Құралай ҚОЖАМҚҰЛОВА, Астана қаласы әкімдігінің №2 оңалту орталығы ММ-нің директоры, логопедия ғылымдарының магистрі:

- Мүмкіндігі шектеулі балаларды ортасынан, қоғамнан бөлектемей, керісінше оларды он екі мүшесі бүтін замандастарының арасында бірге жүріп, бірге білім алуын қамтамасыз ету керек. Себебі, бала өзі кемтар болса, сол кемістігі үшін оны бөлектесе, ол тіпті өмір сүруге, өзіне өзі қызмет көрсетуге, білім, мамандық алуға дайындығы болмай шығады. Қашанда адамның дамуына, көзқарасының қалыптасуына қоршаған ортасы қатты әсер етеді. Біз осыны ескеруіміз керек. Мен Астанада оңалту орталығында қызмет етемін. Мұндағы 100-ден аса балаға логопед, психолог, дефектолог, сурдопедагог секілді мамандар көмек береді. Мүмкіндігі шектеулі балалар педагогикалық және коррекциялық көмек алулары тиіс. Сондықтан мүгедек баланың инклюзивтік білім алуына мүмкіндік берілуі өте маңызды. Бұл бағыт балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, өмір сүру жағдайын жақсартады.


Нескен МӘЛІКОВА, ҚР еңбек сіңірген мұғалім, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы:

- Мүмкіндігі шектеулі деген сөздің өзі жүрекке ауыр тиеді. Ал ондай баланы ортасынан, қоғамнан бөліп тастау дұрыс емес қой. Бұған дейін арнайы орталықтарда немесе мұғалім кемтар баланың үйіне барып оқытып жүрді. Бұл - ауыр жағдай. Мүгедек бала дені сау өзге балалар секілді алысқа ұзап шыға алмайды, дүкен, супермаркет, кино, театр секілді көпшілік жиналатын орындарға ілкіде бірі болмаса, көпшілігі бара бермейді, өйткені мүмкіндіктері жоқ. Ал инклюзивтік білім алу, дені сау замандастарынан қалмай оқу оқып, тәрбие алу баланың талабын арттырып, қатарынан кем қалмауға мүмкіндік берері сөзсіз. «Таяқтың екінші ұшы бар» демекші, мүгедек бала сау балалардың ортасында өзін қалай сезінбек? Мысалы, сыныптастары дене шынықтыру пәніне кетті дейік, мүмкіндігі шектеулі бала сонда не істейді? Ол мәселен, спорттың жеңіл түріне барсын. Жалпы, осы жағдайға қатысты педагогикалық институт, колледждерде мамандар дайындалуы тиіс. Сурет пәні, технология, еңбек секілді сабақтарда мүмкіндігі шектеулі бала өзін еркін сезінетіндей мүмкіндік жасалуы керек.


Перизат АРЫНОВА, Павлодар облыстық мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды оңалту орталығының физиотерапевті:

- Мұндай жағдайда мүмкіндігі шектеулі балалар ортаға кәдімгідей бейімделеді. Тек олармен тоқтаусыз жұмыс жүргізілуі тиіс. Мысалы, оңалту орталығына келген мүгедектердің көпшілігі үлкен депрессиялық жағдайда болады. Көбі адамдардан аулақтап, мүгедектігін мін санап, өз-өзімен қалады. Кейбірі ойын жеткізе алмайды, тірек қозғалысы жүйелері ауыратындарға тіпті қиын. Міне, осындай жағдайда жүрген адамды көпшілікпен араластырып, ойлау, сөйлеу, әрекет ету секілді тіршілікке қажетті істерге бейімдеу, үйретудің пайдасы аса зор. Сондай-ақ мектепте инклюзивті білім беріп, есейе келе өзін қорсынбайтындай мамандыққа үйретсе тіпті жақсы. Бізге, жалпы, балабақшаларға, мектептерге логопед, дефектолог мамандары өте керек. Үлкенді-кішілі оқу орындарында мүмкіндігі шектеулі, ойлау жүйесі төмен, т.б. сырқаттанатын мүгедектермен жұмыс істейтін мамандардың санын көбейту керек. Сондай-ақ қолға алынып жатқан бұл іс орта жолда қалып қоймай, кешенді бағдарлама жасалса, оң болар еді. Жалпы, мүгедектер арасындағы паралимпиадаларға, қолөнері, сурет байқауларына қатыстырып, көпшіліктің ортасында болуларына жағдай жасалса, олар сырқаттарын да ұмытады, алға ұмтылып, өмір сүруге бейімделеді. Сондықтан инклюзивті білім берудің пайдасы зор.


«Алаңды» үйлестірген – Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz