Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ:

- Елбасы Жолдауында көптеген мәселелер айтты. Соның ішінде «Ауыл – ел бесігі» деген жоба ұсынды. Мемлекет басшысы ауылдың дамуына қашанда көп көңіл бөліп келеді. Атап айтсақ, 2003-2005 жылдары «Ауыл жылы» деп жарияланды, 2004-2010 жылдарға арналған «Ауылдық аумақтарды дамыту» бағдарламасы жүзеге асырылды. Енді ауыл мәселесіне үлкен жобамен қайта оралып отырмыз. Жуырда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ауыл – ел бесігі» жобасын таныстырды. Ендігі кезекте, оны жүзеге асырудың жолдары қаралуда.

Нұрсұлтан ШӘКІРОВ:

- Павлодар облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған концепция құрылды. «Сарыарқа самалы» газеті ұйымдастырған бүгінгі дөңгелек үстел отырысын пайдаланып, осы концепцияны бұқараға таныстырсақ па деген ниетіміз бар.

Бұл құжатқа сәйкес, жалпы саны 10 жобаны қолға алу жоспарланған. Атап айтсақ, «StartUp Ауыл» жобасы жүзеге асырылады. Оның басты мақсаты – елді мекен тұрғындарына кәсіп ашып, жүргізудің қыр-сырын үйрету. Ол үшін аймағымыздың табысты кәсіпкерлерін, сала мамандарын жұмылдыра отырып, семинар-тренингтер ұйымдастыру көзделген. Ауылда дәстүрлі мал шаруашылығы, жылыжай кәсібінен бөлек, ғаламтор желісі арқылы бизнес жүргізу тәсілдері де үйретіледі деп күтілуде.

Бұдан бөлек, «Туған жерге туың тік» және «Еңбек түбі - береке» атты жобалар да бар. Біріншісі, «Дипломмен - ауылға!» сияқты мемлекеттік бағдарламалар аясында ауылға жұмысқа барған жастарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Оларды баспанамен қамту, материалдық, әлеуметтік жағдайын жақсартып, жұмыстағы жүктемесін дұрыс реттеуді көздейді. Ал екінші жоба аясында ауыл жастарын еңбекпен қамту бағытындағы жұмыстар күшейтіледі.

Сондай-ақ, ауылға қажетті маман даярлау ісіне сол елді мекендегі табысты кәсіпкерлерді тартуды жоспарлап отырмыз. Ауыл жастарын жергілікті жердің мәселелерін шешуге жұмылдырып, азаматтық ұстанымдарын арттыруға бағытталған бағдарлама бар. Ол үшін белсенді ұл-қыздардың санатынан үкіметтік емес ұйымдар құру қажет. Туған ауылдарына және білім алған мектептеріне көмек қолын созатын түлектердің санын арттыруға күш салмақпыз. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, ауылдағы талантты жастардың өнерін шыңдап, елге таныту бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Ауылдықтарды бұқаралық спортқа тартып, тазалық шараларына белсене араластыру көзделген. Атап өтерлігі, облысымыздың ең мықты ауылын анықтау мақсатында байқау өткізіледі. Осы жобаларға қатысты алып-қосарларыңыз болса, ортаға тастасаңыздар.

Тоқтар БЕКСЕЙІТОВ:

- «Ауыл – ел бесігі» жобасын табысты жүзеге асыру - маңызды мәселе. Сондықтан, алдымен салаға жауапты мамандардың басын қосып, осындай дөңгелек үстел отырысын ұйымдастырып отырған «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымына алғысымды білдіремін.

Әрқайсымыздың кіндік қанымыз тамған мекен – ауыл. Бүгінде қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған да – ауыл. Сондықтан елді мекендерді дамытудың маңыздылығы жайында айтпаса да түсінікті. Ендігі мәселе, ауылды қалай қолдаймыз?

Әрине, облыстық ішкі саясат басқар-масының «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында құрған концепциясы назар аударарлықтай. Алайда мұнда көбіне жастар саясатына қатысты мәселелер ескерілген сыңайлы. Ауылдың жағдайын көтеруге қатысты жобалардың ауқымын тарылтуға болмайды. Бұл ретте, ауыл шаруашылығына қажетті маман даярлау ісіне ерекше назар аудару қажет. Бүгінде «шаруашылықтарда жұмыс істейтін білікті маман жоқ» деп көп шағым айтамыз. Олай болатын жөні бар. Біздің жоғары оқу орнымызда аграрлық сала мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттердің барлығы жүрек қалауымен келді деп айту қиын. Бұл мамандықты кездейсоқ таңдағандары бар. Сондықтан ертеңгі күні олардың барлығы ауылға барып, еңбек етеді деп айта алмаймыз. Демек, осы жұмысты бір жүйеге келтіру керек. Бұл бағытқа ауыл әкімдері мен жергілікті шаруашылық басшыларын жұмылдыру қажет. Олар мектептерде кәсіптік бағдарлау жұмыстарын жүргізіп, «Сен ауылға керексің!» дегенді әр түлектің құлағына құюы тиіс. Ауылда еңбек етуге ынтасы бар жастарға әкімдік, кәсіпкерлер тарапынан грант бөлу жағы қарастырылуы тиіс. Артынша, бұл гранттың өтемі ретінде ұл-қыздарымыз 5 жыл ауылдың көсегесін көгертуге атсалысуға міндеттелсе деймін. Сонда жастар ауылға қайтып барады. Мұндай тәжірибені облысымызда «Поляков» шаруа қожалығының басшысы сәтті жүзеге асырып жатқанын білемін.

Салтанат ТҰРАРОВА:

- Біздің мекемеде жылына бірнеше мәрте жастарға арналған бос жұмыс орында-рының жәрмеңкесі өткізіледі. Соңғы жылдары жұмыс беруші кәсіпкерлер тарапынан мал дәрігерлері мен зоотехниктерге сұраныстың артып келе жатқанын байқадық. Сондықтан ауыл түлектері арасында кәсіптік бағдарлау жұмысына мән беру керек екеніне толықтай келісемін. Ал бизнес бастау мәселесіне келер болсақ, өз тарапымыздан концепцияда ұсынылған «StartUp Ауыл» жобасын бірлесіп жүзеге асыруға дайынбыз.

Батырбек ҚОШҚАРБАЕВ:

- Ауыл жастарын шаруашылықтардағы жұмыспен шектеуге болмайды. Оларға заманауи ғылым-білімнің тетіктерін үйрету қажет. Елді мекендерде жаңа технологиялардың «тілін» үйрететін түрлі тренингтер ұйымдасты-рылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Гүлнар ИБРАЕВА:

- Жас мамандарды ауылға тарту бағы-тында қолға алынған жобалар өз нәтижесін беруде. Мысалы, облысымыз бойынша «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы аясында 3792 маман елді мекендерге жұмысқа жіберілді. Олардың 79 пайызы ауылда тұрақтап қалды. Көрсеткіш көңіл көншітерліктей. Алайда, ауылдың көсегесін көгертуге бұл аздық етеді. Жастардың бойында туған жерге деген сүйіспен-шілікті, ауылға деген қызығушылықты ояту қажет. Ол үшін, елді мекендерді бизнес жүргізудің қолайлы ортасына айналдыру қажет сияқты. Бүгінде кәсіп ашуға ниетті жастар баршылық. Тек бизнес бастаудың жолын білмейді. Ақпарат жетіспейді. Осы олқылықтарды түзетіп, ауылда кәсіп ашып, дөңгелеткендерге айтарлықтай жеңілдіктер жасалса, игі өзгерістер орын алар еді.

Атап өтерлігі, бүгінде жастардың «мен ауылға не бере аламын?» дегенді ойлайтын уақыты жетті. Себебі, қазір ауылға ат басын бұрған ұл-қыздарға мемлекет тарапынан жұмысқа орналасуға, үй алуға қолдау көрсетіледі. Қаржылай да көмек беріледі. Соның қайтарымы ретінде жастар да елді мекендерді дамытуға бар күш-жігерін жұмсауы тиіс.

Әнел ЕСЖАНОВА:

- Ауылдарда кәсіп ашу бағытында жұмыстар қазір де жүргізілуде. Атап айтсақ, «Бизнес-бастау» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында, кәсіп ашуға ниетті ауыл тұрғындарына тиісті деңгейде теориялық және тәжірибелік білім берілуде. Сондай-ақ, қаржылай қолдау көрсетіліп келеді. Биылғы аталған жобаны жүзеге асыруға бөлінген қаражат 97 пайызға игерілді. Демек, елді мекендердегі кәсіпкерлердің саны едәуір өсті.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ:

- Ауыл жастарына қолдау көрсететін кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан да қандайда бір жеңілдіктер ұсынылғаны жөн сияқты. Мысалы, шаруашылық басшыла-рының игі қадамы түрлі субсидияларды үлестірер кезде ескерілсе.

Қорыта айтқанда, ауылды жан-жақтан жұмыла көтеретін уақыт жетті. Осыған орай, тың жобалар мен жоспарлар іске асырылады деп күтеміз.


Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz