Үстіміздегі жылы республикалық бюджетті нақтылағаннан кейін облысымызға қосымша 5 млрд. теңге бөлінген. Сондай-ақ, мақсатты трансферттердің көлемі 7,3 млрд. теңгеге ұлғайған. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, қазына қаражатының көбеюі есебінен көліктік инфрақұрылымды дамытуға, соның ішінде Баянауыл, Железин, Павлодар, Тереңкөл және Аққулы аудандарында жолды жөндеуге қосымша қаражат бөлінді. Сондай-ақ, инфрақұрылымдық жобаларға қосымша 3 млрд. теңге көлемінде қаражат жұмсалған. Нәтижесінде, аймағымыз бойынша алты елді мекенге су құбыры тартылған. Павлодар қаласындағы кәріз жүйесі коллекторы қайта қалпына келтіріліп, «Усольская» подстанциясы салынды. Жаңа «Достық» шағын ауданына электр желісі тартылып, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылымына біраз қаржы жұмсалды.

Ауыл шаруашылығы саласы да қолдаудан кенде қалған жоқ. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы техникасын, мал шаруашылығы мен суармалы егіншілікті дамытуға арналған құрал-жабдықтарды сатып алған фермерлерге инвестициялық шығындарының субсидиясы ретінде қосымша 1 млрд. теңге қаражат үлестіріледі.

Бұдан бөлек М.Тұрлыбаев жаңар-тылған білім беру бағарламасы бойынша жұмыс істейтін ұстаздарға үстеме еңбекақы төлеу үшін де 430,7 млн. теңге қаражат қарастырылғанын айтты. Денсаулық сақтау саласы бойынша сирек кездесетін ауруларға шалдыққан тұрғындардың дәрі-дәрмегіне де қажетті сома қарастырылған.

Атап өтерлігі, аймағымызда азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жыл сайын тұрақтандыру қорына көп көлемде ет, көкөніс, картоп сияқты ауыл шаруашылығы өнімдері сатып алынатыны белгілі. Биыл бұл мақсатқа 200 млн. теңге қаражат бөлінбек. Аталған қаржыға тұрақтандыру қорына 600 тонна қант, 70 тоннадан астам құс еті, 75,5 тонна өсімдік майы сатып алынбақ. Жоғарыда аталған шығындарды облыстық мәслихат депутаттары бірауыздан бекітті.

Сондай-ақ, халық қалаулылары аймақ дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарға «Павлодар облысының Құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім қабылдады. Мұндай жоғары мәртебеге ие болғандардың қатарында Тәуелсіздік жылдары облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне он жылдан астам уақыт бойы басшылық еткен, өңірімізге белгілі журналист, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхит Омаров бар.

Облыстық мәслихат сессиясында бекітілген тағы бір маңызды мәселе - Павлодар қаласындағы Суворов көшесін Малайсары батыр деп қайта атау және шаһардың кіреберісіндегі атауы жоқ көшеге Баян батырдың есімін беру. Халық қалаулылары бұл ұсынысты да көпшілік дауыспен қабылдады.


Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz