Естеріңізде болар, бұған дейін қала-лықтарға ауылдың еті мен майын, сүті мен жұмыртқасын, құрты мен қоспасын аста-төк ұсынатын ұтымды шара шаһардың шетінде, кейін «Сарыарқа» сауда нүктесінде ұйымдастырылды. Енді биліктегілер бұл жәрмеңкені тұрғындарға жақындата түсуді жөн көрді. Себебі, жоғарыда аталған орындардың қашықтығына байланысты қатынау қиынға соғатын. Сондықтан ұйымдастырушылар кезекті сауда-саттық мерекесін логистикасы дамыған орында өткізбек. «Квазар» сауда үйінің жанында өтетін жәрмеңкеге шаһардың кез келген түкпірінен жету жеңіл. Өйткені бұл жерде қоғамдық көлік ағылып жатыр. Арлы-берлі жолаушыларды тасымалдайтын маршруттардың да саны жетерлік. Демек, ауылдың арзан өнімін аңсаған ағайын еш кедергісіз мерекелік жәрмеңкеге жете алады.

Айта кетелік, «Квазар» сауда үйі жанындағы жәрмеңке негізі ертеңнен, яғни 23 қарашадан бастау алады. Ал келесі жұма, 30 қарашада Тұңғыш Президент күніне орай сауда мерекесі ауқымды түрде ұйымдастырылмақ.

Ұйымдастырушылар облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің бұл жәрмеңкесі жаңа форматта өтетінін айтуда. Тұңғыш Президент күнін тойлау қарсаңында және апта сайын тұрғындардың ауылдың сапалы әрі арзан өніміне қол жеткізуі үшін барлық жағдай жасалмақ.

Жәрмеңкенің не үшін өткізілетінін білетін боларсыздар? Билік ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз тұтынушыға тікелей жеткізіп, бағаның халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз етуді көздейді. Яғни, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер бағасын ұстау, нарықта бәсекелестік орта қалыптастыру мақсат етілген.

Құзырлы мекеменің мәліметі бойынша аймағымыздың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өнімін тонналап саудаламақ. Мәселен, мерекелік жәрмеңкеде 17,4 мың тонна ет және ет өнімдері, 13,1 тонна сүт өнімдері, 22 тонна картоп, 13 азық-түлік түрі 24,5 тоннадан әкелінеді.

Бір сөзбен айтқанда, қажетіңізге қарай қалтаңызға салмақ түсірмейтін бағамен ауыл базарлығын арқалап кетесіз. Өндірушіден тікелей жеткізілген таза табиғи азықтың дәмін татасыз. Жәрмеңкеге әр қосу үшін облыстың қалалары мен аудандарының өнерпаздары әннен шашу шашады.


Өз тілшіміз.

saryarka-samaly.kz