2019 жылы аймақтағы суармалы алқаптың көлемі 4 есеге артады. Оған картоп пен көкөністен бөлек, жем-шөп дақылдары мен қант қызылшасын егу жоспарланып отыр. Соңғысы - біздің облыс үшін тың жоба. Облыс әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары Дәурен Махажановтың айтуынша, қант қызылшасын өңдеуге қатысты ірі іс келесі жылы қолға алынады. Атап айтқанда, Красноармейка ауылындағы Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясында қант қызылшасының тұқымы егіліп, сынақтан өтеді. Кейін суармалы алқаптарға да егіледі. Агроөнәркәсіптік кешенді дамыту бағытындағы осы және өзге де жоспарлар, өткен 10 айдағы істер облыстық әкімдікте өткен кезекті аппараттық жиында талқыланды.

Жыл басынан бері облыс аумағында құны 185,2 млрд. теңге болатын ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліпті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,8 пайызға көп. Десе де, Ақсу қаласы мен Шарбақты, Ертіс аудандарында өсімдік шаруашылығы өнімдерінің азайғаны байқалады. Жалпы, биыл 900,5 мың тонна дәнді дақыл жиналып, орташа өнімділік гектарынан 12,4 центнерді құрады. Қазіргі уақытта астық қабылдайтын кәсіпорындарда 127,6 мың тонна астық бар, оның 93,9 мың тоннасы – жаңа егін. Картоп пен көкөністер 718,7 мың тонна, мал азығы 1311 тонна жиналды. Олар сыйымдылығы 302,1 мың тонна болатын 124 қоймада сақталады.

Д.Махажановтың айтуынша, мал шаруашылығында оң өсім бар. Бұл ретте «Сыбаға» бағдарламасының орны ерекше. Сол арқылы 4 пайыздық мөлшерлемемен 15 жылға несие алуға болады. Жеңілдік мерзімі – 36 ай.

- Бүгінгі күні аталмыш бағдарлама аясында 3869 ірі қара мал басын көбейту бойынша өтініш мақұлданып, 426 бас сатып алынды. Жыл соңына дейін 3 мыңнан астам мал жеткізіледі. Сонымен қатар, 7128 қой алуға несие берілді. Железин ауданынан қой алуға бірде-бір өтініш түскен жоқ, - деді ол.

Экспорттық көрсеткіштер де атап өтілді. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы өнімі мен оның өңделген түрінің 301 мың тоннасы сыртқы нарыққа сатылыпты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есеге өскен. Павлодарлық бидай, күнбағыс, картоп, көкөніс, ұн және тағы басқа өнімдер Орталық Азия мен Ресей, Қытай елдерінің сауда орындарынан орын алды. Облыс әкімі Болат Бақауов отандық делдалдар арқылы экспорттамай, тікелей байланыс орнатудың тетіктерін қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар, аймақ басшысы ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу орындарының жұмысы көңіл көншітпейтінін білдірді.

- Аудан-қала әкімдері: «мынау біздегі өңдеу өнеркәсібі» деп, ауыз толтырып айтатын цехтар - тым ұсақ. Оларды ірі өңдеу орындары деп айтуға келмейді. Жұмысы мардымсыз. Сондықтан талдау жүргізіп, өңдеу өнеркәсібін өрлететін арнайы бағдарлама әзірлеу қажет, - деді Б.Бақауов.

Айта кетелік, қазіргі күні облыс аумағында 266 өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Жоспар бойынша, биыл тағы 18 өңдеу орны ашылуы тиіс еді. Бірақ іс жүзінде тек 10-ы іске қосылды. Есесіне, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны бар, сапасы жоқ. Облыстағы 124 кооперативтің 30-ы тұралап қалса, 51-і толық көлемде жұмыс істемей отыр. Мәселен, Железин ауданында 5 кооперативтің бірде-бірі кәсіпті дөңгелетіп әкете алмады. Павлодар қаласында 5 кооперативтің екеуі, Успен ауданында 12-нің бесеуі ісін тоқтатқан. Жергілікті басшылар мұны шикізаттың болмауымен, бағытты өзгертуімен және тағы басқа жағдайлармен байланыстырды. Облыс әкімі Болат Жұмабекұлы жұмыс істемейтін ауыл шаруашылығы кооперативтерін түбегейлі жабу керектігін қадап айтты.

Жиын соңында аймақ басшысы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға жауапты басшылар мен қызметкерлерге бірқатар нақты тапсырма жүктеді.

- Жыл басынан бері өңір шаруаларына қайтарымсыз 10 млрд. теңге субсидия, қаржы институттары арқылы 11 млрд. теңге жеңілдетілген несие берілді. Мұндай қомақты сома өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына міндетті түрде әсер беруі тиіс. Сондықтан осындай мемлекеттік қолдауға ие болған шаруашылықтарда ашылған жаңа жұмыс орындары, әлеуметтік жауапкершілік, төлейтін салық көлемі мен жұмысшылардың жалақысы туралы толыққанды ақпарат болуы керек. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының биылғы Жолдауында тапсырылған міндет – еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, суармалы алқапты ұлғайту, ауыл шаруашылығы тауарларын тікелей экспорттау, қант қызылшасын өңдеу жұмыстарына басымдық беруі қажет, - деп қорытындылады Б.Бақауов.


Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz