Тәрбие – талбесіктен

«Ән – идеология, ән – ақыл-ой. Өйткені ән – өнер дариясының тереңінен теріп алған жақұты. Мен бұл жерде қазақ ақын-композиторларының балаларға арналған әндері туралы айтып отырмын. Ән арқылы жас буынды даналыққа, парасаттылыққа тәрбиелеуге болады. Егер туынды қазақтың сөз маржанын, ән сазын бойына жиған болса...».

Бұл – Назымбек Дүкенбайдың ән әлемі хақында айтқан пікірі. Ол - ұзақ жылдар музыка саласында жемісті еңбек етіп, балаларға арналған көптеген әндер жазған, музыканы оқыту, үйрету, сол арқылы балаларды ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке, махаббатқа тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін меңгеріп, тәжірибесімен бөлісіп, ән өнеріне бірден бір жанашырлық танытып келе жатқан үлкен ұстаз.

«Рухани жаңғыру» дейміз, рухани жаңғыруды балабақша-дағы, мектептегі өнер тәрбиесінен бастауымыз керек. Бұған дейінгі көнтерлі талғам-көзқарасты жібітіп, баланың жандүниесіне, жүрегіне қона қалатындай ақ шуақ әндерді үйрету керек. Онсыз тәрбие тәрбие болмайды» дейді тағы да пікірін нықтай түсіп. Алып-қосарымыз жоқ. Бұл – талайдан айтылып, жазылып келе жатқан мәселе, бүгіннің еш дәлелсіз ахуалы.

Иә, Назымбек Дүкенбай биылғы 28 қарашада 70 жастың белесіне шықпақ. Өмір сүру бар да, өмірді өкінбестей, өзіңе, еліңе пайдаң тиердей, ізіңді басқан толқын айта жүрерліктей етіп сүре білу бар. Осы тұрғыдан алғанда Назымбек ағаның өнер саласына, өскелең ұрпақты ұлттық музыкаға тәрбиелеу ісіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ол өнерге бейімін әлі оң-солын тани қоймаған сәби шағында- ақ байқатқан екен.

Әлі есімде

Сәби шақ демекші, Назымбек Дүкенбай 1948 жылы 28 қараша күні Аққулы ауданы Черное дейтін ауылда мұғалім Сәбит пен Мәркеннің отбасында дүниеге келген. Сәбит әке майдангер, 1939-1946 жылдар аралығында әскер қатарында болып, фин, Ұлы Отан соғысына қатысқан, Ленинград майданында жүріп, оркестр құрамында скрипкада ойнаған өнерпаз болыпты. Елге оралғасын мұғалім болды, «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» атағын иеленді.

«Әлі есімде, елуінші жыл-дардың ортасы, 6-7 жастар шамасындамын. Май ауданына екі пианино әкелінді. Бірін мектепке, екіншісін үйге түсірді. Сонда бір саусақпен халық әні «Сәулем-айды» пианинода ойнадым. Содан бастап музыкаға, әнге деген әуестігім басталды, ел іші «мандол» дейді, мандолина аспабында да ойнадым», - дейді Назымбек Сәбитұлы.

«Әке – балаға сыншы», қыра-ғыкөз ұстаз Сәбит Дүкенбайұлы Назымбегінің өнерге бейімдігін ерте аңғарып, баласы 8-сыныпты бітірген соң Павлодардағы музыкалық училищеге түсуіне ықпал етті, бала Назымбек осы оқу орнының үрмелі аспаптар бөлімінде білім алды. Оқып жүріп, 1964-1970 жылдарда облыстық қазақ мектеп-интернатында жұмыс істеді, 6-8-сынып оқушыларын үрмелі аспаптарда ойнауды үйретті.

«Әлбетте, ол кезде қазақ балаларының арасында үрмелі аспапта ойнайтындар жоқтың қасы. Бәрі есімде, сол жылдарда 1 Май мерекесіндегі шеруге қазақ балалары бірінші рет үрмелі аспаптармен шықты. Бұл балалар арасында үлкен серпіліс тудырды, - дейді ол.

– Маған балаларға музыкалық аспаптарда ойнатуды үйрету, жалпы, балалармен жұмыс істеу қатты ұнады».

1970-1974 жылдары Целиноград-тағы (қазіргі Астана) С.Сейфуллин атындағы педагогикалық институтқа түсіп, жоғары білім алып шықты. Жас мұғалім Б.Ахметов атындағы педагогикалық училищеге орналасты. Осы оқу орнында 29 жыл бойы еңбек етіп, қазақ топтарына музыкадан сабақ берді, халық аспаптар оркестрін ұйымдастырды, жетекшілік етті. 29 жыл бойы ондаған болашақ ұстазды музыкаға үйретті, өзі де шығармашылық тұрғыдан өсе бастады, көп ізденді... оқыды, музыкаға қатысты әдебиеттер жинады, зерттеумен айналысты. Ы.Алтынсарин атындағы облыстық мектеп-интернаттың бастауыш сыныптарында эксперименттік жұмыстар жүргізді, 1-4-сыныптарға авторлық балама бағдарламасын жасады, осының негізінде оқу әдістемелік құралдар жазды.

Алғашқы

«Алғашқы ән» деймісің? Иә, алғашқы ән...». Себепсіз салдар жоқ» деген рас. 70-ші жылдардың ортасында Аралбай Қасенов деген жолдас жігіт болды, студентпіз. Өмірден ерте кетті. Сол бір қызға ғашық болып, «Кімсің сен?» деген өлең әкелді. «Осыған ән жазшы» деді. Көп-көрім ән шықты. Осыдан кейін өзімді басқа қырымнан тани бастадым. Өз әлемімнен әуен іздейтін болдым. Өмір деген қызық қой... Студенттік кездегі алғашқы ән бар әндерімнің бастауы болды».

Содан бастап Назымбек Сәбитұлы 500-ден астам ән жазыпты. Оның 200-ден астамы балаларға арналған. «Балаларға арналған әндер», «Балаларға базарлық», «Балдәурен» атты ән жинақтары мен музыкалық-поэзиялық миниатюралар жарыққа шықты. Олардың көбінің сөзін павлодарлық ақындар – М.Әлімбаев, С.Баязитов, Қ.Смағұл, М.Әміржанов, т.б. жазды.

«2016 жылдан бастап мектептер оқу-тәрбие ісінде жаңа бағдарламаларға көшуде. Соларды оқып, танысып шықтым. Сол бағдарламаға 44 әнімді және 4 музыкалық-поэзиялық миниатюра, ол: «Менің Отаным», «Менің отбасым», «Мен және табиғат» атты тақырыптарға топтастырылған. Оның бәрін кітапша етіп шығармақпын» дейді ол. Әбден құптарлық іс. Қазіргі кезде балабақшалар мен мектептердің көпшілігіндегі (әсіресе жаңа жылдық) әндер сонау кеңес заманынан келе жатқан әндер. Тіпті жаңа жылдық шараларда өзге ұлттың ертегісі, музыкасы қойылып, балалар шала-шарпы қазақшаланған (мәтіні) әндерін шырқайтыны рас. Ал Назымбек Сәбитұлы айтқандай, баланы отаншылдыққа, елі, жерін сүюге тәрбиелейтін әндермен тәрбиелесе ұтарымыз көп болар еді ғой. Алайда...

«Біздің облыс көлемінде 400-дей мектеп және сонша балабақша бар. Солардың бәрінің дерлік пианиносы ескі, сынған немесе музыкалық қалпы өте нашар. Жаңасын сатып алу мәселесі қаржыға келіп тіреледі. Сондықтан музыка жетекшілері үшін кітапшамен бірге CD дискісін шығару керек. Оның бәрі ақша... Білім басқармасынан көмек сұрап едім, министрліктің рұқсаты керек, онда «Оқулық», сараптама деген бөлімшелері бар...» дегендей ұзын-арқау кең тұсауға салды. Елбасы Н.Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жайдан-жай ұсынған жоқ. Рухани жаңғыруды, міне, балабақша, мектептен бастау керек. Тәуелсіз Қазақстан, Отанды сүю, құрметтеу сынды ән, өлең, музыкамен тәрбиелеуіміз керек. Оған селқоспыз. Ән жинағы кітапшасымен CD дискісін оп-оңай пайдаланып, балаларға еш қиындықсыз жаңа әндерді үйретуге болар еді. Аймақта 200-дей кітапхана, мәдениет ошақтары бар. Оларды да осы тәсілмен жаңа әндермен қамтуға болар еді ғой. Қазақ өнеріне жанашырлық керек-ақ. Кезінде бірқатар ән жинақтарымды шығаруға обкомның 3-ші хатшысы болған В.Ф.Шершнева қолұшын берген еді. Орыс тілі басым болып, қазақтың ұлттық өнері кенжелеп қалған сол тұстары адамгершілігі мол В.Шершневаның қамқорлығы ересен болды» дейді ол. Қазақ өнерінің өркен жаюына, қазақ баласының ұлттық өнерден сусындап өсуіне осындай жанашырлық керек-ақ!

Ертең бүгіннен басталады

Назымбек Дүкенбай 2002 жылдан бастап С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде еңбек етуде, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, доцент, профессорлық дәрежеге жетті.

Жоғары оқу орнында да шығармашылықпен айналысты, әлденеше рет ашық сабақ, танымдық сабақтар жүргізді, семинарлар, конференциялар, біліктілік арттыру курстары, сайыстар, сондай-ақ жоғары оқу орындары арасында үздік музыка мұғалімі конкурс-фестивалін өткізді.

«Ертең бүгіннен басталады», өйткені кешегісіз бүгін жоқ. Елдің ертеңі жарқын болуы үшін ертеңнің тізгінін қолдарына ұстайтын бүгінгі балалар, жастардың ұлтжанды, ана тілін қадірлейтін, парасатты болуларын бүгіннен қамдау керек. Жаһандану дейміз, сол жаңа әлемге ұлттық руханиятымызбен, ұлттық болмысымызбен бармасақ, жұтылып кетеміз ғой. Сол руханияттың төрінен орын алатын бірден-бір сала - өнер, музыка. Көп жылдардан бері жоғары оқу орындарында орыс тілінен аударылған оқулықтарды пайдаланып келдік. Қазір Астанадағы «Шабыт» университетінде қызмет ететін қызым Гүлжанатпен бірлесіп 3 оқулық жаздық. Олар: «Музыка психологиясы», «Музыкалық білім беру теориясы» және «Педагог-музыканттың әдісна-малық мәдениеті», - дейді Назымбек Сәбитұлы.

Иә, ұстаздың бұдан басқа «Балабақша балалары және бастауыш сынып оқушыларына арналған әндер», CD диск, «Қазақ халқының әншілік дәстүрі: сөздік, аударма және түсініктер» (қосалқы автор - Гүлжанат Дүкенбай). Соңғы еңбек қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді. Сондай-ақ, ақын, ғалым Серік Елікбаймен бірлесіп «Қазақ хандығы тарихынан...» атты музыкалық-поэзиялық топтама жазды (қазақтың 4 ханы, 5 батыры және бүгінгі өмір туралы), оған қоса 4 әнді симфониялық оркестр мен хорға өңдеп жазды.

Назымбек Дүкенбай – бүгінгі таңда білім-білігі, тәжірибесі толыққан, шығармашылық тұрғыдан да зор жетістіктерге жеткен ұстаз-музыкант. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Заманауи Қазақстанның мәдени мұрасы – қоғамдық сананы жаңғырту, өскелең ұрпақтың рухани әлемін байыту, жалпыұлттық патриоттық тәрбие беру, ана тілін, салт-дәстүрін терең түсіндіріп, дамыту» тақырыбындағы міндеттерді жүзеге асырумен айналысуда.

Ол ана бір жылдары «Сарыарқа самалы» газетінде «Кел, халайық, домбыра үйренейік!» атты 10 сабақ өткізді, ол кейін кітапша болып жарық көрген болатын.

Назымбек Дүкенбайдың музыка саласына сіңірген еңбектері еленбей қалған жоқ. Ол ҚР білім беру саласының Құрметті қызметкері, ҚР Мәдениет қайраткері, «С.Торайғыров атындағы Алтын медаль», «Ыбырай Алтынсарин» медалімен және «Облыс алдындағы еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Танымал ұстаз-сазгер Назымбек Сәбитұлы жарты ғасырға жуық уақыт еңбек жолында, профессорлық қызметінде қажымай-талмай еңбек етіп келеді. Шәкірттері жолын жалғастыруда.

Жетпіс жастың желкенін кергендегі сәулелі ғұмыр жолы деген осы.

Жол ұзақ болғай!


Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz