Мамандар мұндай мүмкіндікке мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қол жеткізіліп отырғанын айтады. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының энергия үнемдеу бөлімінің басшысы Азат Сыздықовтың мәліметі бойынша, бұл жоба биыл жыл соңында аяқталады.

- Былтыр қараша айында «Altocom Asia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен Павлодар қаласындағы сыртқы жарықтандыру жүйелерін жаңғырту және оны сенімді басқаруға беру жөнінде келісімшарт жасалды. Бүгінде инвестор жоспарланған 12 мың 483 шамды толық орнатты. Жарықтандыруды басқаруға арналған 70 шкафтың 10-ы орнатылды. Қалғаны жыл соңына дейін қойылады, - дейді А.Сыздықов.

Бұл жарық жүйесі инвестордың сенімді басқаруына 5 жылға беріледі. Жобаға кәсіпкер 1,7 млрд. теңге салған. Енді бұл сома бюджет тарапынан бес жылда бөліп қайтарылады. Облыс орталығына орнатылған шамдар тайваньда шығарылған. Ескі натрийлі шамдардан артықшылығы көп. Шашатын жарығының көптігімен қоса, жарамдылық мерзімі ұзақ. Бұрынғы сынапты шамдар 13-15 мың сағат жанып тұруға қауқарлы болса, енді жарық диодтылары 100 мың сағатқа дейін қызмет етеді. Яғни, 6-8 есеге артық. Оған қоса, анағұрлым зиянсыз екені айтылуда.

Мемлекеттік-жекеменшік әріп-тестік аясында энергетика бойынша тағы бір жоба Екібастұзда іске асқаны белгілі. Мұнда «Горэлектросеть» ЖШС кеншілер қаласындағы көшенің жарықтандыру жүйесін жаңғыртып, оны одан ары пайдалану бойынша жоба ұсынып, бүгінде толық іске қосылды. Нақтырақ айтсақ, Екібастұз қаласында ескі сымдар мен шамдардың орнына жаңалары орнатылды. Жобаға жарық диодты шамдар шығаратын қарағандылық «PROLUX LED» кәсіпорны да атсалысты. Отандық өнімнің таңдалуының өзіндік себебі бар. Қарағандылық шамдардың ТМД елдерінде теңдесі жоқ. Бұған дейін кеншілер шаһарына орнатылған аталмыш компанияның өнімдері қаншама жыл өтсе де істен шықпаған. Сондықтан, таңдау осы кәсіпорын тауарына түскен көрінеді.

Жоба аясында инвестордың жеке қаражатына және «Қазақстан Халық банкі» АҚ алынған қаржыға қала көшелеріне 3500 сынапты және натрийлі шамдар жарық диодтыларына ауыстырылды. Сонымен бірге, 82 шақырым сым оқшауландырылған. Яғни, қауіпсіздігі арттырылды. Осы міндеттемелерді инвестор толық орындап шықты. Енді кезекте бизнесменнің банктен алған қарызы қазынадан төрт жыл ішінде қайтарылады. Жобаның құны - 735 млн. теңге. Жаңа шамдар орнатылумен қатар желілерді қашықтықтан қадағалайтын автоматтандырылған жүйе қарастырылған.

Сонымен бұл әріптестік екібастұздықтарға қандай пайда әкеледі? Ең алдымен, көшені жарықтандыруға жұмсалатын жыл сайынғы шығын 50 пайызға азаяды. Демек, қазына қаржысы үнемделеді. Цифрмен келтірсек, бюджеттен қаланы жарықтандыруға бір жылда 100 млн. теңге бөлінсе, енді 40-50 млн. теңге жетеді. Мемлекет мұндай жобаға қыруар қаржыны бір мезетте бөле алмайтыны бар. Сондықтан әріптестік нәтижесінде бөліп төлеу мүмкіндігі беріліп отыр. Жарық диодты шамдар мен сымдар ауыстырылғаннан кейін Екібастұзда көшені жарықтандыруға кететін электр қуаты 57 пайызға үнемделеді. Себебі, қарағандылық шамдар ескілеріне қарағанда электр қуатын 3,5-4 есеге азырақ пайдаланады екен. Экологиялық тұрғыдан да тиімді. Өйткені, ауаға еш зиянды зат шашпайды. Қызмет ету мерзімі 20 жылдан асатыны тағы бар. Сынапты және натрийлі шамдармен салыстырғанда 6 есеге артық уақыт жарық шашады. Шамдағы диодтың саны да айтарлықтай көп. Мысалы, ескілерінде екі ғана диод болса, жаңаларында 100 диод кіріктірілген. Бұл көшеге түсетін жарықты еселей түседі.

Сандарды сөйлетсек:

Павлодар қаласындағы жобаның құны – 1,7 млрд. теңге
Облыс орталығына 12 мың 483 шам орнатылды;
Желіні басқарудың 70 шкафы ауыстырылуда;
Орнатылған жаңа шамдардың қызмет ету мерзімі ескілеріне қарағанда 6-8 есеге артық


Үкіметтің жоғары бағасы

Кеше ғана Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен жиында өңірлердің электр қуатын үнемдеуі бойынша жұмысының қорытындысы айтылды. Премьер-Министр үнемдеу жағынан Астананы қоса алғанда еліміздің 10 өңірі орташа бағаға ие болса, Алматымен бірге 5 облыстың жұмысы төмен бағаланды. Ал Павлодар облысының осы бағыттағы жұмысы жоғары бағаланды.

Аймағымыздың мұндай нәтижеге қалай жеткені де айтылды. Яғни, облысымыздың құзырлы басқармаларында 2013 жылдан бастап энергия үнемдеу жөніндегі жеке бөлім құрылды. Қазақстанда энергетика бойынша жүзеге асқан 4 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасының екеуі - Павлодар облысына тиесілі. Олар - жоғарыда аталған Павлодар мен Екібастұз қалаларындағы көшені жарықтандыру жүйелерін жаңғырту жобалары.


Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz