Бұл – Тәуелсіздік алғалы бері ұйымдастырылып келе жатқан Қазақстан кубогы додасында павлодарлықтардың өткізген 100-інші кездесуі. Жалпы, елімізде Кубок бәсекесінде 100-ден аса ойын өткізген екі клуб бар. Олар – біздің «Ертіс» пен алматылық «Қайрат» (109 ойын). Тағы бір мынадай қызықты деректі көпшілікпен бөлісудің реті келіп тұр. Қазақстан кубогы осымен 26-ншы рет ұйымдастырылды. Осы жарыстың бірде-біреуінен сырт қалмаған елімізде төрт клуб бар екен («Қайрат», «Ертіс», «Шахтер» және «Тараз»).

«Қайсармен» болған ойында бас бапкер Димитар Димитров негізгі құрамның ойыншыларына демалыс беріпті. Сондықтан бұл күні алаңға негізінен қосалқы құрамның ойыншылары шықты. Кездесудің 31-минутында Исмаэль Фофана есеп ашып, «Ертісті» алға шығарды. Екінші таймда қызылордалықтар таразы басын теңестіріп қана қоймай, есепте алға шықты. Думан Нәрзілдаев пен Елжас Алтынбековтің қанжығасы майланды. Ойынның аяқталуына бірнеше минут қалғанда Фран Джа Джедже «Ертістің» екінші голын соқты. Осылайша, негізгі уақытта итжығыс түскен командалар он бес минуттық қосымша таймда шеберлік байқасты. Матчтың 110-минутында Родриго көзге түсіп, павлодарлықтарға жеңіс сыйлады.

Қазақстан кубогының ширек финалына «Ертістен» бөлек, «Қайрат», «Жетісу», «Ақтөбе», «Шахтер», «Атырау», «Оқжетпес», «Ордабасы» клубтары өтті.

Фархат ӘМІРЕНОВ

saryarka-samaly.kz