Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ:

- Ел газеті «Егемен Қазақстанда» Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Онда көтерілген көкейтесті мәселенің бірі – латын әліпбиіне көшу. Естеріңізде болса, бұл жөнінде 2012 жылы Елбасының халыққа Жолдауында да қозғалған болатын. Ендігі кезекте Президентіміз латын әліпбиіне көшудің нақты жолдарын айтып, осы мәселе зиялы қауым арасында кеңінен талқылануы қажет екенін алға тартты. Сондықтан, күн тақырыбында өткір тұрған, бүгінде қоғамда қызу талқыланып жатқан латын әліпбиіне көшу мәселесіне байланысты ой қозғау үшін ғалымдарды, көпті көрген көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды арнайы шақырып отырмыз. Қандай ұсыныс-пікір айтасыздар?

Бекен САҒЫНДЫҚҰЛЫ:

- Иә, бұл мәселе осыдан 5 жыл бұрын көтерілген еді. Содан бері санамызда «ерте ме, кеш пе, еліміз латын әліпбиіне көшеді, соған дайындала беруіміз керек» деген салмақты ой сақталып келді. Бүгін сол үкілі үміт сәулесінің куәсі болып отырмыз. Бұл жазу - елдігіміз бен егемендігімізді айқындайтын, халықтың сауаттылығын танытатын көрсеткіш деп білемін. Латын әліпбиі бұрын тарихымызда 10 жылдай уақыт салтанат құрды. Сол кезде біз көптеген елге, жерге танылдық. Ал қазіргідей қуатты мемлекетте өмір сүріп жатқан кезеңде біз халық болып бұл жазуды қолдап алып кетпесек, өркениетті елдердің қатарына ілесе алмаймыз. Себебі латын әліпбиі әлемдегі ең танымал жазулардың бірі саналады, яғни, болашағы зор. Сондықтан Елбасының шешімін қолдап, оның ары қарай жүзеге асуына үлес қосуымыз қажет.

Айман ЗЕЙНУЛИНА:

- Елбасының мақаласында көтерілген латын әліпбиіне көшу мәселесі өте өзекті әрі орынды. Біз ендігі кезекте осы мақсатқа жету үшін не істеу керектігін ойлануымыз қажет. Себебі, латын жазуына көшеміз деп айта салу оңай, ал оны жүзеге асыру үшін үлкен шараларды қолға алуымыз қажет. Ол үшін не істеу керек десек, біріншіден, латын графикасына өтудің оңы мен солын саралап алғанымыз жөн. Соған талдау жасап, мәтіннің оқу әуезін, әдісін, заңдылығын меңгеріп алуымыз керек. Екіншіден, кейбіреулер компьютердің көмегімен барлық дүниені латын әліпбиіне көшіре салуға болатынын айтады. Менің ойымша, бұлай жеңіл жол іздеген дұрыс емес. Мазмұнды оқулықтар мен әдебиеттің барлығын 100 пайыз сауатты етіп аударып шығу қажет. Өйткені, кезінде араб әрпінде жазылған небір әдебиеттер әлі күнге дейін шаң басып жатыр. Себебі, біз оларды оқи алмай, қиналдық. Ал латын әліпбиіне көшетін болсақ, кешегі, бүгінгі рухани дүниелеріміздің бәрін сауатты қалпында аударып алсақ, кейінгі буын трагедияға ұшырамайды. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу үшін емле ережесінің сақталуына баса мән берген жөн. Яғни, бірізділік, ортақ қағида болуы шарт. Өйткені, латын графикасында жазғанның жөні осы деп әркім өз білгенімен әр түрлі таңбаны қоя берсе, мұның соңы сауатсыздыққа әкеліп соғады. Осының алдын алу қажет. Төртіншіден, балабақшаларда, мектептерде, жалпы оқу үрдісінде латын әріптерін жазуды үйрететін пән - каллиграфия (жазу өнері) деген сабақты енгізу қажет. Мұны тез арада қолға алған жөн. Сондай-ақ, латын қарпін сауатты жазатын, оқитын мұғалімдер дайындау қажет. Осы бағыттағы жұмыстардың бәрін тез арада тиянақты атқара білсек, ұтарымыз мол болмақ.

Арман ҚАНИ:

- Тарихқа көз жүгіртсек, біз 3 әліпбиді ауыстырыппыз. Сол кезеңде бүгінгідегідей газет-журнал, компьютер, тың технология деген болған жоқ. Соған қарамастан, халық басына түскен барлық қиындықты еңсере білді. Тіпті, айшылық алыс жерлерге атпен барып, сауатын ашып жүргендер болды. Ал бүгінде шүкір делік, барлық қиындық артта қалды. Бейбіт заман орнады. Тәуелсіз мемлекетіміз жылдан-жылға өсіп-өркендеп, отандық ғылым-білім саласы дамып келеді. Осындай тамаша кезеңде латын әліпбиіне көшсек, ешқандай қиындық туындамайды деп ойлаймын. Қуантарлығы, бүгінде бастауыш сыныптарда оқитын балаларымыз ағылшынша үйренуде. Білім қуған жастар шет тілдерін меңгеріп, шетелдерде білім алуда. Осы тұрғыдан алғанда латын әліпбиіне көшуден қорқудың еш негізі жоқ деп санаймын. Бұл қадамға бару болашақ үшін маңызды екеніне сенемін. Себебі, бүгінде кириллицаның аясы өзінен-өзі тарылып келеді. Оның орнын ағылшын тілі басуда. Өйткені ол өзінің қажеттілігін мойындата білді. Сол сияқты латын әліпбиінің де болашағы зор болатынына еш күмәнім жоқ.

Бекен САҒЫНДЫҚҰЛЫ:

- Шынымен де, бүгінде біз өмір сүріп жатқан ел қуатты мемлекетке айналды. Сондықтан «латын әліпбиіне көшсек, жағ-дайымыз қалай болады?» деген сұрақ туындамауы тиіс. Әрине, осы мақсатқа жету үшін үлкен ізденіс, мол еңбек, қыруар қаражат қажет. Осының бәріне күш-жігеріміздің жететініне сенім артуымыз керек.

Ал ғасырлар бұрын қазақтың басынан өткен қиын-қыстау кезеңдерде дәл қазіргідегідей қуаттылық болған жоқ. Сонда да қоғамның заңына бағындық, басқа түскеніне көндіктік. Бастысы, бәрі артта қалды. Енді ештеңеден қаймықпай, саннан сапаға, сөзден іске көшетін уақыт жетті.

Ербол ҚАЙЫРОВ:

- Жасыратыны жоқ, өз басым латын әліпбиіне көшуге әлі үрке қараймын. Десе де, нақты шешім қабылданғаннан кейін оның жүзеге асуына көпшілік болып атсалысуға міндеттіміз. Кезінде солақай саясаттың салдарынан халықтың мәдениеті, әдебиеті, тілі жойылып кетуге шақ қалғанын тарихтан білеміз. Сондай зұлмат замандарды басынан өткерген кейбір ұлы тұлғаларымыздың шығармалары мен қолжазбалары бізде сақтаулы тұр. Мұндай мол мұраларды жас буынның кәдесіне жаратып, ғұмырлы ету үшін келешегі кемел латын әліпбиіне көшудің және шығармаларды сауатты аударудың маңызы зор деп білемін. Осы жолда көп жұмыстар атқарылуы қажет. Біз, музей қызметкерлері, бұл бағыттағы іс-шаралардың барлығына бір кісідей қолдау көрсетуге, қолдан келгенше тер төгуге әзірміз.

Майя ИСАҚАЕВА:

- Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы шешімі өте құптарлық. Әрине, бұл жолда түрлі кедергілер кездесетіні түсінікті жайт. Сондықтан «шешінген судан тайынбас» деген қағиданы бетке ұстап, нар тәуекелге барғанымыз жөн. Алға ұмтылған адам үшін алынбайтын қамал жоқ. Мәселен, мен латын әліпбиін білмеймін, бірақ кітаптарды оқи алады екенмін. Себебі, латын қарпі мен ағылшын тілінің әріптері өте ұқсас келетініне көз жеткіздім. Өкінішке қарай, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана қорында латын әліпбиінде жазылған 3 кітап қана сақталған. Біз осындай кітап қорын молайту үшін тұрғындармен жұмыс жүргізетін боламыз. Әркім осы науқанға өз үлесін қосса, бұл іс көп кешікпей жемісін береді деген үміттемін.

Мейрам НҰҒЫМАНОВ:

- Ғалымдар айтқандай, алдымен латын әліпбиіне көшу мәселесінің оңы мен солын саралап, елеп-екшеп, сосын ғана нақты бір шешім қабылдау қажет. Себебі осы мәселеге байланысты қоғам пікірі екіге жарылатыны сөзсіз. Мұны қалыпты жағдай деп түсінуіміз керек. Бірақ бұл ретте орыс тілінің факторын мүлдем жоғалтып аламыз деген ой болмауы тиіс. Кириллица да керек. Өйткені Қазақстанның Ресеймен эконо-микалық байланысы 65 пайызды құрайды екен. Демек, біз бұл мемлекеттің оқу-жазуын да ұмытпағанымыз жөн.

Бір анығы, болашақта мемлекеттік мекемелердегі іс қағаздардың барлығы латын әліпбиінде жүргізілетін болады. Осы мәселеге байланысты белгілі бір мемлекеттік бағдарлама түзілуі мүмкін. Сол кезде біз латын әліпбиіне байланысты нақты қандай жұмыстар атқарылатынын білеміз. Ал әзірге психологиялық дайындықтан өтуіміз қажет. Ол үшін алдымен біртіндеп көрнекі ақпараттарды өзгертіп, халықтың көзін соған үйрете беруіміз керек. Мысалы, дүкен, дәріхана, сауда орталықтарының атауларын латын тілінде жазған жөн. Одан қорықпағанымыз дұрыс.

Владимир ШНАЙДЕР:

- Бүгінгі таңда кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Ал қалған мемлекеттердің көбі латын әліпбиін қолданады. Демек, бұл - кең таралған жазу. Қарапайым ғана мысал келтірер болсақ, қазір ұялы телефонда латын қарпінде жазу оңай, ал кириллицада қазақша тере алмай қиналып жатамыз. Себебі латын әліпбиінің базасы қалыптасқан әрі ауқымы кең.

Өкінішке қарай, латын әліпбиінің қазақ тарихындағы ғұмыры ұзақ болған жоқ. Десе де, он шақты жылдың ішінде бұл жазу сол уақыттағы қазақ тілінің құлдырауын біршама тоқтатты. Себебі латын әліпбиінің басым бөлігі фонетикаға негізделді, яғни, сөздің таза айтылуын сақтап қалды. Түркі дүниесіне ортақ заңдылықты сақтады. Біз енді сол үрдісті жалғастырып, заманға сай лайықтап, бейімдеп, ары қарай дамуына ықпал етуіміз қажет.

Бұл ретте ескеретін бір жайт, бүкіл түркі әлемі 34 таңба пайдаланған екен. Біз осы нұсқаны аламыз ба, әлде 33 таңбаны қолданамыз ба? Осы жағын нақтылап алғанымыз жөн. Биыл бірыңғай стандарттар қабылданатын шығар деп ойлаймын.

Екінші мәселе – бүгінде әлемнің әр түкпірінде 5 миллионға жуық қазақ тұрады. Оның 80 пайызы латын әліпбиін қолданады. Демек, біз болашақта латын әліпбиіне көшсек, сол қазақтармен жақындаса түсеміз. Түсіне білген адам үшін мұның да маңызы зор.

Айман ЗЕЙНУЛИНА:

- Жалпы, тіл тазалығы, тіл білімі - үлкен ғылым. Қазір бір сөз бірнеше түрлі болып жазылады, айтылады. Осындай заңдылық-тарды бірізділендіріп алу керек. Ол үшін латын әліпбиіне көшу науқаны аясында қазақ тілі туралы арнайы заң шығару қажет. Біздің елімізде тілдер туралы заң бар, бірақ қазақ тілі туралы жеке заң жоқ. Осы мәселені оң жолға қойып, қауһарлы заң қабылдайтын уақыт жетті. Әйтпегенде, біздің ғалымдардың өзі дауласып жататын сәттер жиі кездеседі. Жазу нормасының ішінде орфографиялық, орфоэпиялық заңды-лықтар бар, сондықтан нақты ұсыныстар жасауымыз керек.

Жұмабек СМАНОВ, «Ертіс Медиа» ЖШС директорының орынбасары:

- Көтеріліп жатқан мәселе өте өзекті. Елбасы латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын айтты, нақты бағыт-бағдарын көрсетіп берді. Енді оны халық болып қолдауымыз қажет. Бұл – заман талабы. Бастысы, әркім өз ісімен айналысуы керек. Сол үшін неше таңбаны пайдаланған жөн, ол жағын ғалымдар зерттеп, дәлелдеп, тиімді тұсын ұсынсын. Екінші мәселе, қыруар қаражат қажет дедік. Бұл мәселені шешу – Үкіметтің міндеті. Ал әр саланың мамандары өздеріне жүктелген міндетті бұлжытпай орындап, жүйелі жұмыс істеуі тиіс. Біз, қазақстандықтар, көпшілік болып латын әліпбиін үйренуге, меңгеруге әзір екенімізді көрсетіп, осындай маңызды қадамға баруға ауызбіршілік танытқанымыз жөн деп ойлаймын.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ:

- Иә, Елбасымыз бұл мәселені жүзеге асыру жолдарын айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасайтынын сөз етті. Бұл бағыттағы жұмыстар 2018-2019 оқу жылынан бастап жүзеге асатыны белгілі болды. Біз бұған дайынбыз ба? Қандай мәселелер бар деп ойлайсыздар?

Бекен САҒЫНДЫҚҰЛЫ:

- Өкінішке қарай, дайындық мәз емес. Елбасымыздың көтеріп отырған гуманитарлық ғылым мәселесі өте орынды. Осы жердегі жоғары оқу орындарының ешқайсысы аудармашылар дайындамайды. Жасыратыны жоқ, біз оны жоғалттық. Тек ағылшын тілінен аударма жасайтын мамандарды ғана «аудармашы» деп алданып жүрміз. Сол үшін уақыт ұттырмай осы мәселені назарға алуымыз қажет.

2018 жылдан бастап әлемге танымал, брендтік оқулықтарды, яғни саф алтындарымызды аударуымыз керек. Солармен жастар танысуы тиіс. Осы мықты 100 кітапты меңгерген жастардың ой-өрісі дамып, рухани тұрғыда байып шығатыны сөзсіз. Елбасының меңзегені – осы!

Айман ЗЕЙНУЛИНА:

- Дұрыс айтасыз. Бүгінде әлемде 8 268 тіл бар болса, соның 6 642-сі ғана өмір сүруде. Сол тілдерде жазылған мықты, брендтік шығармалар көп. Әрине, олардың бәрі әлемге танымал тұлғалардың туындылары екені анық. Міне, осындай дүниелермен біздің жастарымыз сусындауы керек. Біз де өз тілімізді байытып, ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейде танытқанымыз жөн. Ол үшін халық сауатты, көзі ашық болуы тиіс. Мемлекет басшысының осы ойын дұрыс түсінуіміз керек.

Дәрия ДОСМАҒАМБЕТОВА, ИнЕУ-дің студенті:

- Шынымды айтсам, бастапқыда үйреніп қалған кириллицамен жүре бергеніміз жөн шығар деген пікірде болғанмын. Бұл мәселенің маңыздылығын терең түсінбеппін. Енді осындағы ғалымдардың пікірлерін естіп, ойымды өзгерттім. Білмейтінім көп екеніне көзім жетті. Менің айтпағым, осы тақырыпты әлі де халық арасында талқылап, түсіндіру жұмыс-тарын көбірек жүргізген жөн. Әйтпегенде, латын әліпбиінің маңызын түсін-бейтін жастар басқаша пікірде болуы мүмкін.

Жарқынбек АМАНТАЙ, ақын, журналист:

- Жастардың көбі ағылшын тілін жақсы меңгеруде. Латын әліпбиі соған ұқсас болғандықтан, көп кешікпей сәнге айналады деп ойлаймын. Өйткені қоғамдағы жарнаманың өзі ағылшынша жазылса, адам назарын бірден аудартады. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде ағылшынша жазатын жастар көбейіп барады. Қуантарлық жайт, әрине.

Ендігі міндет – ғалымдар ауызбіршілікпен латын әліпбиінің ең тиімді нұсқасын анықтап, оны заң жүзінде бекітсе, қалғаны оңай деп ойлаймын. Осы мәселе жедел түрде шешімін тапса, қоғам да, жастар да тез бейімделіп кетер еді деген сенімдемін.

ТҮЙІН:

«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты», - деп Елбасы айтқандай, латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Ал ғалымдарымыз осы қаріпті қолдану арқылы әлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз деген пікір айтып, оның тиімді тұстарын дәлелдеп бағуда.

Ендігі кезекте, Мемлекет басшысы атап өткендей, ғалымдардың көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы қабылданып, әдістемелік жұмыстар жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, жаңа әліпбиді үйрететін сапалы мамандар қатарын көбейтіп, мектептерге арналған оқулықтар дайындалуы қажет.

Міне, осы мақсатқа қол жеткізіп, соның жемісін көру үшін қаймақ бетінде жүрген білікті тіл мамандары мен оқытушы-профессорлар аянбай тер төгуі керек. Дөңгелек үстел шарасынан осындай ой түйдік. Ал ғалымдардың еңбегін бағалап, ел болашағы үшін қабылданғалы отырған маңызды шешімге қолдау көрсету, жақсыны үйренбекке ұмтылу жүрегі «елім» деп соққан әрбір қазақстандықтың абыройлы міндеті болмақ.

 

Айқарманы әзірлеген - Нұржайна ШОДЫР.

saryarka-samaly.kz