауданының әкімдігіне, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығына жедел хабарланды. Соның нәтижесінде Екібастұз бен Павлодар қалаларынан, Ақтоғай ауданынан 10 техника көмекке келді. Авариялық-құтқару қызметтерінің өкілдері ауыл тұрғындарымен бірлесіп, тиісті шараларды қолға алды. Осы орайда, ауыл халқымен бір жарым тәулік бойы бірге болып, қиындықтан шығудың жолын іздеген Ақтоғай ауданының әкімі Ағыбай Қойшыбайұлы Әміринге алғысымыз шексіз. Аудан әкімі Тұрсынтай Шілтібаев, Тоқтар Мұсайыпов, Нұрлан Нұрхаев, Нұрболат Сейілханов, Мейрам Мәуенов, Мүбәрак Мұқанов секілді ел ағаларымен кеңесіп, тығырықтан шығар жолды талқылады. Жергілікті халықтың ақылына жүгінген мамандар елді мекен іргесімен өтетін автокөлік жолын төрт жерден бұзып, мол суды ағызып жіберді. Негізі, жол бойында екі су өткізгіш құбыр бар. Алайда, олар бұл жолы мол суды өткізіп үлгере алмады. Сол себепті, автокөлік жолын төрт жерден бұзуға тура келді. Осылайша, авариялық-құтқару қызметінің мамандары бір жарым тәулік дегенде тілсіз жауды ауыздықтады. Бастысы, мал-жан аман.

Осы орайда, Шұға ауылына төнген қауіпті сейілтуге атсалысқан азаматтарға зор алғысымызды білдіреміз. Атап айтқанда, Ақтоғай ауданының әкімі Ағыбай Әміринге, оның орынбасарлары Ермек Машрықов пен Азат Сатабаевқа, Жолболды ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Құнанбай Зейниқабиденовке, Азаматтық қорғау майоры Бауыржан Жамалов бастаған Екібастұз қаласындағы №14 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жігіттеріне (Құрамы - Әділбек Әпсамат, Руслан Аумалықов, Жанат Беков, Жандос Кәріпжанов), Бауыржан Жанғозинов бастаған Павлодар қаласындағы №2 өрт сөндіру бөлімінің мамандарына (Құрамы – Жанболат Рахметов, Марат Елубаев, Иван Ткаченко, Рүстем Усканов) алғысымыз шексіз. Әрине, бұл - олардың жұмысы.
Бірақ атқарылған жұмыстың еленгені, ескерілгені абзал деп білеміз.

Сондай-ақ, төтенше жағдайдың алдын алуда күш-жігерін аямаған Қабылбек Аханов, Балға Зылғарин, Азамат Мәуенов, Дүйсен Қаниев, Ерлан Мәуенов, Айдын Сейілханов, Қуаныш Мұздақбаев секілді ауыл азаматтарына ризамыз. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген ауыл халқы тағы бір мәрте ұйымшылдығымен тәнті етті.

Ендігі тілек – суды өткізу үшін жырылған ауыл жолдары уақыты әрі сапалы жөнделсе екен. Оның үстіне аудан басшылығының алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбас үшін ауыл маңындағы жолға қосымша төрт су өткізгіш құбырын орнату туралы уәдесі бар. Білуімізше, Шұға мен Жолболды арасындағы жолдың төрт жерін су шайып кетіпті. Оны да жеделдетіп жөндеген абзал. Себебі екі арадағы жол қатынасы тұрғындар үшін маңызға ие. Қысқасы, айтылған уәделер сөз жүзінде қалмайды деп сенеміз.

 

Ақтоғай ауданы, Шұға ауылының тұрғындары.

saryarka-samaly.kz