Осыған дейін «Сарыарқа» сауда үйінде өткізіліп келген жәрмеңкенің орнын ауыстыруға тұрғындар өтініші себеп болған.

Экологиялық таза өнім алуға асыққан жұрт таң сәріден аталмыш орынға ағыла бастады. Жәрмеңкеде қала тұрғындары мен қонақтарының азық-түлікті төмен бағаға сатып алуына кеңінен мүмкіндік жасалды. Тұрғындармен бірге бағаның тұрақтылығын бақылау мақсатында жәрмеңкеге облыс әкімі Болат Бақауов та келді. Әрбір азық-түлік нүктесін аралап, жұртшылықпен тілдесті.

Кейбір сауда алаңқайларында жұртшылық ұзақ уақыт кезекте тұруға мәжбүр болды. Әсіресе, сүт сататын сауда алаңдарының алдында халықтың қарасы қалың. Өйткені, жұртшылық тарапынан сапасы да, бағасы да көңілден шығатын сүтке деген сұраныс тым жоғары. Дегенмен олардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің жаңа орынға көші-рілгеніне ризашылықтарын білдіріп жатты. Бұл ретте аймақ басшысы Болат Бақауов жауаптыларға алдағы уақытта сүт сататын тағы бірнеше алаңқайды орналастыру керектігін айтты. Сонымен қатар, жәрмеңке аумағын әлі де ұлғайтып, «Квазардың» оң бүйірі жағына, Пахомов көшесінің бойына да бірнеше орын қарастыру қажет-тігін айтты.

Павлодар қаласының тұрғыны Раушангүл Серікбаева отағасымен ауылшаруашылық жәрмеңкесіне үнемі келіп, азық-түлік сатып алады. Ол жәрмеңкенің жаңа орынға көшірілгеніне риза екендігін жеткізді.

- Ауыл шаруашылығы жәрмең-кесінің ашық алаңда ұйымдасты-рылуы дұрыс деп ойлаймын. Себебі жабық нысандағы жәрмеңкеде ыңғайсыздықтар туындайтын. Кешенге көп адам жиналатындықтан, тауар сатып алу үшін таң сәріден кезек күтіп, ыстықтап, мазамыз қашып сауда жасайтынбыз. Оның үстіне ол орын қаланың шет жағында орналасқандықтан, жету қиын болатын. Енді бұл шешімге өте қуаныштымын. Жәрмеңкенің қаланың қақ ортасында орналасуы біз үшін өте ыңғайлы, - дейді Р.Серікбаева.

Жәрмеңкеде азық-түлік бағасы анағұрлым төмен болды. Мәселен, майдың келісі - 1500 теңгеден, үй қаймағының литрі - 900 теңге, шұжық өнімдері - 450-1200 теңге, жұмыртқаның ондығы - 220 теңгеден босатылды. Бұдан бөлек көпшілікке құс еті, көкөніс, ірімшік, қарақұмық сияқты басқа да өнімдер арзан бағамен ұсынылды.

Аймақ басшысы жәрмеңкенің ұйымдастырылуын оң бағалады. Тиісті мекеме басшыларына алда келе жатқан мерекелерде азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұруды тапсырды. Бұдан соң Болат Жұмабекұлы «Квазар» сауда үйіне барып, ондағы азық-түлік бағасын байқап көрді.

Айта кетейік, келесі жәрмеңке 1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күні өтеді.


Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz