Шараға Ақсу қаласы мен оған қарасты ауылдық аймақтағы мектептердің директорлары, мұғалімдері жиналды. Бірғаным Әйтімова мен ұстаздар қауымы Елбасының рухани жаңғыру мәселесін арқау еткен мақалаға, педагогика саласындағы өзекті мәселелерге қатысты ойларын ортаға салды.

- Латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Бұл ретте педагогтарға артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Биыл әліпбиге ауысудың бірыңғай стандарттары қарастырылады. Ал келесі жылдан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігі латын әліпбиіне көшудегі басты күш – мұғалімдерді оқытуды бастайды. Осы орайда үш тілді жетік меңгерген ұстаздарға басымдық беріледі. Себебі ағылшын тілін білетін адамға латын әліпбиін үйрену әлдеқайда оңай. Сондықтан, үш тілде қатар сабақ жүргізу қабілеті бар мұғалімдерге қосымша ақы төленгені дұрыс деп ойлаймын, - деген пікірімен бөлісті Б.Әйтімова.

Ұстаздар қауымы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік, шағын жинақты мектептер және тағы басқа мәселелерге байланысты сұрақтар қойып, тұшымды жауап ала алды. Әсіресе, шағын жинақты білім ордаларына ерекше мән берілді.

- Еліміздегі мектептердің 40 пайыздан астамы шағын жинақты. Қазіргі кезде осындай оқу орындарындағы мұғалімдердің жүктемесін азайтып, еңбекақысын көтеру қарастырылуда. Сонымен қатар, оқушыларға жағдай жасау, оларды тасымалдау мәселелері де үнемі назарымызда болады,-деді сенатор.

Бірғаным Әйтімова қос мектеп-тегі оқу үрдісімен, шәкірттердің тың жобаларымен, мектепте ұйымдастырылған қосымша сабақ-тармен де танысты. Әсіресе, №2 мектеп оқушылары Аружан Қайырова мен Айсұлу Төлегенованың гүл, лимон өсіру бағытындағы ғылыми жұмыстары, шахмат үйірмесі қызығушылық тудырды. Оқушылармен жүздескен депутат шәкірттер арманының орындалуын, биік белестерді бағындыруын тіледі.

- Ақсу қаласындағы екі мектепте болдық. Байқағанымыздай, білім беру жүйесі оң жолға қойылған. Бұған жыл санап «Алтын белгі» иегерлері қатарының артқаны, 2-6 жас аралығындағы бүлдір-шіндердің барлығы мектепке дейінгі біліммен қамтылғаны, материалдық-техникалық базамен жақсы жабдықталғаны, жоғары жылдамдықты интернет желісінің болуы айғақ. Ақсу шағын шаһар болса да, әлеуеті жоғары, - деп сапарын түйіндеді Б.Әйтімова.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА
Ақсу қаласы.

saryarka-samaly.kz