Әлқисса

Алдымен, биыл Павлодар облысының жемқорлық көрсеткіші бойынша ел көлемінде алдыңғы шептен табылуына «өлшеусіз үлес» қосқан шенділерге тоқталуды жөн санадық. Қолында билігі бар көптеген лауазым иелерінің қып-қызыл ақшаның құрбанына айналып, абақтыға айдалып жатқанын естіп, көріп жүрміз. «Дәніккеннен құныққан жаман» деп бекер айтылмаса керек. Бірақ оқығаны мен көргені көп билік тізгінін ұстағандар мен үлкенді-кішілі қызметі бар азаматтарға бұл мысалдар сабақ болмай отыр.

Ағымдағы жылы 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген айыппен Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бұрынғы басшысы ұсталғаны естеріңізде болар. Тағы бір топ шенеунік 13 жыл заңсыз зейнетақы тағайындап, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Зейнетке ерте шығарғаны үшін 1 млн. теңгеге дейін пара алған шенділер мемлекетке жалпы сомасы 120 млн. теңге шамасында залал келтірген. Павлодар ауданының құрылыс бөлімін басқарған А. деген азамат пара алғанын мойындап, үлкен көлемде айыппұл арқалап кетті. Ал Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Ұлттық бірыңғай тестілеу комиссиясына пара ұсынғаны анықталды. Жемқор-лыққа қарсы күрес Ұлттық бюросының Павлодар облысы бойынша өкілдерінің мәліметіне сүйенсек, «игі» іске бағытталған 3 млн. теңгеден астам қаражатты шенеунік жергілікті бірқатар мектеп директорларының көмегімен жинаған. Кейін бұл қаражат иелеріне қайтарылған көрінеді. Ал ағымдағы айдың басында «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының облысымыздағы филиалының басшысы мен оның орынбасарының үстінен жемқорлыққа қатысы бар деген айыппен қылмыстық іс қозғалды. Бұл – елді елең еткізген сыбайластық оқиғалар. Ал жұртшылықтың құлағына жете бермейтін де талай құқықбұзушылық бар.

«Сыбайластық әдетке айналып барады»

Жоғарыда аталған арнайы мониторингтік топтың өкілі Еркеғали Жанғазының айтуынша, елімізде халықтың тұрмысын, әл-ауқатын дамытуға бағытталған көптеген маңызды жобалар бар. Бірақ оның әуелгі жоспарлағандай нәтижесін халық көре алмай келеді. Себебі бұл мақсаттарға бөлінген қаражаттың көп бөлігі орта жолда талан-таражға түсіп кетеді. Бұл - кеңестік кезеңмен бірге келген, кейін қоғамға дендеп енген жемқорлық індетінің салдары.

- Тәуелсіздік алғанымызға 27 жыл болды. Көпшілік мұны әлі аз уақыт дейді. Бірақ осындай аз уақыттың ішінде жемқорлықты ауыздықтауға болатынын бізге, жалпы әлемге атақты саясаткер Ли Куан Ю басқарған Сингапур елі дәлелдеп берді. Ал Еуропада жемқорлыққа қарсы «жекпе-жекте» жеңіске жеткен скандинав елдерін атап өтуге болады. Олар аталған індетке қарсы күрестің ұтымды жолын таба білді. Ал елімізде, өкінішке қарай, бұл жағдай әлі де кемшін кетіп отыр.

Негізінде, «Малым - жанымның садағасы, жаным - арымның садағасы» деген қағиданы берік ұстанған қазақ қоғамында кеңестік кезеңге дейін жемқорлық болмаған. Біреудің ақысын жемек түгілі, өзіне тиесіліні елге таратып беретін халықпыз ғой. Қарапайым мысал, бала кезімізде қорадағы жылқы, ірі қара егізден төлдесе, онда сол егіз құлынның немесе бұзаудың сыңарын ата-әжелеріміз көршілерге бергізетін еді. «Бізге сол біреуі де жетеді, қанағат», дейтін үлкендер. Қазір «қанағаттың қарын тойдыратынын» мүлде естен шығарып алдық. Соның салдарынан «болған үстіне бола берсе екен» екен дейтін қоғам пайда болды.

Өкінішке қарай, бүгінде биліктегілердің кейбірі «Бұл - менің жерім, менің елім! Сол еліме еңбек етуім тиіс!» дегенді қаперінен шығарып алған сыңайлы. Себебі, ұлтына, жеріне жаны ашыған адам жемқорлыққа бармайды. Тағы бір ең үлкен кемшілік, шенеуніктер қазына қаржысына «бұл ешкімдікі емес» деп қарайды. Яғни, қазынадан қаражат жымқыру ұрлыққа жатпайды-мыс, - дейді қоғам белсендісі.

Е.Жанғазының пікірінше, бар мәселе заңға тіреліп тұрған жоқ. Бұл бағытта елдегі заң әлсіз деуге келмейді. Қытайды мысалға алайық. Күншығыс елінде жемқорларды ату жазасына кеседі. Сөйте тұра, сыбайластықтың тамырына балта шаба алмай отыр. Ал жоғарыда сөз еткен Еуропа елдерінде ату жазасына тыйым салынған. Бірақ жемқорлыққа қарсы күрес шаралары әлдеқайда нәтижелі. Сонда не істеу қажет?

- Алдымен, қоғамның түсінігін түбегейлі өзгерту керек. «Кез келген мәселе пара берсең оңай шешіледі» деген санаға сіңіп алған қате ойдан арылту қажет. Шағын мысал, қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салынды. Жұртшылыққа бұл мәдениетке жат, денсаулыққа зиян, заңға қайшы екені түсіндірілді. Нәти-жесі – айқын. Сол сияқты осы жемқорлықты да жеңе аламыз. Бұл ретте, Елбасының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мүмкіндігін кеңінен пайдалану керек сияқты. Оның мән-маңызына тереңірек үңілсек, қоғам санасын тек салт-дәстүр, өнер, тарих тұрғысынан емес, адамгершілік, адалдық тұрғысынан да жаңғыртуымыз қажет екенін түсінеміз, - дейді ол.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысындағы департаменті жанынан құрылған мониторинг тобының мақсаты - заң бұзушылықты анықтап, жазалау емес, алдын алу. Топ мүшелері түрлі мемлекеттік мекемелердің жұмысын тексеріп, олардың басшылықтарына жемқорлық тәуекелі бар тұстарға назар аудартады.

- Әрбір лауазым иесі пара көлемі 2 айлық есептік көрсеткішке дейін болса, әкімшілік жазаға, ал одан асса, қылмыстық жазаға тартылады. Бұл – өте тиімді шешім. Менен таныс ұстаздар: «Оқушымның ата-анасы бір қорап шоколад әкеліп берсе, оны неге алмасқа? Оның несі заңбұзушылық?», - деп сұрайды. Бұл – тұрмыстық жемқорлық деп білем. Жемқорлық осындай ұсақ-түйек сыйлықтардан, азын-аулақ паралардан басталады.

Мемлекеттік мекемелерге жүргі-зілген тексерулерден бір байқағаным, қолында билігі бар әкім-қаралар, өзге де мемлекеттік мекеме басшылары жемқорлыққа бастайтын жолды өздері қолдан жасайды. Қасақана қандай да бір құжатқа қол қоймай, түрлі себеп ойлап табады. Ақыры оның табалдырығын тоздырған адам «қойшы» деп қолын бір сілтеп, пара беріп, мәселесін оң шешіп алады.

Мониторингтік топтың тағы бір міндеті - жұртшылықтың құқықтық білімін көтеру. Бұл ретте, бізді мына бір жайт таңқалдырды. Аудандық, ауыл-дық жерлерде белгілі бір мекеменің басшысы болып отырған азаматтар кейбір заңбұзушылықтарға елеусіз дүние сияқты қарайды. Мысалы, өздері басшылық етіп отырған мекемеге жұмыс істемейтін адамды қағаз жүзінде ресми қызметші етіп тіркеп, соның жалақысын қалтасына басып отырады. Облыс бойынша мұндай оқиғаға бірнеше рет куә болдық. «Бұл қылмыс қой. Сіз жемқорлыққа жол беріп отырғаныңызды білесіз бе?» деп сұрасаң, «Онда тұрған не бар? Біз жылдар бойы осылай жасаймыз. Маған дейінгі басшылар, бухгалтерлер де осылай артық жалақы алған» деп еш саспастан жауап береді. Олар үшін бұл қалыпты жағдай сияқты. «Сіз бұл үшін жауапқа тартыласыз» десең, «Маған дейінгілерді неге соттамаған?» деп ренжиді. Күлесің бе, жылайсың ба?, - деп налиды Е.Жанғазы.

Мониторингтік топтың өкілдері тап болған «қызықтар» көп. Басшысына білдірмей, «бастық айтты» деген желеумен қатардағы қызметшілерден белгілі бір көлемде қаражат жинап алған пысықайлары да кездескен. Ал қатардағы мамандар үлкен басшыларынан «сіз шынымен ақша жинауды тапсырдыңыз ба?» деп сұрай алмайды. Міне, құқықтық тұрғыдан сауатсыздықтың қандай кемшіліктерге алып келетінін осыдан-ақ байқауға болады.

- Майқайыңда бір балабақшаға қатысты дау болды. Жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық мекеменің өкілдері аталған мектепке дейінгі мекеме жұмы-сына тексеру жүргізіп, кемшілік анықтап, 50 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Балабақша басшылығы бұл қаражатты өз ұжымынан жинап алуды жөн санапты. Біразы ақша қосқан, біразы қоспай, бізге хабар берді. Аталған елді мекенге барып, мәселенің мән-жайын анықтадық. Шынымен, осындай заңбұзушылыққа жол берілгені белгілі болды. Алайда балабақша директоры «мен ешкімнен ақша жинаған жоқпын» деп жалтарды. Ақыр-соңында ұжымнан жинаған қаражатын қайтартқыздық. Директор жұмысынан босатылды. Мекеме басшы-сының әрекетіне ашынып, ұжымның көнбістігіне, заңды білмейтініне өкініп қайттық. Дәл осындай оқиға кейін Екібастұз қаласында, Павлодар ауданында және тағы бірнеше өңірде қайталанды.

Тағы бір таң қалатыным, кейбір атқарушы билік өкілдері, аудан әкімдері қандайда бір кемшілік анықталса, «айта көрмеңіздерші» деп жалынады. Ешқайда жарияламауымызды өтінеді. Рейтингі үшін қорқатын сыңайлы. Өкінішке қарай, «Батпандап кірген ауру мысқылдап шығатынын» ұмыт қалдырамыз, - дейді қоғам белсендісі.

Атап өтерлігі, бүгінде жемқорлықтың алдын алуға бағытталған мониторингтік топтар барлық аудандарда құрылған. Бұл бастама өз нәтижесін беретініне үміттенеміз.

- Жемқорлардың басты қорқынышы – жариялылық. Сондықтан кімде-кім пара сұрағандарды жасырмай айтып отырса, қатарымызды жемқорлардан әлдеқайда тез тазартар едік, - деп есептейді Е.Жанғазы.


Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz