Жаңа үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағ-дарламасы аясында салынып, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына берілді. Жаңа баспананың бір шаршы метрі 121 мың теңгені құрайды, пәтерлердің жалпы аумағы - 40-48 шаршы метр. Аталған бағдарлама бойынша үй алу үшін тұрғындар пәтер бағасының 20 пайызын жинаған. Ал қалған соманы банк 5 пайыздық жылдық мөлшерлемемен беріп отыр.

-  Қазақстан Тұңғыш Президенті күні мерекесін үлкен қуанышпен қарсы алып отырмыз. Көптен бері баспаналы болуды армандап жүрген жерлестерімізге пәтер кілттерін беріп, қуаныштарына ортақ болудамыз. Бір кезде осы шағын ауданның құрылысы басталған кезде аз уақыттың ішінде осындай зәулім үйлер бой көтереді дегенге ешкім сенбеп еді. Елбасының қолдауымен дүниеге келген тиімді бағдарламалардың нәтижесінде бүгін соның куәсі болып отырмыз. 2021 жылға дейін барлық құрылыс жұмыстары аяқталады, - деді Болат Жұмабекұлы.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның Павлодар облыстық филиалының төрағасы Талғат Байыловтың сөзінше, жыл соңына дейін тағы 288 отбасы қоныс тойын тойлайтын болады. Бұдан бөлек 650 пәтерді пулға сатып алу үшін құжаттарды қабылдайды. Ал алдағы 2019 жылдың наурыз айына дейін 216 пәтер пайдалануға беріледі. Жалпы, Павлодар облысының әрбір 13-ші тұрғыны, яғни 55 мың адам «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы үй алуға ақша жинауда.

- Банктен есепшот ашып, тұрғын үй алу мақсатында ақша салушылардың қатары жыл санап артуда. Бізге ақша салғандардың барлығы үйлі бола алады. Талап бойынша ҚР азаматы немесе оралман мәртебесі болуы керек. Сонымен қатар, өтініш берушінің немесе отбасы мүшелерінің бірінде соңғы бес жыл ішінде жеке меншік үйінің болмағанын растайтын құжат керек, - дейді Талғат Байылов.


Т.МАРХАБА.

saryarka-samaly.kz