Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры (пікірі «Kazinform» ақпараттық агенттігінен алынды):

- Кәмелетке толмаған қазақстан-дықтарға 16 жастан бастап ата-аналардың тиісті рұқсатынсыз медициналық қызметтер алуына жағдай жасау қарастырылуда. Оның ішінде жасанды түсік жасату да бар. Бұл ерте ана атанатындар қатарын сиретуге ықпал етеді. Сондай-ақ, тастанды балалар санын да азайтуға әкелуі мүмкін. Қалаусыз жүктілік - балаларды тастап кету оқиғаларының себептерінің бірі. Заңнамаға енгізуді ұсынып отырған біздің нормамыз осы олқылықтың алдын алуға ескерту іспеттес. Соңғы кезде жасөспірімдер арасындағы қалаусыз жүктілік, жасанды түсік жасату деректерінің төмендеу қарқыны байқалады. Десе де, Еуропамен салыстырғанның өзінде цифрдың әлі де айтарлықтай жоғары екені аңғарылады. Біздің қадам ең алдымен ескерту, ақпараттандыру мақсатында қолға алынып отыр. Қазақстанда бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарда жекелеген заңды тұлғалар, жастар орталықтары жұмыс істейді. Олар психологиялық-әлеуметтік кеңес береді. Мұндай 105 орталық бар. Біздің мақсатымыз – жастарды осындай орталықтарға барып, кеңестік қызметтер, медициналық жәрдем алуына жетелеу және олардың репродуктивті денсаулығын қорғауға ықпал ету. Құқықтық тетіктері де заңнамада қарастырылған. Медициналық көмектің сапасына, әлбетте, медициналық қызметкер жауапты болады.


Айман ОСПАНОВА, №1 Павлодар облыстық перинаталдық орталығының басшысы:

- Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің ата-ананың рұқсатынсыз жасанды түсік жасатуға баруына түбегейлі қарсымын. Ол қанша жетілгенімен, оңы мен солын әлі толық салмақтай алмайды. Заң тұрғысынан да қайшылықтар аз емес. Себебі, біздегі заңнамада 18 жасқа толғандар ғана кәмелет жасында, өзіне-өзі жауап беретін азамат саналады. Енді бұл жасқа келмегендерге еркіндік беріп, өз білгенін істетіп қою қисынсыз. Заң негізінде ертеңгі күні ата-анасы келіп, наразылық танытса қайтеміз?! Жасанды түсік жасату - кәдімгі операция. Оның түрлі салдары болуы мүмкін. Бедеулікке, асқынулар мен әртүрлі қиындықтарға әкелуі ықтимал. 32 жылдық еңбек өтілім бар. Менің ойымша, мұндай ұсыныс ұтымсыз, тіпті қауіпті. Олай дейтінім, өрімдей жасөспірімдер «жүкті болсам, өзім-ақ барып алдырып тастауға құқылымын» деп жеңіл ойлап, жыныстық қатынасқа ерте түсіп кетпеуіне кім кепіл?! Меніңше, ерте ана атану, тастанды бала сияқты қоғамның келеңсіздіктерімен күресудің, алдын алудың басқа жолдары жетерлік. Соларды жетілдірген жөн болар.


Құралай БАРАИСОВА, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Министрліктің мұндай ұсынысын құптамаймын. 16 жастағы жеткіншек өзінің өміріне қатысты шешім қабылдай алады дегенге сену қиын. Мектеп жасындағы баланың жасанды түсіктің қаупі мен салдарын өздігінен бағамдай алуы да екіталай. Бұл ретте, мұндай шешім қабылдауға мәжбүр ететін жайттардың жолын кесуге әрекет етуіміз керек. Яғни, ең бірінші, тәрбиемізді түзеуіміз қажет. Қыздарымыздың ар-ұятын арттыруға әрекет жасалғаны абзал. Жастайынан ұл-қызымызға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіріп отыру олқы түскенде бүгінгідей келеңсіздіктер көбейетінін естен шығармаған жөн. Қазағымның «қызға қырық үйден тыю» жасайтыны да сондықтан. Міне, осы тыйымдар әлсіреп, қазіргі таңда жағаұстатар жағдайларға куә болып жүргенімізді ұмытпайық. Бұл дегеніңіз, үйдегі ата-ана, түздегі жандардың тәрбиесін күшейту керек. Жалпы, ұл-қыздың аяқалысы, жүріс-тұрысы әрдайым бақылауда болса, қадағаланса, қапы қалмаймыз деген ойдамын.


«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz